24.01.2011 20:42

 

Ұлы ақынның қайраткерлік қызметі (Абай Құнанбаев туралы)

Бұдан 113 жыл бұрын, 1878 жылы Семей облыстық Статистика Комитеті құрылды. Ол кезде Семей облысына: Семей, Кереку (Павлодар), Зайсан және Қарқаралы уйездері қарайтын. Осы кең байтақ аймақты мекен еткен халықтың тұрмысын, шаруашылығын, тарихын, мәдениетін, облыстың жағрафиялық жағдайын зерттейтін, ол замандағы бірден-бір ғылыми мекеме-Семей облыстық Статистика Комитеті болды.

Статистика Комитеті 1883-жылы 24 сентябрьде (ескіше 11 сентябрь) Семейдегі тұңғыш мәдени-ағарту мекеме-облыстық өлкетану музейін ашып, оның жанынан қоғамдық кітапхана ұйымдастырды.

6Музейде, Статистика Комитеті мүшелерінің күшімен жиналған, зоология коллекциялары, көне тарих мұралары, сексеннен астам археологиялық заттарды көрсетуге арналған бөлімдер және қазақ халқының шаруашылық, мәдени-тұрмыс хал-ахуалын көрсететін - этнография бөлімі болады.

Музей жанынан ұйымдастырылған кітапхана, ол замандағы Сібір қалаларындағы кітапханалардың ішіндегі, ең байы деп танылған. Семей кітапханасында: Пушкиннің, Лермонтовтың, Толстойдың, Салтыков-Щедриннің, Достоевскийдің, Жукоскийдің, Тургеневтің, Гогольдің, Михайловтың, Гюгоның, Гетенің, Диккенстің, Золяның... тағы басқа орыс және дүние жүзі әдебиеті классиктерінің шығармалары мол болған. Тарих, философия, табиғаттану тағы басқа ғылым салаларына арналып жазылған кітаптарды және сол кезде Ресейде шығып тұратын: «Вестник Европы», «Наблюдатель», «Русский Вестник», «Русская мысль», «Русская речь», «Исторический Вестник», «Новости», «Новое время» т.б. журналдарды Семей кітапханасы жаздырып алып тұрған.

Ол кезде, саяси қылмыс тағылып, Сібірге жер аударылған орыс, украина, белорус, поляк, тағы басқа ұлттардың интеллигенттерінің үлкен бір тобы Семей қаласында болатын. Бұлардың көпшілігі Ресейдің ірі қалаларындағы жоғарғы дәрежелі оқу орындарында әрқайсысы әртүрлі мамандық алуға даярланып жүрген, алдыңғы қатардағы студенттер еді. Солардың ішіндегі ең көрнекті, аса талантты, терең білімділерінің бірі - Абайдың досы, Евгений Петрович Михаэлис (1841-1913) Семей қаласына 1869 жылы келіп, 13-14 жыл бойы осы қалада тұрған.

Семейде 1878 жылы облыстық Статистика Комитетінің тұңғыш ғылыми хатшысы осы Е.П.Михаэлис еді. Абай Михаэлиспен бірге Статистика Комитетінің жұмысына белсене араласады. Әсіресе Семей облыстық өлкетану музейін ашу және қоғамдық кітапхана ашу жұмысын ұйымдастыру мәселесіне ат салысып, іс жүзінде көмек көрсетеді. Мысалы, музейге, жасау-жабдығымен қазақ үй бастатқан, елуден астам зат тапсырады. Қазақтың тұрмыс-салтын, әдет-ғұрпын, мәдениетін көрнекті түрде бейнелейтін, Абайдың сый ретінде тапсырған заттары негізінде, музейдің этнография бөлімі құрылады. Сөйтіп, ашылғанына (1883) қазір 108 жыл толып отырған, Семей облыстық өлкетану музейінің алғашқы ірге тасын қаласып, шаңырағын көтеріскен адам - Абай. Осы пікірімізді дәләлдеп көрейік. Семейдің облыстың музейі мен қоғамдық кітапханасының 1883 жылдың 14 мизамынан 1886 жылдың 1 қаңтарына шейінгі тындырған жұмысы туралы Статистика Комитетінің газетте жарияланған есебінде (отчет): «Өткен жылы (1885) жаз айында қазақ ауылында болып қайтқан Н. И. Долгополов музейдің, қазақ елінің тұрмыс-салтына арналған этнография бөліміне көп заттар әкеліп қосты, жасау-жабдығымен қазақтың киіз үйі, музыка аспаптары, егін шаруашылық құралдары тағы басқа заттар». («Семипалатинские областные Ведомости» № 19, 10 май, 1886 г).

Сонда, Н. И. Долгополовтың барып жүргені қай қазақтың ауылы және қандай қазақ соншама мүлікті тектен-текке бере қойды екен?- деген сұрақ туады. Бұл мәселенің бәрін архив документтері айқындап, ашып береді. Полициймейстр өзінің Семей облысының губернаторына жазған, құпия рапортында (1885 жыл, 10 тамыз, № 251): «Осы жылдың 15 тамызына шейін, Семей уезі, Шыңғыс болысындағы Құнанбай Өскенбаев ауылында болып қайтуға рұқсат алып кеткен, айдауда жүрген Нифонт Долгополов, бүгін Семей қаласына қайтып келді. Сіздің 11 маусымдағы, № 260-М. бұйрығыңызды орындап, осыны мәлімдеймін»,- деген және денсаулығын түзеу үшін, Құнанбай Өскенбаев ауылында, екі ай уақыт жатып қайтуға Семей губерноторынан рұқсат сұрап жазған, Долгополовтың өз өтініші де архивта сақтаулы. Сонымен Долгополов 1885 жылдың 11 маусымында Құнанбай ауылына барып, сол жылы 10 тамызда Семейге қайтып келген. Әрине, ол өзінің досы, Абайдың үйінде болған. Бұл сапарында Долгополов тек қана дем алу үшін емес, сонымен бірге Абаймен ақылдасып, музейдің этнография бөлімін қажетті экспонаттармен қамтамасыз ету мәселесімен де барған болады.

Музейге соншама мол, бағалы заттар сыйлаған Абайдың, Долгополовпен бірге, Семейге келіп қайтуының жөні бар емес пе еді, деген де ой туады. Семейге келе алмауының себебі: дәл сол 1885 жылы, тамызда Құнанбай қайтыс болыпты. Әкесінің қазасы үстінде, Абайдың жолаушылап кетуі, әрине, мүмкін емес еді.

Біз 1956 жылы Семей облыстық Өлкетану музейінің, азып-тозып жатқан архивінің ішінен, экспонаттар тіркейтін, «Губернский научный музей. Этнографический отдел»- деп аталған, кіріс журналын кездестірген едік. Сол журналда тіркелген экспонаттардың ішінде Абай мен Долгополов тапсырған заттардың да тізімі бар екен. Ол заттар: төсек аяқ, асадал, кебеже, саба, сүйретпе, жез мойнақты торсық, піспек, табақ, қалмақбас (тобылғыдан тоқылған қапшықаяқ), әшекейлі құтылар, бесік, ұршықтар т.б. қару-жарақтар: айбалта, найза, шоқпар. Ұста саймандарынан: керік, төс, қышқыш сияқтылар. Музыка, зауық аспаптары: қобыз, сыбызғы, домбыра, тоғыз құмалақ. Қазақ ауылында сүттен даярланатын тағам түрлері, бақсының асасы, ең аяғы қара сабынға шейін бар.

Абай жасау-жабдығымен киіз үй бастатқан, елуден астам нәрсе сыйлапты. Олардың дәл Абай ауылынан келген заттар екенін нақтылы анықтағанымыз және аман сақталып қалғандарының саны - 23. Кейбіреулері жақсы сақталған кейбіреулері күтімсіздік салдарынан тозғындаған. Бірталайы із-тозсыз жоғалған. Көзі барлары: сүйекпен оюланып қапталған асадал, кішкене ғана әдемі кебеже, үлкен ет табақ, жез мойнақты торсық, піспек, шебер зергердің қолынан шыққан. күміспен әшекейленген құты, тағы сондай әртүрлі үш құты, қапшықаяқ, қалмақ-бас), кіселі, күміспен нақышталған белбеу, айбалта, шоқпар, аса, тоғызқұмалақ, қобыз, домбыра, сыбызғы т. б.

Осы заттардың анық Абай ауылынан келгендігін қалай анықтағанымыз жөнінде, дәлел ретінде бір ғана мысал келтірейік. Абай тапсырған күміс белбеудің кіріс журналындағы көрсетілген толық сипаттамасы мынадай: журналдағы рет саны 41, инвентарь №398 «Кім тапсырған» деген графада: «Дар Ибрагима Кунанбаева. Чингизская волост, Семипалатинского уезда »деп жазылып, белдеудің ұзындығы 110 см, бір кісе, екі оқшантай бар деген.

Белбеудің өнбойындағы нақыштарының саны және сипаты жазылған. Мысалы, кісе белбеуге үш қайыспен жалғанған, олардың кісемен белбеуді жалғастырып тұрған ұштары күміс шапқан темірмен бекітілген, кісенің жоғарғы екі бұрышында төрт бұрышты күміс шапқан темірі бар, кісенің беті күмістелген, тоғыз жұлдызшамен нақышталған, ортасында үлкендеу тағы бір жұлдызшасы бар деп суреттей келіп, осы ретпен кісенің, оқшантайлардың ұзындығы, көлденеңі, оларды белбеуге қосып тұрған қайыстың ұзындығы қандай екеніне шейін сипаттап жазылған. Абай тапсырған заттардың сипаттамасы, түсі-түгі дегендей, толық жазылып отырған. Кіріс журналында жазылған осы белгілері бойынша, енді сол заттардың өзін іздеп, біразын экспозицияда тұрған жерінен, бірнешеуін музейдің қоймасынан таптық. Табылған нәрселерді журналда жазылған сипаттамалармен салыстырып, өлшеп көріп, белгілеріне үңіле қарап отырып, Абай тапсырған нәрселер екендігін шүбәсіз анықтадық. Бұлар Абайдың музейге 1885 жылы сыйлаған нәрселері.

Тегінде Абай, бір ғана рет емес, әр кезде әр түрлі зат әкеліп беріп, музейдің Этнография бөлімінің қорын байытып отырған. Мысалы, 1893 жылы 15 қарашада музейге, күміс шабылып, әшекейленген үлкен айбалта әкеп беріпті. Айбалтаның бір жақ бетінде: қару иесі Оралбайұғлы Барлыбай деген, екінші жағында ай-балтаны соққан ұстаның аты — «Қорғанбай соққан» деген жазулары бар екен. Айбалта кейінгі кезде ұрланған, суреті ғана сақталған.

Семей музейі Этнография бөлімінің экспонаттары бірнеше рет Россияның үлкен қалаларында, шетелде де, көрмеге апарылып көрсетілген. Мысалы, 1890 жылы Қазан қаласында көрсетілген көрмеде: «Қазақ тұрмысын көрсететін заттарды Семей музейі әкелген» деп жазылған. «Очерки истории музейного дела России», стр. 266/. 1896 жылы Мәкәржі — Нижный Новгород (Горький) қаласындағы көрмеге апарылған («Отчет совета общества попечения о начальном образовании в городе Семипалатинске за 1897 год», стр. 72-73).

Облыстық музейге бір кезде Абай сыйлаған заттардың аман сақталғандары, Абай музейіне табыс етілді. Абайды «ағартушы-демократ» деп мадақтанғанда, ақынның халықты өнер-білімге шақырған өлеңдерін насихат сөздерін ғана айтып жүрміз. Абайдың Статистика Комитетінің толық мүшесі болып жүріп, ғылыми зерттеу жұмысымен шұғылданғанын, музей құру ісіне белсене қатынасқанын және бастауыш білім беру ісіне қамқорлық жасайтын қоғамның толық мүшесі болып, оның жұмысына да белсене араласқанын еске алсақ, ағартушы, ғалым Абайдың іс жүзінде атқарған тарихтық еңбегін айқын көреміз.

Сондықтан Абайдың мәдени-ағарту ісіндегі еңбегі жоғары бағаланып, ол 1886 жылы 4 майда, Семей облыстық Статистика Комитетінің толық мүшелігіне сайланады. Ол туралы тарихтық мағлұмат келтірейік:

Отчет

Семипалатинского областного Статистического Комитета за 1899 года. (Составлен Секретарем Комитета Н. Коншиным) 1. Личный состав Комитета. Действительные члены: С.Т.Мирошниченко (избран 18 декабря 1878 года), Е.П.Михаэлис, А.И.Деров, Ибрагим Кунанбаев (избр. 4 мая 1886 года).

Абайдың мәдени және өнер-білім дәрежесінің өрлеп өсуіне үлкен себеп болған оның осы мәдени-ағарту қоғамдар мен ғылыми мекемелердің жұмысына қатынасуы, әсіресе, музей жанынан ашылған кітапхана еді. Абай кітапхананың тұрақты оқушысы болады. Ол әр жыл сайын арнайы Семейге келіп, Михаэлиспен және басқа орыс достарымен мәжіліс құрып, сырласып әңгімелесіп, Михаэлистің мәслихаты бойынша, жүйелі түрде кітап оқып, қалада 3-4 ай жататын болған.

Шеттен келген саяхатшылардың Семей облысының тарихымен, мәдениет, шаруашылық жағдайымен, жергілікті халықтың тұрмыс-салтымен танысып, білу үшін, баратын жері — облыстық музей мен қоғамдық кітапхана болады.

Сібірді зерттеп білу мақсатымен саяхат сапарына шыққан Американың бүкіл әлемге әйгілі саяхатшысы, журналист Джорж Кеннан (1845-1924) мен суретші Фрост 1885 жылы жаз айында Семейге келеді. Олар музейге барып, ондағы экспонаттарды көріп танысады, ерекше көңіл бөлгендері музейдің этнография бөлімі болады. Суретші Фрост қобыздың, шамдалдың тағы басқа Абай тапсырған заттардың суретін альбомына түсіріп алады. («Семипалатинские областные Ведомости» № 19, 10 мая. 1886 г.) Музей жанындағы кітапханадағы кітап қорымен танысқан Кеннан, кітапхананың байлығына қайран қалады.

— Кеннан саяси жер ауып келгендермен танысып, олармен бір күні мәжіліс құрып, әңгімелеседі. Әңгіменің ішінде Абайдың жақын достарынан Лобановский мен Леонтьев болады.

Енді сол әңгіменің мазмұнын, қалпын бұзбай, Кеннанның орыс тілінде аударылған «Сибирь» атты кітабы (С.-Петербург, 1906) бойынша келтірейік:

«...завязался общий разговор, веселый, живой, непринужденный. В ответ на мой вопрос, Леонтьев рассказал мне историю возникновения Семипалатинской библиотеки, говоря, что она не только служит утешением для ссыльных, но и дала большой толчок умственной жизни города.

- Даже киргизы пользуются ею. Я знаю старика киргиза,- Ибрагима Кононбай,- который не только посещает библиотеку, но читает даже таких авторов, как Милль, Бокль и Дрэпер.

- Неучто в Семипалатинске есть киргиз, способный читать Милля и Дрэпера! Воскликнул удивленный студент.

— Смею вас уверить. В первый же раз, как мы с ним встретились, он удивил меня просьбой объяснить ему разницу между индукцией и дедукцией. А потом я убедился, что он серьезно изучает английских философов и чител всех назван-ных мною авторов.

— И вы думаете, он припоминает прочитанное?—допытался все тот же студент.

— Я два вечера подряд экзаменовал его насчет «Умственного развития Европы» по Дрэперу — видимо понимает».

Музей жанынан ұйымдастырылған кітапхана, 1902 жылы 21 ақпанда (жаңаша 4 наурызда), Н.В.Гогольдің қайтыс болғанына 50 жыл толған күні, жазушының құрметіне оқу залын ашып, ол оқу залын ұлы жазушының атымен атайтын болады. Одан кейінгі жылдарда кітапхананың кітап қоры молайып, өскен соң, 1906 жылы музейден бөлініп шығып, Н.В.Гоголь атындағы көпшілік кітапханасына айналды.

Ал музей, 1893 жылы, бастауыш білім ісіне қамқорлық жасау мақсатымен құрылған қоғамның қарауына көшеді. Қоғам мүшелері мүшелік жарна төлеп, өлкетану музейінің пайдасына қаржы жинайды. Абай және оның балалары Ақылбай мен Мағауия осы қоғамның толық мүшесі болып, жарна төлеп тұрады. Абайдың өнегесімен, оны құрметтейтін қазақ ағайындары да қоғамға мүше болып кіріп, жарна төлейтін болады. Осы айтқанымызды дәлелдейтін тарихтық документ келтірейік.

СПИСОК

Членов общества попечения о начальном образовании в г. Семипалатинске за 1893-94 г.

Действительные члены:

В Семипалатинском уезде. Альджанов 1 р.

Бисекеев Каричал 1 р.

Грубе Адольф Егорович 3 р.

Джакупов Акберды 1 р.

Джангельдин Бертысбек 2 р.

Джангельдин Айтказы 2 р.

Джурттубаев Бийсембы 1 р.

Есенбаев Керейбай 1 р.

Кунанбаев Акылбай Ибрагимович 3 р.

Кунанбаев Ибрагим Кунанбаевич 3 р.

Кунанбаев Магавья Ибрагимович 1 р.

Музей мен кітапханаға патша үкіметі жеткілікті қаражат бөлмеген. Бұл мекемелер халық ағарту ісіне қамқорлық жасаған, жоғарыда аттары аталған адамдар сияқты азаматтардың ынта-жігерінің арқасында, солар ұйтқы болып ұйымдастырған мәдени қоғамдық ұйымдар қаражатымен ел игілігі үшін жұмыс істеп келген.

Ол заманда музей мен кітапхананың меншікті тұрақты үйлері де болмаған. Әркімнің басы артық үйлерін жалдап, ақша төлеп, бір үйден бір үйге көшіп жүретін болған. Музей мен кітапхана 1883 жылдан 1890 жылға шейін Статистика Комитетімен бірге Большевладимир көшесіндегі (қазіргі Совет көшесі) Земляницин деген кісінің үйінің екі бөлмесіне орналасады.

1902 жылы 31 наурызда Семейде орыс жағрафия қоғамының бөлімшесі (Семипалатинский подогдел Западно-Сибирского отдела Русского географи-ческого общества) ашылған соң музей мен кітапхана жағрафия Қоғамының қарауына ауысады да, 1902 жылдан 1904 жылға шейін бұрынғы Омский және Мещанский көшелерінің қиылысындағы Зенков деген кісінің үйіне көшіп, орналасады.

Абайдың Семейде болған кездерінде үнемі барып, кітап алып оқитын және орыс достарымен кездесіп, әңгімелесіп жүретін орындары осы аталған үйлер болады.

1878 жылы ашылған облыстық Статистика Комитеті Семейдің мәдени өмірінде тарихи маңызы зор, ғылыми орталық болғанын көреміз.

Абай Статистика Комитетінің жұмысына белсене араласып, оның мәжілісте-ріне қатынасып, мәдени-ағарту мекемелерін, қоғамдарын ұйымдастыру ісіне іс жүзінде ат салысумен бірге, ғылыми зерттеу жұмысы саласында да еңбек еткен.

1886 жылдан бастап, он сегіз жыл бойы Статистика Комитетінің толық мүшесі болған Абай, ғылымның әр саласына зер салып көп оқып, көп білген, терең ойлы, кең ақылды ғалым адам болғанын Кеннан мен Леонтьевтың әңгімесі де дәлелдей алады.

Комитет мүшелерінің көпшілігі терең білімді, Е. Михаэлис, Н. Коншин сияқты алдыңғы қатарлы орыс зиялылары болғаны мәлім. Олардың достық мәслихаты, өнер-ғылым мәселесіндегі игі әсері, Абайдың мәдениетті, оқымысты-ғалым ретінде, рухани жедел жетіліп, өрлеп өсуіне себеп болса, орыс достарының Абайдан алған тағлымы да аз болмаған: «Абайға қатты көмектесіп жүріп, Абай-дың Шығыс тарихына, халық қазынасына, жол-жорасына, әдет-салт, кәсібіне , білгір адамнан өздері де көп білім, дерек, нәр алады». (Мұхтар Әуезов).

Табиғи талантына сай ғалымдың дәрежесі де кемеліне келген Абай, Статистика Комитетінің толың мүшесі болып қызмет атқарып жүрген жылдары, тарихи зерттеу жұмысымен шұғылданады. Туған халқының тарихын зерттеу нәтижесінде жазған «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» деп аталатын еңбегі 1890 жылдары жазылған. Статистика Комитеті мүшелерінің күшімен шығып тұратын кітаптың 1990 жылғы «Памятные книжки Семипалатинской области на 1900 года» деп аталатын басылымында Орта жүз қазақтарының рулары туралы, «Заметка о происхождении родов Средней Киргизской орды» атты мақала жарияланып, мақаланы жазған адамның аты-жөні аталмаған.

Семей облыстың архивында Статистика Комитетінің 1899 жылы істелген жұмысы туралы берілген мәліметі сақталған. Ол мәліметтің ішінде, алдағы яғни 1900 жылы басылып шығатын — «Памятные книжки Семипалатинской области на 1900 год» кітабында жарияланатын мақалаларды айта келіп, «Орта жүз қазақтарының рулары туралы» мақала жайында берген түсіндірмеде былай дел жазылған.

«Последняя (т.е. «Заметки о происхождении родов Средней Киргизской Орды») составлена на основании слов одного очень близкого Комитету и известного в Семипалатинской области киргиза, пожелавшего, чтобы его фамилия не была напечатана. Тот же киргиз, прекрасно умеющий говорить и читать по русски и энакомый с литературой о киргизах, дал обещание поставлять в Комитет разные сведения по этнографии своего племени» (Семипалатинский областной архив, ф. 43, д. 34. л. 5, и л. д. 27).

Мақала авторының атын атамай, ол туралы берілген осы мінездеменің өзінен, атын жариялауды қаламаған адам - Абай деуімізге болатын шығар.

Орта жүз қазақтарының руы туралы мақала (шежіре)— «Заметка о происхождении родов Средней Киргизской орды», 1900 жылы басылып шыққанда, мақаланың сөзбасы ретінде түсіндірме жазған Н. Коншин былай дейді:

«Настоящая заметка с подстрочными к ней объяснениями составлена исключительно на основании слов одного очень известного в Семипалатинской области киргиза, не пожелавшего, чтобы его фамилия была напечатана, Киргиз этот (из рода Тобыкты племени Арғын) выразил опасение, как бы сообщаемые им сведения не показались обидными для некоторых родов, любящих окружать свое происхождение раэными фантастическими вымыслами». (Памятная книжка, Семипалатинской области на 1900 год, стр. 119).

Н. Коншинның осы түсіндірмесінен, атын атамаса да мақаланың (шежіренің) авторы Абай екенін айнытпай танимыэ.

Абайдың бұл еңбегі оның шығармалар жинағына әлі кірген жоқ. Алдағы уақытта дұрыстап қазақ тіліне аударып, толық түсіндірме беріп, ақын шығармаларының жинағына кіргізу керек. Біз қазір 1900 жылғы басылған қалпын бұзбай, оқырмандарымызды тұңғыш жарияланған нұсқасымен таныстыруды дұрыс көрдік.

Мұхамедханұлы, Қ. Ұлы ақынның қайраткерлік қызметі //Абай. - 1992. - №1. -38-42 б.

Обновлено 24.01.2011 21:03