24.01.2011 20:36

 

Абайтанушы

Мұхамедханұлы Қайым (Ғабдұлқайым) (5.1.1916, қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласында 30.6.2004, сонда) - әдебиеттанушы ғалым, абайтанушы, жазушы, драматург. Қазақстанның тұңғыш әнұранының авторы. Әкесі Мұхамедхан Семейде шығатын «Сарыарқа» газетіне, «Абай» журналына меценаттық көмек жасап тұрған (осы журналдың 70 жылдан соң қайта жарық көруіне, Семейдегі «Алаш арыстары» мұражайының ашылуына Мұхамедханов көп еңбек сіңірді).

1Мұхамедхан ислам діни қозғалысының белсенді мүшесі деген айыппен 1937 жылы 2 желтоқсанда атылған. Сондай-ақ Қ.Мұхамедхановтың әкесі алашордашыларға тілеулес болып, оның үйінде ұлт зиялылары (Шәкәрім, Көкбай, Тұрағұл, Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Сұлтанмахмұт, Мұхтар т.б.) жиі бас қосып, ел бостандығы жөнінде пікір алмасып тұрған. Қ.Мұхамедханов шаруа мектебінде білім алған. 1935-37 ж. республикалық екі жылдық мұғалімдер курсында оқыған. Семей педагогикалық институтының филологиялық факультетін бітірген (1941).

Семейдегі Абай әдеби мұражайының аға ғылыми қызметкері (1940-41, 1947-51 ж. оның директоры), Қазақстан Жазушылары одағының Семей облысындағы өкілі (1942-47), Семей педагогика институтының аға оқытушысы, доценті, қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, профессоры (1955-90), 1991-95 ж. ҚР ҰҒА М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Абайтану бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері болды.

Қ.Мұхамедханов саналы өмірін қазақ әдебиеттану ғылымының абайтану саласына арнады. 1939 жылдан Абайдың ақындық мектебі мәселесін зерттеп, «Абайдың әдебиет мектебі» деген еңбегін жариялады, осы тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғады (1951).

Талқылау кезінде ғылыми жетекші М.Әуезов пен диссертантқа жала жабылып, саяси айыптар тағылған. Жас ғалымға Абай мектебі шәкірттерінің қатарында «ұлтшыл ақындарды» зерттегені үшін «панисламшыл, пантүркшіл» деген айып тағылып, 25 жылға сотталды.

Төрт жылдан кейін ақталып, 1958 жылы «Абай төңірегіндегі ақындар» деген тақырыпта екінші рет кандидаттық диссертация қорғады. Қ.Мұхамедханов Абай мектебінің ақындары мәселесін зерттеуді шығармашылық ізденіспен дамыта білді. Ақын шығармаларын зерттеу нәтижесінде Мұқамедханов Абайдың бұрын белгілі болып келген 7 өлеңін тауып, ақынның 1945 жылы шықан жинағына енгізді. 1959 жылы «Мағауия Абайұлы Құнанбаев», «Абай шығармаларының текстологиясы» монографиялық зерттеулері жеке кітап болып шықты.

2Суретте: (Мағауия Абайұлы,

Кәкiтай Ысқақұлы және

Ғабидолла Ғабитханұлы)

«Абайдың ақын шәкірттері» атты төрт кітаптан тұратын жинақ ҚМұхамедхановтың қарастыруымен 1993-97 ж. жарық көрді. Оған Абай шәкірттері Ақылбай, Мағауия, Тұрағұл, Кәкітай, Көкбай, Уәйіс, Әріп, Әсет, Мұқа, Әубәкір, Иманбазар шығармалары мен олар туралы зерттеулер енді. Мұқамедхан Абайдың екі томдық академиялық шығармалары жинағының жаңа басылымын шығаруға (1995) үлес қосты.

1988-89 ж. мерзімді баспасөзде «Ә.Бөкейханов», «М. Жұмабаев», «А.Байтұрсынов», «Ж.Аймауытов», «М. Дулатов», «Шәкәрім» атты ғылыми мәні ерекше мақалалар жариялап, кейін осы зерттеулер негізінде «Абай мұрагерлері» жинағын (1995) жарыққа шығарды.

Мұхамедхан қазақ әдебиеттану ғылымының текстология саласының қалыптасуына ерекше еңбек сіңірді. Оның Махамбет, Шәкәрім поэзиялары текстологиясына арналған мақалалары, Бұқар жырау, Абай шығармаларының текстологиясын қарастырған мақалалары мен монографиясы жарық көрді.

Сондай-ақ ол қазақ әдебиетінің тарихын зерттеу ісіне қомақты үлес қосты. Қазақ ауыз әдебиеті, ежелгі дәуір әдебиеті, жыраулық әдебиет өкілдерінің өмірі мен шығармашылығы, әдеби байланыстары туралы 300-ден астам ғылыми мақалалар жазды. Қ.Мұхамедханов шығармаларының тағы бір қыры оның поэзиясы. Драматургия саласында да қарымды еңбек етіп, көптеген пьесалар жазды. Қ.Мұхамедхановтың «Толқын» (1994), «Майданнан майданға» (1947), «Комиссар Ғаббасов» (1960), «Ер Білісай» (1974) пьесалары

көркемдік және тарихи шындықты тұтастай алып, оқиға желісінің өткір құрылуымен ерекшеленеді.

Әзірбайжан драматургі У. Гаджибековтың «Аршин мал алан» (1941), татар жазушысы Ш. Камалдың «Қажы әпенді үйленеді» (1967) пьесаларын, орыс жазушысы Н. Карамзиннің «Бишара Лизасын» қазақ тіліне аударды. Қ.Мұқамедханов Семей қаласының және Абай, Аягөз, Жаңасемей аудандарының құрметті азаматы. Абайтану саласындағы қажырлы еңбегі үшін 1996 жылы Қ.Мұқамедхановқа ҚР Мемлекеттік сыйлығы берілді.

1916 жылдың қақаған қаңтар айының 5 күні Мұхамедхан отбасында дүниеге келген сәби Қайымның өмір жолында да қақаған кезеңдер аз болған жоқ. Барлық сын сағаттардан жігерлілік, шыдамдылық, көрегенділік, білімдарлық таныта жүріп, аман өтті. Қандай қиын қыстау кезеңде абайтану бағытынан айныған емес. Қазақтың көсемдері мен шешендерін орға айдаған 37-нің құрығы Қайым ағаны да аз әуреге салмаған еді. Теріс жала жабылып, жалындап тұрған шағында Қайым аға 25 жыл түрменің де дәмін татты.

Бірақ, оның бәрі Қайым Мұхамедханұлының өмірге деген көзқарасын, тарих, әдебиет саласындағы ұстанымын өзгерте алған жоқ.

Ол қазақтың Қайымы еді. Жастық шағының қызығы мен қиындығы, қуанышы мен күйініші кезектесіп, жазықсыздан жазықсыз жиырма бес жылға сотталып, алаңсыз әдеби еңбек ету егделік ғұмырының ғана еншісі болған соның өзінде артына аса мол мұра қалдырған ғұлама еді. Әдебиетші, зерттеуші, сыншы, аудармашы ретінде тындырып кеткені қыруар, әсіресе, абайтануды, сондай-ақ Мұхтар Әуезовтың бүкіл өмірін паш етуде төккен тері өлшеусіз. Абай шығармаларының текстологиясын жан-тәнімен тәптіштеп реттеуі, ұлы ақынның мұрагерлері туралы төрт кітап жазып шығаруы - небір үлкен ұжымның да қауқары жетпес шаруа.

Қазақ республикасының тұңғыш гимнің авторы болғаны - өз алдына зор мәртебе.

Қайым Мұхамедханұлы – түпнұсқа иесінің ойын тереңіне танып, тебіренге толғайтын шебер аудармашы.

Қайым Мұхамедханұлының ұзақ жылдар бойы ғылыми, әдеби шығармашылық және ұстаздық еңбегі жоғары бағаланып, ол КСРО медальдарымен «КСРО халыққа білім беру ісінің үздігі», «Қазақ КСР ағарту ісінің үздігі» белгілерімен Құрмет грамоталарымен наградталған.

Семей қаласының, Абай, Жаңасемей аудандарының құрметті азаматы. Қайымның әдебиет тарихына қосқан үлесі де салмақты. Соның ішіндегі жыраулар әдебиеті жөніндегі өмірбаяндық зерттеулер мен текстологиялық салыстырулары бұл саладағы көптеген көмескі жайлардың бетін ашып, тың деректер мен соны пікірлер түйіндеуге негіз қалады.

Саналы ғұмырында атақ үшін емес, ұлы Абай үшін қатал заманның қағидаларына мойынсұнбай азаматтығын сақтай білген, өткен ғасырдың ары, бүгіннің заңына айналған адам Қайым Мұқамедханов.

Әдебиеттер:

Абайдың аманатын орындайық // Ертіс өңірі. - 2003. - 10 қаңтар.

Абайділдин, Т. Қайым Мұқамедханов // Семей таңы. - 2003. - 10 қаңтар.

Жұртбаев, Т. Қайымның қағидалары // Қазақ әдебиеті.- 2006. - 16.- қаңтар.

Сабырбай, Қ. Қайыңдай Қайым // Семей таңы 2003.- №2.- 10 қаңтар.

Сейсенұлы, Д. Абайдың аманатын ақтадық па? // Егемен Қазақстан. - 2003. - 6 қаңтар.

Обновлено 24.01.2011 20:55