26.01.2011 00:11

 

Ұстаз өркені

1936 жылдың қыркүйегінде қазақ педтехникумының бірінші курсына түстім. Сол жылы Жаңасемейдегі жеті жылдық қазақ мектебін бітіргенмін. Мектеп жанында жатақханасы болғандықтан ауылдан оқу іздеп келген жастардың көбі-ақ мұндай басы-арқасы кең жерге орналасуға тырысатын. Жатақханада жатып оқуға дағдыланған маған қазақтың педтехникумында оқу алғашқы күннен-ақ ауыр тиді. Осындай дел-салдықпен жүрген кезімде "Семейдің өзінен орта мектеп ашылды" деген жақсы лақап ду етіп тарай бастады. Жатақханасының да барлығын білдім. Көп ұзамай мектептің бала қабылдап жатқанын да естідім. Менің іздегенім де сондай оқу орны болатын. Қазақ педтехникумынан шығып, ол кездегі №11 қазақ орта мектебінің 8-класына келіп орналастым.

Жатақханадан да орын берді. Қазіргі Совет және Комсомол көшелерінің бұрышында тұрған үш қабат сары ала үй оқитын мектебіміз, әрі жатын орнымыз болды.

Кластағы оқушылар Ақсу ауданы мен Үшарал, Павлодар, Өскемен, Қарқаралыдан келгендер еді. Оқушылардың жас шамасы 16 мен 18-дің арасы. Солайша Семей өңірінің ортасында ашылған орта мектептің 26 баласының бірі болып, сабаққа кірістім.

Алғашқы күндерде қазақ әдебиетінен бір татар әйелі беріп жүрген еді. Қазан айының орта шенінде:

 Бүгін сендерге басқа мұғалім береді,- деген мектептегі оқу ісі меңгерушісінің хабарламасын естідік. Ол жылдар Семейде институт бітірген адамдар некен-саяқ. Арнаулы мамандығы жоқ адамдар да сабақ бере беретін кез. Мұғалімдердің жиі ауысатыны бізді таңдандыра қоймайды. Әйтеуір, сағат бос өтпесе екен дейтін бәрімізде де ниет бар. Білімге ынтызарлық қай-қайсымызды болса да, қолымызға сирек түсетін кітаптарға үңілтетін уақыт, қазақша оқу құралдары жоқ. Үнемі конспект жазумен боламыз. Бірен-саран кездесетін кітаптар - өлең мен әңгімелер жинағы қолдан қолға зыр жүгіретін еді. Үшінші сабақ қазақ әдебиеті болатын. Қоңырау соғылысымен жаңадан келетін оқытушыны тосып, орын- орнымызға жайғастық.

Үнсіздікпен қанша уақыт өткенін білмеймін, есік ашыла берген кезде-ақ сатыр-сұтыр орнымыздан тұрып үлгердік. Сол қолына класс журналымен бірге бүктемелі портфель ұстаған орта бойлы келген жылы жүзді ақ сары жігіт келіп кірді. Байсалды ажарына орай жүрісі де салмақты, жайлап басып кеп мұғалімдер отырып жүрген үстелдің жанына кеп тоқтады.

- Амансыңдар ма?

Біз мұндайлық жылы шырайлы кездесуге үйренбегендіктен бәріміз ілгерінді-кейінді жапырласа үн қаттық.

Осыдан соң ғана ол қолындағыларын үстел үстіне қойып, бәрімізге түс тоқтата класс бөлмесін көзімен сүзіп шықты.

Біз оның әрбір қозғалысын мүлт жібермей бағып, қадала қарап қалғанбыз. Әдетте кейбір оқытушылардың мұндайлық жүздесуден қысылып тұратындары да кездесуші еді. Бірақ бұл жолғы кездесуіміз олай болған жоқ. Оқытушымыз жиырмадан жаңа ғана асқан жас жігіт екен. Өзін өкшелеп қалған оқушылар алдында бойын кең, байсалды ұстап, ажары салиқалы адаммен кездескенімізді паш еткендей таңдана да, таңырқай да, сүйсіне де қарауымызды әлі тоқтата алғамыз жоқ. Қара шашын милықты келген маңдайының екі шекесіне бөліп тарапты.

Кластағы оқушыларды тегіс шолып болғаннан кейін ғана:

- Шын атым Ғабдұлқайым, әкем аты - Мұхамедхан, -деп өзін таныстырды.

Осыдан кейін ғана орнына отырып, журналдағы тізім бойынша әрбір оқушының қай жерден кеп, қайдан оқығанымен таныса бастады. Әлден соң, кезек маған жетіп:

- Шыңғыстау ауданынанмын, - дедім. Осы бір сөзді естісімен ол маған барлай қарап алып:

- Абай ауылынан болдың ғой, - деді.

Ол кезде Абайды феодализмнің ақыны санап, оның өлеңдерін айтпақ түгіл данышпан атамыздың атын атауға да қорқатынбыз.

Жаңа келген мұғалімнің аузынан мұндай сөз естимін деп ойламаған менің маңдайымнан тер бұрқ ете қалды.

Күтпеген жерден тосын қойылған сұрақ оқушылардың назарын енді маған аударып, қысылғандықтан тынысым біткендей боп, жауап беруге батылдығым жетпей қалды. Менің үнсіздігім оқушыларды да әлде қандай бір белгісіз жайдан хабардар еткендей болса керек.

Ол жылдар қазақ әдебиетінің бағдарламасы дегенмен біз таныс емеспіз. Мұғалімнің күнделікті сабақта айтқанымен ғана шектелетінбіз. Қазақтың ақын-жазушыларымен бірге А.С.Пушкин, Н.В.Гоголь, М.Ю.Лермонтов шығармаларын да оқитын едік.

Әлі есімде, сол алғашқы сабағында ол А.С. Пушкиннің "Дубровскийі" туралы әңгіме қозғады. Повестің қысқаша мазмұнын айтып шықты да, ұлы орыс ақыны А.С.Пушкиннің Дубровский бейнесі арқылы өмірге көзқарасын сөз ете келіп, оны қазақ халқының тарихымен байланыстырып кетті. А.С.Пушкинді қазақ халқының Абай арқылы ерте білгенін сөз ете келіп, "Евгений Онегин" романына ойысты. Абай аударған А.С.Пушкин өлеңдеріне тоқталып, М.Ю.Лермонтов пен И.А.Крыловқа да соқты. Жап-жас жігіттің сөйлеу мәнері қайран қалдырды. Әлі бізге мағлұм емес көп жайлар түсінікті де орамды мағыналар тауып, көл-көсір әңгіме қозғалып, ойыңды алысқа мегзете берді. Жас шамаларымыз ересек болғандықтан ба, жоқ әлде әңгіменің қызғылықтылығы ма, әйтеуір сабақ үстінде мүлгіген тыныштық қана тұнып тұрды. Абай туралы алғаш рет көл-көсір әңгімені осы сабақ үстінде естумен болдық. Бір кезде мұғалім маған бұрылып:

- Сенің Абайға жақындастығың қандай, руыңды айтшы? - деді.

- Орнымнан қалай атып тұрғанымды да білмеймін, сасқалақтап:

- Құндызды деген жерденмін, - дегенімде ол:

-Туысың алыс болмады ғой онда, - деп қалды. Алғашқыдан әрмен қысылдым. Бірақ мұғалімнің өзі Абай жайлы бір сағат сөйлеген соң, бір себептен іштей қуанышты да едім. Қоңырау соғылды да, ол есен-саулық тілеген ишарат жасап, кластан шығып кетті. Осы кезде ғана біз бір-бірімізді енді көргендей күлімдесе қарасып, таңырқай да, таңдана да бас шайқастық. Басқа мүғалімдердің сабағында жиі болып жүрген қыбыр-сыбыр бұл сағатта сезілген де жоқ. Тынысты тарта әңгімеге құлақ түрген біздер енді-енді сөзге келдік.

Үзіліске шықпадық. Класс болып жаңа ғана айтылған әңгімелерді қайта жалғастырдық та, гу-гу сөз ұлғая түсті. Әскер қатарына шақырылып жүрген ақсулық Таңатов дейтін жігіт әзіл-шынын араластырып маған:

 Сен өзің ата-тегіңді жасырып жүр екенсің-ау, - деді. Қазіргі педагогика институтының үйінде сол жылы мұғалімдер дайындайтын курс жұмыс істей бастады да, соның негізінде екі жылдық мұғалімдер институты ашылғанды. Қайым алғашқы кезде бізге сабақ беруге келіскенмен кейін осы институтқа түскен ол өзінің уақытын сабақ беріп, ақша табудан гөрі білім алуға жұмсағысы келгенін білдік. Жата-жастана Мұхамедхановтың Семей интеллигентінің ортасында атағы шығыңқырап қалған ақын екенін де ести бастадым.

Осыдан кейін-ақ Қайыммен таныс болып, жақын жүру, пікірлесу мені қызықтыра берді. Ара-тұра "Екпінді" газетінің редакциясында өтетін әдебиет кештерінде кездесе жүріп, ендігі жерде білісуіміз аға мен іні арасындағы байланысқа қарай ауыса бастады.

1937-1938 және 1939-1940 оқу жылдарында Қайым бізге сабақ бере жүріп, әдебиетке бейім жастарды бауырына тартып, ұстаздық жолмен де, ағалық жөнімен де көпті үйретті.

1938 жылдың қысында мұғалімдер институтының шақыруымен әдебиет факультетіне лекция оқу үшін жазушы Сәбит Мүқанов пен сыншы Есмағамбет Ысмайыловтар келіп, Семейде бір-бір айдан болып қайтқанды.

Біздің мектептегі кездесуде "Майбұлақтан-Мәскеуге" дейтін Жамбылға арналған поэмасын оқыған Сәбит Мұқанов:

- Орталарыңда Қайым Мұхамедхановтай өресі биік ұстаздарың бар екен. Тек оның шәкірті бола біліңдер, - деді бізге. Асырып айтқандығым емес, мен әдебиетке құмарлықты Қайым Мұхамедхановтың мектепте берген сабақтарының әсерінен алдым.

Қайым мұғалімнің сабағы болатын сағатты біз асыға күтетінбіз. Оның басты себебі, сабақ көлемінде ғана қалып қоймай, тынысы кең тақырып оқиғаларының байлығымен өзіне тартып отыратын. Тоғызыншы және оныншы кластарда біз оған, ол бізге әбден бауыр басып алыстық. Қайым басқа мұғалімдердей күнде сабақ сұрай бермейтін. Ол да біздің білімге ұмтылысымызды біліп, үнемі соны пікірге қарай сабағын бейімдеуге тырысатын. Оқу құралымыз болмаса да Қайымның сабағын класс болып тек "жақсы", "өте жақсыға" ғана үлгеретінбіз.

Оқытушының кең тынысты сабағы біздің өз бетімізбен әзірлік жасап, ізденуімізге де бағыт беретін. Баршаға мәлім, 1937 жылдан кейін Абайды танудың жаңа дәуірі басталды да, Қайымның сабақтарында Абай басты тұлға, алтын діңгек есебінде уағыздалды. Бір орайы келгенде ең алғашқы сабағында Абайды не себептен көбірек айтып, А.С.Пушкинмен байланыстыра сөйлегенін сұрағанымызда:

- Ол менің өз түсінігім ғой, - деп қана сараң жауап қайтарды.

Сол отызыншы жылдардың өзінде-ақ Қайым Семей өңірінде қазақ әдебиетін жетік білетін бірден бір адам болып көзге түсті. Тек қазақ әдебиетінің ғана білгірі емес, орыс әдебиетін де жақсы білетін озық ойлы қазақ интеллигентінің бірі болып, білімнің биік тұғырына көтерілді. Семейге келген Всеволод Ивановтан бастап, барлық орыс жазушылары да онымен кездеспей қойған жоқ. Татар, Башқұрт, Әзербайжан сияқты халықтар әдебиетінің таңдаулы өкілдерінің шығармаларынан да кең мағлұматты біз Қайымнан алдық. Мұхтар Әуезовтей ұлы жазушымен оның достығы бізге ерекше әсер етті. Біз бағдарлама бойынша өтетін Советтік Қазақстанның ақын-жазушыларымен Қайымның тікелей араластығы оның сабағының ерекше мәнді болып өтуіне ықпал жасамай қойған емес. Тіпті мектепте жүргеннің өзінде-ақ Қайымша сөз сөйлеуге, мәдениетті жүріп-тұруға тырысқандарымыз аз болған жоқ. Бәріміз де әдебиетші-ұстаз, әрі ақын болуға ұмтылып бағыстық. Қайым басқаратын әдебиет үйірмесіне жиналғандарға отыратын орын жетпейтін. Кейде басқа техникумдардағы қазақ жігіттері де қатысушы еді.

1942 жылдың күзінде соғыстан ауыр жарақаттанып елге оралғанымда Қайым пединститутта сабақ береді екен. Менің институтқа түсуіме көмек жасады да, өзінің әдебиеттен оқитын лекцияларын үзбей тыңдауға кеңес етті.

Екі балдақпен жүрген соң көп жағдайларда сабақ босататынмын. Сол кездерде ол менің өзіме уақытын бөліп, жекелеп лекция оқып та жүрді.

Қ. Мұхамедхановтың лекциясын институт аудиториясында тыңдаған кезімде мектептегі дәріс алған жылдарым да ойыма оралмай қойған емес. Ол қазақтың ауыз әдебиеті мен Абайтану ғылымының аса жетік маманы болып танылды. Таңдаулы саналатын ғалымдар да Қайыммен есептесетін. Оның лекциясын тыңдаған кезіңде өзіңді бір биік тұғырға көтерілгендей сезінесің. Қайым студенттердің қойған сұрақтарын келер күнге қалдыратын ұстаз емес, ол кез- келген жерде, кез- келген сұраққа мүдірмей, дәлме-дәл жауап беретін энциклопедиялық зор білім иесі. Соғыс жылдарында көшірумен келген Харьков университетінің көптеген ғалымдары мен профессорлары пединститутта лекция оқып, Қайыммен бірге жұмыс істеді. Сонда солардың қай-қайсысы болсын оның ұстаздық, ғалымдық еңбегіне тәнті болушы еді. Профессор Нечаев бірде студенттер алдында:

 Мұхамедханов жолдас Семейдегі қазақ интеллигенттерінің жұлдызы, - деп әділ баға бергенін естідім. Мұхтар Әуезовке ұстаз болған Игнат Яковлевич Малаховқа орыс әдебиетінен менің де емтихан тапсыруыма тура келген еді.

Бірде ол да Мұхамедханов туралы:

- Орыс әдебиетінен түсінбейтін сұрағың болса, жауап береді. Екі тілді бірдей меңгерген маман адам, - деп жылы лебіз білдіргенін ұмытқан жоқпын.

Мен Алматыға барған сайын Мұхтар ағаның Семейдегілерден сұрайтын бірінші адамы Қайым болушы еді.

 Ол ұстаздарға да ұстаздық етіп жүрген ойлы азамат, -деп сан рет еске алғанының куәсі болдым.

Мен өзім көрген Қайымның ұстаздық жолындағы бір ерекшелігі - оның күнделікті ізденімпаздығы. Бүгінгі лекциясына осы тақырыпта жасайтын басқа лекцияларының ұқсастығын көрген емеспін. Әрқашан да тың деректер мен мағлұматтар жиі ұшырасып отырады.

Қайымның ұстаздық жолындағы тағы бір ерекшелігі оның кішіпейілділігі мен қарапайымдылығы. Денсаулығыма байланысты институттың мемлекеттік емтиханын күзгі бітірушілермен бірге тапсыруыма тура келді.

Жататын орнымның қолайсыздығын көрген ол мені екі ай бойы үйінде сақтап, институтты бітіріп шығуыма қамқорлық жасады. Оның ұстаздық еткен жылдарында мұндай деректер аз ұшыраспағанын жақсы білемін.

Талай ұстаздардың алдын көрген шығармын. Бірақ солардың бірде-бірі Қайым Мұхамедхановтай ыстық әсер еткен жоқ.

Семейдің пединституты республикамыздағы байырғы оқу орындарының бірі екенін ескерсек, Ертіс өңірінің ұстаз атаулысы Қайымға бір соқпай өтпеген болар.

Ол - өзінің жерлес ұлы ұстаздарының қара шаңырағында табан аудармай ұлан-ғайыр еңбек еткен ұстаз.

Қайым туралы сөз = Слово о Каюме: сб. воспоминаний / Құраст. Қайым Мұхамедхановтың отбасы; жауапты ред. Ғ.Қабышұлы // Ұстаз өркені / К.Оразалин. -Астана: Фолиант, 2006. - Б. 40-47.