24.01.2011 20:38

 

Мол әдеби қазына иесі

(Қайым Мұхамедхановтың қазақтың ғылым мен мәдениетіне қосқан үлесі)

...Үңілгеннің өткенге көзі жетпек,

Надан болсаң кімдерге сөзің өтпек.

Академия бір өзі Семейдегі -

өзі музей, өзі архив, өзі мектеп.

Несіпбек Айтов

Қайым (Ғабдулқайым) Мұхамедханов 1916 жылы 5 қаңтарда Ертіс өзенінің сол жақ жағалауындағы «Заречная Слободкада» (қазіргі Жаңасемейде) дүниеге келді. 1938 жылы Семей педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түсіп, 1914 жылы бітірген. Әдебиет пәнінің мұғалімі, Абай мұражайының директоры қызметін атқарған. 1940 жылдан Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. "Абайдың әдебиет мектебі" тақырыбына кандидаттық диссертация қорғаған (1951). Ұлы Отан соғысына қатысқан. Әдебиетке 1930 жылдың орта шенінде келген ол алғашында өлең-жырлар, драматургия жанрында бірқатар шығармалар жазды, тәржімә жасаумен де көбірек шұғылданды. Әдебиет зерттеуші ғалым ретінде Абай мұрасының текстологиялық зерттеулеріне мол үлес қосты. Абай төңірегіндегі атақты әншілер: Көкбай, Ақылбай, Мағауия туралы, өткен заманның кейбір мұралары жайында зерттеулер, көлемді мақалалар жазды. Семей қаласындағы Абайдың әдеби-мемориалдық мұражайын ұйымдастыруға белсенді атсалысты.

31947-1951 жылдары мұражайдың алғашқы директоры болды. 1951 жылдың желтоқсанында 25 жылға халық жауы ретінде сотталды. 1955 жылы ақталып шықты. Оның қаламынан М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы жайлы: «Ұлы заманның ұлы жазушысы», «Қаламгердің қолжазба мұрасы жайында», «М.О.Әуезов - семинарист» Пушкин, Лермонтов, Тарас Шевченко жайлы мақалалар, драмалық жанрдағы шығармалар, әзірбайжан және татар классиктерінің әдебиеттерін аударды. 1996 жылы "Абай" энциклопедиясын шығарудағы еңбегі үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.

Қайым Мұхамедхановтың есімі зиялы қауымға жақсы таныс. М.Әуезовтің дос інісі, оның өмірі мен шығармашылығын зерттеген ғұлама ғалым. Алаш көсемдерінің тізесінде отырып ержеткен ол жас алшақтығына қарамастан дана Мұхтармен досжар болып, жақсы мағынада "жанторсығы" атанды. Әуезовтің кеңесімен гимн жөніндегі байқауға қатысып, жеңімпаз атанғанда оның жасы небәрі 27-де ғана болатын. Қайым кезінде Жүсіпбек пен Мұхтар шығарған "Абай" журналы қайта жарық көргенде оған бас-көз болған "Парыз" шығармашылық тобына жетекшілік еткен.

Халқымыздың аяулы перзентi, абайтанушы ғалым, аудармашы, жазушы Қайым Мұхамедхановтың есiмiн есте сақтау аз, өмiр жолы да қазақ халқы үшiн атқарған еңбегi де тәуелсiз Қазақстанның елжанды ұландарын арлы, намысты етiп тәрбиелеуге көмектесетiн бiрден бiр үлгi, бiрден бiр жол. Егер бiздiң халқымыздың Қайымдай азаматтары болмаса, дәл бүгiнгi тәуелсiздiгiмiздiң баянды болмағы да екiталай едi. ХХ ғасыр - қазақ халқы үшiн, бiр жағынан шер мен мұңның да ғасыры болды. Елiм, жерiм дегендер қамалған, "Абай" дегендер Қарлаг түрмесiне түскен, бастылары атылған, тектiлерi тентiреген заман болды. Ұлы жазушыларымыз М.Әуезовтiң де басынан бұлт арылмағандығын жақсы бiлемiз. Сондай ұлы тұлғаны қажет кезiнде жанымен де, арымен де қорғай бiлген адамдар болған. Солардың бiрi - Қайым Мұхамедханов.

Азап та, тозақ та ұлтын сүйген ұлы жүректi тұншықтыруға шамасы келмейдi. Жастайынан ұлтжанды қазақтың бiртуар азаматтары: А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейханов, Ж.Аймауытов, М.Әуезовтермен бiрге халық тағдырын, ел азаттығын ойлаған, Абай дананың даналығымен, Шәкәрiмнiң ұлағатымен ой өсiрген қазақтың арда ұлдары аңсаған, армандаған ел тәуелсiздiгiн көзiмен көрдi. «Ер қазақ ежелден еркіндік аңсаған!», деп ұлтымыздың ғасырлар бойғы арман-мүддесін бір-ақ ауыз сөзбен жеткізген тәуелсiз Қазақстанның үлкен перзентi, батыр перзентi Қ.Мұхамедхановтың екiншi нұрлы ғұмырын бүгiнгi ұрпаққа түсiндiру, ұғындыру, үлгi ету - бiздiң парызымыз.

Ел аузында атын Семейдің ұлы үштігі - Абай, Шәкәрім, Мұхтардан кейін атауға лайық есімдердің бірі – Қайым Мұхамедханов. Кезінде ел тәуелсіздігін аңсап, шежірелі қарт Семейде қазақтың қайта өркендеу дәуірін бастаған Алаш қозғалысының көсемдері - Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезовтер еді.

Ғалым Қайым Мұхамедханов ғылымда қорғануды емес, тек шабуылдап қамал алуды ғана мақсат тұтты. Семейде жаңадан құрылып жатқан Абайдың республикалық әдеби-мемориалдық мұражайының тізгінін қолға алып, білгірлікпен қалыптастыруға бір кісідей үлес қосқан. Сан қырлы талант иесі өзінің және аударма пьесалары Абай атындағы сазды-драма театрында үзбей қойылды.

Саналы ғұмырында қазақтың бас ақыны ұлы Абайдың рухы үшін қатал заманның қағидаларына мойынсұнбай азаматтығын сақтай білген, ұлтымыздың мақтан тұтар арыстарының бірі – Қайым Мұхамедханов.

Әрбір зерттеушінің тағылым алған мектебі, арман еткен ой-мұраты болады. Біреулер орыс әдебиетінің тағылымын үлгі тұтады. Енді біреулер шығыс әдебиетімен байланыс мәселесіне ден қояды. Демек, әдебиет тарихшылары алған тәрбиесіне, көрген өнегесіне, көздеген мақсатына орай қалыптасады... Осы тұрғыдан алып қарағанда Қайым Мұхамедхановты Алаш әдебиеті рухында тәрбиеленген қайраткер деп танимыз.

Біздің ұлттық әдебиетіміздің рухани көздері әлі зерттеліп біткен жоқ. Кеңес әдебиеті біржақты таптық идеологияның әдебиеті болды, онда ұлттық өрлеу мұратын көтеруге жол жоқ еді. Осыған байланысты Қ.Мұхамедхановтың тағдыры ерекше қиын болып қалыптасты. Алаш әдебиеті тұлғаларының еңбегін зерттегені үшін жиырма бес жылға сотталып, ұзақ жыл ғылыми жұмыстан аластатылды. Тек кейінгі жылдарда ғана өзінің сүйікті тақырыбын зерттеуге мүмкіндік тапты. Бертінде Абайдың 150 жылдығына байланысты ақын шығармаларының текстологиясын тексеріп, тәртіпке келтіруге мүмкіндік алды. Осы тарапта ол ғылым үшін көп пайдалы қызмет атқарды. Абайдың өмірін білеміз деген адам көп, бірақ білгірі аз. Қ.Мұхамедханов Абайдың 150 жылдық тойы қарсаңында Алматыға шақырылды. Сонда бір топ әдебиетшілермен бірлесе отырып, Абай мұрасының тақырыптық құрамын, жанрын, түрлі салаларын жақсы білетін ғалымның белсенді араласуы арқасында Абай энциклопедиясы дүниеге келді.

Оның зор еңбегі - Абай мектебінің қайраткерлері, ақын-жазушылары туралы бес кітап шығаруы. Біз Алаш әдебиетін таза ұлттық қазақ әдебиеті деп ұғамыз. Қазақ иедеологиясын, рухын, туын көтерген - Алаш әдебиеті. Кеңес заманында ұлттық рухты ардақ тұтқандар қуғындалды ғой. Бір М.Әуезовтің өзінің көрмеген қорлығы жоқ, ол 1929-32 жылдары екі жылдай түрмеде жатты. Ақырында 1932 жылы кеңестік идеологияны қолдаймын деп хат жазды.

Мұхамедхановты Әуезовтің ең сенімді шәкірті деп қудалағаны белгілі. Ол диссертацияны орыс әдебиеті туралы жазса да, оны жиырма бес жылға соттап жіберді. Қазақтың ұлы адамдарының көбі 1937 жылы қуғынға ұшырап кетті.

Ғалым әдебиет тарихы туралы көптеген құнды мақалалар жариялады. Ол еңбектердің екі ерекшелігін айтуға болады. Біріншіден, ол - Абайтанушы, Алаш зиялылары мұрасын зерттеуші. Екіншіден, ол дүрмекке ат қосып, социалистік реализм теориясына ерген жоқ. Ол не жазса да, ақиқаттан ауытқымады. Бұхар, Шортанбай, Дулат туралы мақалаларында көп тың мағлұматты айтты.

XVIII ғасырда Абылай хан бастаған ұлт-азаттық күрестің идеологы Бұхар жыраудың өмірбаянын қайта жазды. Жырау Бұхар қаласы маңында туылып, Түркістан атырабында есейгенін дәлелдеді. Оның әрбір мақаласында Алаш рухы сезіледі. Дулат туралы толғаса да, Шортанбай туралы жазса да әрбір дәлелі нақты, мұрағат материалдарына, қазақтың шежіресіне сүйенген. Осы мақалалар болашақта жарық көруі керек.

Біз Алаш әдебиетін әлі де біліп болғамыз жоқ, сондықтан Алаш рухты әдебиет жастарымыз үшін өте қажет. Ұлттық идеология ғана бізді мұратқа жеткізеді. Өзіміздің топырағымызда мыңдаған жылдар бойы тамырын жайған дәстүр ғана жастарымызды рухтандыруға, түзу жолға салуға үйретеді. Алаш идеологиясы - елімізді дамытудың, сақтаудың, өсудің жолы.

Шындыққа мойынсұнсақ - Мұхамедханов ірі әдебиетші-тарихшы. Қазақ әдебиетінің тарихында ол араласпаған сала жоқ. Және не жөнінде жазса да, басты тіреніші - тарихи шындық пен бұлтартпас жаза, әрі қолжазба деректер.

Ол шәкірттеріне әдебиет тарихында шешуін таппай келе жатқан мәселелердің көптігін мойындай отырып, Құрбанғали Халидидің «Тауарих хамса шарқи» («Шығыстың бес елінің тарихы») атты 1910 жылы Қазақ қаласында баспа көрген көлемді еңбегін оқуға кеңес бергені бар. «Іздесең тарихың да, этнографияң да, әдебиетің де осыдан табылады. Оқып түсіну қиын. Араб, парсы, түрік, шағатай, татар тілдері аралас қолданылады. Оқығанда үнемі түрлі сөздіктерді пайдаланамын. М.Әуезовтің қолынан түспеуші еді»,- деп пысықтайтын. (А.Еспенбетов естелігінен).

Абай айналасын қоршаған Шәкәрім, Көкбай, Әріп, Уәйіс, Мұқа, Әлмағанбет ақынның, балалары Ақылбай мен Мағауия жайындағы Жариялаған еңбектері ұшан-теңіз. Ғалымның Бұхар жырау, Махамбет жайындағы құнды еңбектері баспасөз беттерінде жарияланып, оқырман мен сыншы ғалымдар тарапынан зор бағаға ие болған. Абайдың әр кітабының жарыққа шығуына байланысты пікір айтып отырған. Осындай үлкен жүйелі сын өрісін ғалым Қазақ совет энциклопедиясының он екі томына байланысты жариялаған кең қарымды цикл еңбектері ғылымдық жолдың ерекше бір шоқысы бола алады. Әрі ақын, әрі драматург, әрі жазушы, әрі ғалым Мұхамедханов қайта құру кезеңінде қанат байлағандай бұрынғысындай биіктей түсіп, ортамызға қайта оралған бес алыбымыз жайында көлемді еңбектерін тарту етті.

«Сүйер ұлың болса, сен сүй...», - деп ұлы Абай айтқандай, Алаштың рухани астанасы, ұлылар мекені, тұғырлы тұлғалар өңірі, қасиетті Семей жерінде «өшпейтұғын артына сөз қалдырған» Абай мұрасын зерттеуге өлшеусіз үлес қосқан Қ.Мұхамедханов қайталанбас сүбелі туындыларды дүниеге әкелді.

Бар қазақтың жүрегіне жол тапқан осы бір қастерлі есімге бәріміз де құрметпен қарауға тиістіміз. Кемел ойлы кемеңгер ғалымның соңына қалдырған ұшан-теңіз еңбектері бұл күнде қазақ әдебиетінің сарқылмас қазынасына айналғаны аян. Ал ол қаншама ауыр азап пен заман зұлматын бастан өткере жүріп, қажымас қайсарлықпен жүзеге асқанын ғалыммен жақын араласқан тағдырлас адал достары мен ұлтының туған тіл-әдебиетін сүйген жанашыр зиялы қауым ғана жақсы біледі.

Қ.Мұхамедхановтың құлашын қайта жайған сол шабытты шақтар оның азапты күндерін артқа қалдырып қана қоймай, ұзақ жылғы бейнетінің жемісін көруге септігін тигізді. 1996 жылы Елбасы Жарлығымен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағы берілді. Сонымен бірге ол халықаралық Абай академиясы алтын медалінің, халықаралық Абай сыйлығының иегері. Халықаралық Абай Академиясының алтын медалінің лауреаты (Лондон, 1995ж.) атанды. Бұл, сөз жоқ, ғалымның ұзақ жылғы еңбегіне берілген әділ баға болатын. Қайым Мұхамедханов 2004 жылдың 30 шілдесінде 89 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.

Ойы биік, жаны таза ғалымның тарихымызға қосқан ең үлкен үлесі - ол кісі үзеңгілестерімен бірге, ол заман мен бұл заманның арасын салынған алтын көпір бола білді. Ата-бабаларымыздың қолынан туған талай асыл туындыларды жинап, оны көрсете алды, уағыздады, қолымызға ұстатты.

«Семей өңіріне Қайым Мұхамедханов сияқты бағбан керек, олай дейтінім, бұл топырақта жайқалып өскен Абай бағы, Шәкәрім бағы, Мұхтар бағы бар. Баққа бап, күтуші керек, себебі олар Семейдің ғана емес, алты Алаштың баға жетпес қазыналары» -деп философ Ғарифолла Есім жақсы баға бергендей, жазушы өзінің бүкіл өмірін Абай әлемі мен Абай айналасына арнаған алтын көпір, кемеңгер. Сондықтан да келешек ұрпақтың міндеті - ғалымның артына қалдырған баға жетпес рухани мұрасын оқып-біліп, білім нәрімен сусындау болса керек.

Әдебиеттер:

Қайым туралы сөз = Слово о Каюме: сб. воспоминаний / Құраст. Қайым Мұхамедхановтың отбасы; жауапты ред. Ғ.Қабышұлы. - Астана: Фолиант, 2006. - 376 б.

Мұхамедханов, Қ. Көп томдық шығармалар жинағы. Т. 1: Зерттеулер, мақалалар. - Алматы. Алаш, 2005. - 352 б.

Мерзімді басылымдар:

Бапанова, Ә. Саналы ғұмырын ақын мұрасына арнаған...// Семей таңы. - 2010.- 5 тамыз.- Б.3.

Еспенбетов, А. Қайран, Кәкең! // Қазақ әдебиеті. -2009. - 9 қазан.

Жоламанова, П. Өшпес із қалдырған // Семей таңы. -2009. - 25 маусым. - Б. 2.

Қасымжанұлы, С. Қазақтың қайсар ғалымы // Ертіс өңірі .- 2009. - 24 маусым. - Б.12.

Маманова, Ж. Абайдай арт жағына сөз қалдырып // Абай. -2009. - №4.- Б. 50.

Нұрбаев, С. Ғалым мұраларын сақтап қалу - басты мақсат // Семей таңы. - 2010. - 14 қаңтар.

Сейсенұлы, Д. Алаш арыстарының соңғы тұяғы: [Қайым Мұхамедханов жайлы] // Егемен Қазақстан. - 2009. - 7 қараша.

Смағұлова, А. Мұхамедханов және Абай мұражайы // Семей таңы. - 2009. - 18 маусым. - Б. 3.

Обновлено 24.01.2011 20:52