25.01.2011 23:56

 

Саналы ғұмырын ақын мұрасына арнаған

Саналы ғұмырында қазақтың бас ақыны ұлы Абайдың рухы үшін қатал заманның қағидаларына мойынсұнбай азаматтығын сақтай білген, ұлтымыздың мақтан тұтар арыстарының бірі - Қайым Мұхамедханов. Адам дүние танымы - ның қалыптасуы нәр алып сусындап өскен ортасымен тығыз байланысты екені белгілі. Қайым Мұхамедхановтың әкесі Мұхамедхан Сейітқұлұлының шаңырағы зиялылардың бас қосып кездесетін ордасы болғаны қазір зиялы қауымға кеңінен таныс. Ауқатты әке Семей қаласында шығып тұрған газет-журналдарға демеушілік қызмет жасаған. Бұл жөнінде Қ.Мұхамедханов естелігінде былай дейді: «Әкемнің сол жағалаудағы еңселі шатырлы үйі халқымыздың арғы-бергідегі бетке ұстар қаймақтары Әлихан, Ахмет, Міржақып, Жүсіпбек, Мағжан, Шәкәрім, Көкбай, Иса, Әміре, Мұхтар, Халел Ғаббасов, Мәннан Тұрғанбаевтар жатып, кеңесетін думанды отау болыпты». Қ.Мұхамедхановтың Алаш қаласы атанған Семей топырағында дүниеге келіп, рухани құнары ортада тәрбиеленуі оның биік белестерге көтерілуіне айрықша ықпал етеді. 1928 жылы әке мүлкі кәмпескеленіп, қуғын-сүргінге ұшырайды. Бұғанасы бекімеген бала Қайым жетімдік, мұқтаждықты басынан кешіреді. Талан-таражға түскен ұлылардың ізі қалған үй мектепке айналдырылады. Қ.Мұхамедханов 1938 жылы Семей педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түседі. Оны үздік бағамен аяқтап, оқытушы болып жұмыс істеуге жолдама алады. Ұстаздық қызметін жалғастыра жүріп, Семей қаласында Абай мұражайын ұйымдастыру, қалыптастыру ісіне белсене араласады. Абайдың немере інісі Әрхам Кәкітайұлымен бірлесе отырып, мұражайда ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты құнды заттар, қолжазбалар, құжаттарды жинастырады. Бүгінде кемелденіп қорық-мұражайға айналған үйдің ғылыми әдеби ортасының қалыптасу ісі де Қ.Мұхамедхановтың табандылығымен жүзеге асты.

Қ.Мұхамедханов - 1940 жылдан Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі болды. Осы жылдардан өнімді шығармашылық жолы басталған Қ.Мұхамедханов «Абайдың әдеби мектебі» деген жалпы атпен Ақылбай, Мағауия, Әубәкір, Әріп ақынның өмірі мен шығармашылық жолдарын зерттеп жазған мақалаларын баспасөз беттерінде жариялай бастайды. Абай мұрасының зерттелу, тану мәселесінің дұрыс жолға қойылуына ерекше үлес қосты.

Ұлы ақынның шәкірттерінің мұраларын жүйелеп, әдеби айналымға енгізу мақсатында Қ.Мұхамедханов қыруар жұмыс атқарады. 1951 жылы 7 сәуірде М.О. Әуезовтің жетекшілігімен «Абайдың әдебиет мектебі» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғайды. Бұл қорғау Абай мұрасын зерттеу жөніндегі айтыстың тууына себепші болады. Қазақ КСРО Ғылым академиясы мен Қазақстан Жазушылар Одағы Президиумдарының «Қазақ әдебиетінің классигі А.Құнанбаевтың өмірі мен творчествосын ғылыми жолмен зерттеу жөніндегі айтыстың қорытындысы туралы» біріккен қаулысында диссертант еңбегі теріс бағаланады. Ұлтшылдық - буржуазиялық концепцияны көздеген деген желеумен Қ.Мұхамедхановты 25 жылға бас бостандығынан айырады.

1954 жылдың 9 желтоқсанында Қазақ ССР Жоғары Сотының Қаулысы бойынша Қ.Мұхамедхановқа қатысты сот үкімі күшін жойса да, саяси тұтқынды босатуға асықпады. Тек 1955 жылы ғана азаттық алып, еліне қайтып оралады.

Семей педагогикалық институтында оқытушылық қызметін қайта жал-ғастырған Қ.Мұхамедханов Абайдың ақын шәкірттері мәселесі әлі де тиым салынған жабық тақырып бола тұрса да, ғылыми зерттеу нысаны етуде табандылық танытып, Абай шығармаларының текстологиясы жайында ғылыми еңбек жазуға кіріседі. 1959 жылы басылып шыққан «Абай шығармаларының текстологиясы» еңбегі бүгінде абайтану саласының маңызды бөлігін құрайды. Айтқаныңның барлығы саяси қалыпқа салынып, «өз халқыңды мақтан тұтқаның үшін ұлтшыл атанатын заманда» Абай мұраларына қайыра ден қоюы Қ.Мұхамедхановтың ерік-жігерін танытады.

Бастаған ісін жалғастырып, 1959 жылы «Абай төңірегіндегі ақындар» тақырыбындағы диссертациясын сәтті қорғап шығады. Осы ғылыми еңбегінде диссертант Абай мұрасын, әдеби мектебін ұлттық мүдде тұрғысынан қарайды. Абайдың ақын шәкірттері шығармаларының халықтық мәнін, реалистік сипатын ашып, әдеби мектеп ретіндегі қызметін нақтылайды. Түрмеден босап келген соң Қ.Мұхамедханов жарты ғасырға жуық Семей педагогикалық институтында оқытушы болып қызмет атқара жүріп қазақ әдебиетінің өзекті мәселелеріне арналған ғылыми зерттеу мақалаларын да жариялайды.

Абайтанушы, ақын, драматург, аудармашы, ұлағатты ұстаз, профессор Қайым Мұхамедханов 2004 жылы 89 жасқа қараған шағында дүние өтті. Ғұмырының басым бөлігін азапта тартыс-күресте өткізді.

Бірақ Қ. Мұхамедханов мұның біріне де мойымай ақырғы деміне дейін абайтану ғылымына абыройлы қызмет етті.

2008 жылы Алматы қаласында «Қайым Мұхамедханов атындағы білім және мәдениет орталығы» құрылды. Бұл орталықтың мақсаты - белгілі абайтанушы қазақ халқының мәдени мұрасын қадірлеуге үлес қосқан Қайым Мұхамедхановтың мұрасын сақтау, білім мен мәдениет саласын дамытуға үлес қосу, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу. Қазіргі кезде аталмыш орталықтың ұйтқы болуымен, Мәдениет министрлігінің қолдауымен көптеген рухани мәдени маңызы зор іс-шаралар өткізілуде. Яғни, Қазақтың бас ақынының ғұмыры мен шығармашылығын зерттеу жолында жанын аямаған ғалымның еңбегі ескерусіз қалмайтыны айқын.

Бапанова, Ә. Саналы ғұмырын ақын мұрасына арнаған // Семей таңы. - 2010. - 5 тамыз. - 3 б.

Ғалым мұраларын сақтау

Қазақ ұлтының асыл қазынасы мен мәдени мұрасын танытуға бар саналы ғұмырын арнаған Қайым Мұхамедханов сөз өнерінде, әдебиеттану ғылымында қадау-қадау еңбектер қалдырып, дарынды суреткер, парасатты ғалым ретінде танылды. Адамның рухани болмысы мен танымының қалыптасуы да есейген ортасымен тығыз байланысты. Қайым Мұхамедхановтың Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды ақын -жазушыларды туғызған, ұлылар мекені атанған Семей топырағында дүниеге келуі, рухани қоғамдық ортада тәрбиеленуі оны биік белестерге көтерді.

Нұрбаев, С. Ғалым мұраларын сақтап қалу басты мақсат //Семей таңы .- 2010. - 18 қаңтар. - 4 б.