25.01.2011 23:46

 

Жұлдызға апаратын жол...

Қайым Мұхамедхановтың туғанына - 95 жыл

Жазушы және ғалым, ұстаз және ағартушы, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, құрметті профессор Қайым (Ғабдулқайым) Мұхамедханов 1916 жылдың 5 қаңтарында отызыншы жылдары репрессияға ұшыраған бай-меценат Мұхамедхан Сейітқұловтың отбасында дүниеге келген.

Көп жылдар шәкірті, қызметтесі болғандықтан бұл өзгеше дүниеге келген, тіпті өзіндік "қиқар" мінезі бар, энциклопедиялық білімге кенелген, ғажайып еңбекқор және сирек кездесетін талантты адамның қиыншылығы асып түсетін әрі жемісті, қызықты, ал, жалпы алғанда бақытты өміріне әжепгәуір қанық болдым.

Алғаш рет Қайым Мұхамедханов ұстазды филология факультетінің бірінші курс студенті болып жүргенімде 1956 жылы көрдім. Бір күні курстас жолдасым алдымыздан өтіп бара жатқан үлкен портфелі бар жас қазақ оқытушысына таңдана қарап тұрып, алқына сыбырлады: - "Жазушы, драматург, ғалым" деп.

Ең алдымен менің көзіме ұрғаны ерекше әдемі сырт бейнесі мен байсалды да, түзу жүрісі. Біз Қайым Мұхамедханұлын үнемі қара костюмде және жағасы крахмалданған ақ көйлекпен, галстук тағып, әрдайым әдеміленіп, сыпайы жүретінін көретінбіз. Мысалы, ең алғашқы жәй сыртқы көрінісінің өзі соншама әсерлі де тұрақты пікір тудырып, мәңгі есте қалдырады екен. Қайым ағайдың осы бір өнегелі әдебіне әрбір шәкірті еліктейтін. Дәл сол кездерде Қайым (Ғабдулқайым) Мұхамедханов ешбір айыпсыз, әділетсіздікпен 25 жылға сотталған соң, көп уақыт хайуандық қиыншылықпен темір тордың аржағында отырып, әйтеуір босап, оралған екен.

1952 жылдың мамыр айында Абай мұражайының директоры және пединституттың оқытушысы Қайым Мұхамедханов Қазақ КСР Жоғарғы сотының шешімімен ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылған екен. Сонан екі жарым жылдан кейін "Абай мектебі" үшін қатты жазаланған Қайым Мұхамедханов толық ақталып, өзінің аңсаған ұстаздық және әдеби шығармашылық қызметіне құлшына қайтадан кірісіпті. Дәл сол кездерде ақын Қайымның көп жылдар, тіпті өмір бойы, жасырып жүрген мына өлең жолдары туса керек:

Дер едім сонда дүние арманым жоқ,

Тағдырға таба болып қалғаным жоқ.

Көрсеттің корлығыңды, зорлығыңды,

Кеудемнен жүрегімді алғаның жоқ.

Өр зорлықпен басымнан еркімді алдың,

Әжім салдың бетіме, көркімді алдың.

Аңқылдап ақ көңілмен алданбасқа,

Аузымнан айнымайтын сертімді алдың.

Отқа салдың, отырдым жігер қайнап,

Тордағы арыстандай көзім жайнап.

Шыңдалып шымболаттай шықтым, міне,

Отырмын өзіңменен күліп-ойнап.

Міне, осы уақытта біз 50-ші жылдардың студенттері, алғашқы рет бақыт құсы қонып, еркіндікке шыққан және еренғайып шығармашылық ойлармен қанаттанған қырық жастың мөлшеріндегі Қайым Мұхамедхановты көрген екенбіз.

Жарты ғасырға жуық аралықта Қайым ағаймен және оның жанұясымен мейлінше тығыз қарым-қатынаста болып жүріп, мен бірнеше рет заңсыз сотталуы туралы сауалдар қойғаным бар еді, бірақ ол кісі ылғи, көзін алайта зекіп, оны қайтесің дөп, мардымды ештеңе айтқан емес. Кейіннен тек қана 2000 жылы, өзінің 85 жылдық мерейтойының қарсаңыңда Қайым аға тіс жарып, теледидар арқылы жұртқа ақтарыла, онда көрген қиянаттары туралы ашық айта бастады.

Ғабдулқайым ағай мен ардақты ана Фархинур апай он баланы тәрбиелеп өсіріп, аяқтарынан тік тұрғызған жандар еді. Ол балалардың бесеуі, әке жолын қуып, педагог мамандығына ие болды. 1990 жылы Дина Ғабдулқайымқызы Ленинградта (қазір Санк-Петербург) педагогика ғылымдарының кандидаты атағын алу үшін диссертациясын ойдағыдай қорғап шықты. Онан соң ол АҚШ -та Бостон университетінде оқып, магистр деген ғылыми атаққа ие болды. Қазір профессор болып жүр. Бұл жерде қоса, айта кетейін дегенім келіндері Алмагүл Кеңесханқызы Мұхамедханова -доцент, тарих ғылымдарының кандидаты және 2004 жылдан қайта ашылған Семей пединститутында проректор қызметін атқарды. Қазір ол докторантурада.

Қайым Мұхамедханов өмірбаянының көп жағдайлары, тіпті түгелдей десе де айтарлықтай, туып өскен жанұясынан басталады. Жаңа-Семейдегі әкесі Мұхамедхан Сейітқұловтың үйі революцияға дейінгі дәуірде жергілікті оқымыстылардың және мәдени сала адамдарының тоғысатын орнына айналған. Бұл үйдің қабырғаларына әдеби рух сіңісті болған деуге әбден лайық, себебі мұнда бір кездерде ұлы Абай атамыз болған екен, ақын-гуманист, ойшыл-философ Шәкәрім қажы табалдырығын аттағаны мәлім. Әр уақытта бала Қайым өзінің әкесінің қасында Мұхтар Әуезов, Көкбай Жанатаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов секілді ірі тұлғалы қазақ арыстарын көріп өсіпті. Осының барлығы кейіннен Қайым Мұхамедхановтың үлкен синкретикалық дарынының кеңінен құлаш жаюына септігін тигізгені аян. Сол жас кезінде бұл үйде Мұхтар Әуезов тұңғыш "Ес аймақ" мәдени үйірмесі қойған сахналық ойындарының репетицияларын өткізіп тұрыпты.

Бала кезінен таныс болған Қайым Мұхамедханов ұлы жазушы және ғалым, ірі қоғам қайраткері Мұхтар Омарханұлы Әуезовпен отбасы достығының эстафетасын әрі қарай жалғастырып әкетті. Кейіннен осы қаламдас ағасының кеңесімен жігерлі де ізденімпаз жас Ғабдулқайым тынымсыз еңбектің арқасында Абайдың балалары Ақылбайдың, Мағауияның, Тұрағұлдың, оның замандас шәкірттері Әсеттің, Шәкәрімнің, Әріптің, Көкбайдың және ізбасарлары Ахмет Байтұрсыновтың, Жүсіпбек Аймауытовтың, Міржақып Дулатовтың, Мағжан Жұмабаевтьң және т.б. өмірі мен шығармашылығын зерттеумен ұқыпты шұғылданады.

1995 жылы "Атамұра" баспасы Қ. Мұхамедхановтың "Абай мұрагерлері" деген атпен ұлы ақынньң тоғыз замандас шәкірттері мен ізбасарлары туралы очерктер мен мақалалар енген кітапты таралымы он мың данамен жарыққа шығарды.

Өзінің ғылыми-зерттеу еңбектерінде Қайым Мұхамедханов қазақ әдебиетінің шеңберімен ғана шектелген емес. Оның қаламынан Пушкин, Лермонтов, Тарас Шевченко, Әлішер Науаи, Ғабдулла Тоқай т.б. туралы мақалалар туындады.

Сонымен бірге жас әдебиетші-ғалымның жадынан халық ақындары Төлеу Көбдіков, Сапарғали Әлімбетов, Нұрлыбек Баймұратов, Шәкер Әбенов, Тәңірберген Әміренов тағы басқаларының шығармашылығы тыс қалған жоқ. Білімі тек қана қазақ әдебиеті ғана емес, сондай-ақ орыс, батыс Еуропа және Шығыс әдебиеті тарихынан толықтырылғаны Мұхамедхановтың әр жанрлық шығармашылығына көп әсерін және көмегін тигізді.

Фольклор туындыларына байсалды да айнымас қызығушылығы, атап айтқанда, «Бөгенбай батыр», «Қабанбай батыр», «Мамай батыр» және халық ақындарының жырларына заңды түрде қазақдаласының ХVI ғасырдағы айбынды қоңырауы іспеттес Бұқар жыраудың шығармашылығын түбегейлі зерттеуге әкеліп тоғыстырды.

Шәкәрім Құдайбердиев қазақшаға А.С.Пушкиннің "Дубровский", "Метель" атты шығармаларын өлең сөзбен дастандар түрінде аударғаны белгілі. Осы дәстүрді жалғастырып, Мұхамедханов кезінде Н.Карамзиннің "Бедная Лиза" туындысын "Сормаңдай Лиза" деп өлеңмен аударып шықты.

Өткен ғасырдың 40-шы жылдары Абай атындағы Семей облыстық театрының сахнасында оның аудармасымен Узаир Гаджибековтың "Аршин мал алан" деген сазды комедиясы қойылған еді.

Қайым Мұхамедхановтың "Комиссар Ғаббасов" атты тарихи драмасы Абай атындағы театрдың сахнасына әртүрлі редакциямен еліміздің екі жетекші режиссерлары, Қазақстанның халық артистері Байтен Омаров пен Есмұқан Обаевтың басқаруларымен 1960 және 1980 жылдары екі мәрте қойылды.

31

32

 

Ахмет Байтурсынов Әлихан Бөкейханов

Қайта құру мен жариялылық кезінде Қайым ағай, қанатын кеңінен жайып, шығармашылыққа қайтадан самғағандай болды. Ал, Қазақстан егемендік алғаннан соң оның отызыншы жылдары аяусыз репрессияға ұшырап, енді толық ақталған қазақтың ағартушы - ғалымдары, ақындары мен жазушылары Сәкен Сейфулин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев т.б туралы әркім сақтай алмайтын да сирек кездесетін фотосуреттері мен салиқалы және мазмұнды мақалалары "Семей таңы", "Қазақ әдебиеті" газеттерінде, "Абай" мен "Жұлдыз" журналдарында жарияланып жатты.

33Жазушы және ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Қайым Мұхамедхановтың жарты ғасырдан артық шығармашылық және ғылыми-зерттеу еңбегі бойынша үш-ақ кітапты бастырып шығаруға шамасы келді. Олары -"Комиссар Ғаббасов" атты пьесалар жинағы (1985), "Мағауия Ибрагимұлы Құнанбаев. Өмірі мен шығармашылығы" және "Абай шығармаларының текстологиясы" (1959) деген монографиялары.

ЮНЕСКО деңгейінде өтетін болған Абай Құнанбаевтың 150 жылдық мерейтойына байланысты республикалық "Абай" қорының тікелей қатысуымен жетпіс жеті жастағы Қайым Мұхамедханұлы, өзінің барлық күшін жинап салып, ұқыпты дайындап, "Дәуір" баспасынан "Абайдың ақын шәкірттері" деген жалпы атпен төрт кітап шығарды (1993, 1994, 1995 және 1997 жылдары). Осы құнды туындылардың жарық көруіне ұйытқы болған республикалық «Абай» қорының қосқан үлесін айрықша айтқым келеді.

Айта кету керек, Қайым Мұхамедханұлы бүкіл саналы өмірі бойы өзінің қисапсыз еңбекқорлығы мен ұшы-қиыры жоқ зерттеу жұмысының арқасында Абайдың көптеген ақын-ізбасарларының баға жетпес туындыларын мерзімді баспасөз беттерінде жариялау арқылы халқына қайтарып, қазақ әдебиеті тарихынан тиісті орындарын алғызды, соңынан өзінің тетрологиясына енгізді. Кейіннен Қайым Мұхамедханов Семейдің Құрметті азаматы атанды (1987), Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының, Халықаралық Абай атындағы сыйлықтың иегері болды (1996), профессор лауазымын алды. Ол ірі Абайтанушы ретінде өзінің тиісті орнын "Абай" энциклопедиясынан (1995) алды.

Осы мақаламның соңында, менің ойымша, бір құпия сырдың бетін ашатын мезгіл жеткен секілді. Өткен ғасырдың 80-ші жылдарының бір кешінде Қайым аға телефон арқылы үйіне шақырды. Пәтеріне келіп, жұмыс бөлмесіне кіргенімде үстелдің үстінде жатқан көптеген папкаларды, газет қиындыларын, әртүрлі құжаттар мен хаттарды көрдім. Сол мезетте Қайым ағай байыпты да салмақты дауысымен менің мұнда бүгін түнімен болатынымды, орыс тілінде Алматы мен Москвадағы жоғарғы үкімет орындарына екі төтенше жауапты да ерекше мазмұнды хаттарды дайындайтынымызды жеткізді. Байқаймын, Қайым Мұхамедханов қажетті материалдарды жинап алып, жалған айыппен 1931 жылы атылып кеткен Шәкәрім Құдайбердиевтің мейлініше ақталу ісіне түбегейлі кірісіп, оның баға жетпес және мәңгі өлмейтін творчестволық мұрасын жариялауға кеңінен жол ашып, халқына қайтарылуына атсалысуға бекем бел буған екен.

Ұстазымыз Қайым Мұхамедханұлына Абайдан кейін қазақ әдебиет тарихында ең қадірменді және пір тұтатын ақыны Шәкәрім Құдайбердиев (1858-1931) екені маған бұрыннан белгілі болатын. Жоғарыда айтылған ресми хатта құрастыру үстінде Қайым Мұхамедханов жинаған мәліметтер ішінен ойымда қалғаны, тіпті көкейімнен кетпейтін орыстың ұлы жазушысы, дүние әдебиетінің классигі Лев Толстойдың Шәкәрім қажыға жазған жауабының үзінділері.

Содан Орталық газеттерде Шәкәрім атамыз толық ақталғаны туралы қаулы басылып шыққанда, оның ішінде біздің ардақты ұстазымыз Қайым Мұхамедханұлының хатынан таныс жолдарды кездестіріп оқығанда төбем көкке жеткендей болып еді.

Аяулы ардагеріміз Қайым Мұхамедханов 1994 жылы, 88 жасын толтырып, өзінің соңғы сапарына Семейдің Шәкәрім Құдайбердиев даңғылымен аттанғанында үлкен символикалық мағына бардай иландырады.

Міне содан бері алты жарым жыл уақыт өтіп кетіпті. Қ.Мұхамедхановтың баға жетпес мұрасын насихаттап ауыз толтырып айтарлықтай атқарылып жатыр. Ссңғы жылдары естеліктерден құралған екі том кітап жарық көрді. Сегіз томдай өзінің шығармалар жинағы басылып шығып жатыр. Дина Ғабдұлқайымқызы басқаратын "Қайым Мұхамедханов атындағы білім және мәдениет орталығы» қоғамдық қоры жұмыс істеп жатыр. Абайдың 165 жылдығы, Қайымның 95 жылдығы, Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында мүсінші Оразамбай Бекбаевтың жобасымен "Қайым Мұхамедханов" деген үлкен композициялық ескерткіш ашылды. Жұлдызды жол осылай болмақ...

Сұлтанбеков, М. Жұлдызға апаратын жол... //Семей таңы. - 2011. -11 қаңтар. - 3 б.