Қайым аға туралы екі ауыз сөз Печать
Автор: Administrator   
26.01.2011 00:08

 

Қайым аға туралы екі ауыз сөз

Мен 1940 жылы Семейдің Н.К.Крупская атындағы педагогикалық институтының тіл және әдебиет факультетіне қабылдандым. Институт директоры Санников деген кісі болатын. Мен сол кісінің қабылдау бөлмесінде отырғанмын. Мәселе мынадай еді: сол жылы Семей қазақ педучилищесінің екінші курсын бітіргенмін. Алдағы оқу жылында училищеміз Аягөзге көшірілетін болды. Мен Семейге Алматыдан келген едім. Семейден Аягөзге

барғым келмеді. Сондықтан мені "бірінші курсқа емтихан тапсыруға рұқсат етіңіз" деген арыз жазып, институт директорына келдім. Рұқсат етсе, емтихан тапсырып қалайын, рұқсат етпесе, Алматыға қайтадан кетейін деп ойладым. "Мәселем қалай шешілер екен?", - деп іштей мазасызданып отыр едім. Қабылдау бөлмесінің есігі ашылып, аржақтан орта бойлы, аққұба жігіт келіп кірді. Қара шашын оң жағына қарай жыға қайырған. Үстінде косоворотка (украинша ақ көйлегі) бар, жүзі жылы кісі.

Қабылдауда жалғыз мен ғана отырғанмын. Ішіндегі кісі шыққаннан кейін кабинетіне кірмекпін.

Аққұба кісі хатшымен сәлемдескеннен кейін, маған қарай бұрылды.

- Не шаруамен келіп едің, қалқам? - деп сұрады. Мен жайымды айтып, қолымдағы өтінішімді көрсеттім.

- Қай факультетке түсейін деп едің? - деді содан соң.

- Өлең жазатын ба едің?

- Ептеп.

- Фамилияң кім?

- Нұршайықов.

- Атың?

- Әзілхан.

- Ой, сен "Екпінді" газетінде өлеңдерің шығып жүретін ақын жігіт болдың ғой?

- Азын-аулақ өлеңім басылған еді.

- Сенің онда шыққан бар өлеңдеріңді оқығанмын. Разымын. Мен осы институтта қазақ әдебиетінен сабақ беретін ассистентпін. Фамилиям Мұхамедханов. Алматыны қайтесің? Онда сенсіз де ақындар көп. Семейге де ақын керек. Сен осында қал.

Осылай деп ол қолымдағы арызымды алды.

- Институт қабылдаса қалар едім, - дедім мен.

Осы кезде кабинет есігі ашылып, іштегі адам шықты. Қайым Мұхамедханович, кіріңіз, - деді хатшы қыз орнынан көтеріліп.

- Мен мына жігітпен бірге кіремін, - деп аққұба ағай мені қолтығымнан алып, кабинет есігіне қарай аяңдады.

Директор ұзын бойлы сары кісі екен. Қайым ағамен де, менімен де қол беріп амандасты.

- Құлағым Сізде, Қайым Мұхамедханович, - деді содан соң.

Қайым аға әңгімені алдымен менің шаруамнан бастады. Училищемен бірге Аягөзге барғым келмейтінін айтты.

- Өлеңдері облыстық газетте жиі шығады. Ақын жігіт. Түптің түбінде Семейдің атын шығаратын ақындарымыздың бірі осы жігіт болады. Осы жігіттің біздің факультетке емтихан тапсыруына рұқсат етуіңізді сұраймын, - деді.

Директор өтініш қағазыма қолын созды.

- Бұл жігіт болашақта Сізбен біздің де атымызды ұмытпайтын болады ғой онда? - деді директор, қолымдағы қағазды алып тұрып, күле сөйлеп.

Жақсы шәкірт, ұстаздарын ешқашан ұмытпайды, Григорий Александрович, - деді Қайым аға мені қолпаштап.

Директор: "1-курсқа емтихан тапсыруға рұқсат етілсін" деп, өтінішіме бұрыштама жазып, "Г.Санников" деп қолын қойды.

Сөйтіп, мен емтихан тапсырып, институттың бірінші курсына қабылдандым.

Институт аудиторияларының табалдырығын аттадым. Қуанышымда шек жоқ. Ұстаздар оқыған лекцияларды зер сала тыңдаймын. Тыңдап қана қоймай, тиянақтап, конспектілеп отырамын.

Бір курста оқитын отыз шақты бала бір-бірімізбен танысып, күн сайын жақындаса түсудеміз. Бұрыннан таныстар бір партаға жайғасып та алған. Маған ең артқы партадан орын тиді. Қасымда тұңғиықтау қара торы жігіт бар. Көп сөйлеспейді.

Бір күні қазақ әдебиетінен лекция болды. Лекторымыз Қайым ағай екен. Оң жағына қарай қайырып, маңдайына түсіре түскен шашын анда-санда сипап қойып, байыпты қалыппен лекция оқып отыр. Жасы 24-25 шамасында. Уыздай жас жігіт. Бірақ, сөзі салмақты, ойы орнықты. Қағазға қарамайды. Анда-санда алдына қойған қол сағатына көз салып қояды.

Лекциясын аяқтай берген кезде артжақта отырған маған ұстаз ағаның көзі түсті. "Таныдым" дегендей, басын изеді де, лекциясын жалғастыра берді. Бір кезде сөзін тоқтатып, маған үн қатты.

- Әзілхан, сен түскен екенсің ғой? Сен институтқа қабылданды ма, қабылданбады ма деп алаңдап жүр едім, - деді.

- Түстім аға, - дедім, орнымнан атып тұрып.

- Түскенің жақсы болған. Қасыңда отырған жігітпен таныстың ба?

- Танысып жатырмыз, аға, - дедім.

- Таныссаңдар - ол менің Мәукен деген туған інім. Сен рухани інімсің ғой. Екеуіңнің бірге отырғандарың жөн болған, жұптарыңды жазбаңдар, - деді ұстаз орнынан түрып.

Мәукен Мұхамедханов екеуіміз тату дос болдық. Институтта жұп жазбайтынбыз. Сабақ біткеннен кейін мен оны Ертіс жағасына шығарып салатынмын. Ол моторкаға мініп, Жаңа Семей жақтағы үйіне кететін. Мен Достоевский 124-тегі институт жатақханасына қайтатынмын.

Келесі жылы Ұлы Отан соғысы басталды. Мәукен екеуіміз бірімізден соң біріміз майданға аттандық. Әдіріс білмегендіктен соғыс кезінде хат алыса алмадық. Соғыстан кейін Қайым ағамен бір жолыққанда Мәукенді сұрадым.

- Мәукен досың хабарсыз кетті ғой, қалқам, - деп Қайым күрсіне жауап берді.

Мен 1941 жылы Алматыда жасақталған 100-қазақ атқыштар бригадасының жауынгері болдым. Артиллерист едім. Артиллерист (зеңбірек командирі) күйімде соғысты аяқтадым.

Майданнан 1945 жылдың аяғында қайттым. Әскери эшелон Алматыға келгенде пойыздан түсіп қалдым, өйткен себебім: әкем де, әкемнің інісі - ағайым да Ұлы Отан соғысында опат болған. Шешем соғыс кезінде елде қайтыс болған. Елде ешкімім жоқ еді.

Қалтамда бес жыл бойы көзімнің қарашығындай сақтап жүрген бір қымбат қағазым - анықтамам бар еді. Онда менің Семей пединститутының бірінші курсын бітіргенім айтылып, "институт директоры Г.Санников" деп жазылып, қол қойылған болатын.

Алматыда пойыздан түскеннен кейін сол анықтаманы С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетіне көрсеттім. Бірден филология факультетінің екінші курсына қабылдандым. Қайым аға мен Санниковты сонда бір есіме алдым. "Жақсыдан - шарапат" деген осы екен-ау! -дедім.

1946 жылы жазғы демалыс кезінде Семейге келіп, облыстық "Екпінді" газетіне уақытша қызметке қабылдандым. Маған жауапты хатшының орынбасары деген лауазым берілді.

Бір күні мен отырған кабинетке бір таныс адам кіріп келе жатты. Баяғы аққұба өңді, шашын оң жағына қарай жыға қайырған жылы жүзді кісі. Қайым аға екенін бірден танып, орнымнан атып тұрдым. Екеуіміз құшақтасып көрістік. Қолындағы папкасын үстел үстіне қойып, аға әңгімесін бастады.

- Мен сенің майданнан "Екпіндіге" жіберген барлық шығармаңның бірде-бірін көзімнен таса қалдырғаным жоқ. Бәрін бір папкаға салып, жинақтай бердім. Сенің аман келуіңді тіледім. Әрине, аман келеді деп сендім. Сондықтан да сенің "Екпінді" газетінде басылған бар өлең, очерктеріңді бірін қалдырмастан бір папкаға салып, тығып қойдым. Ішінде: "Қазақ өлеңі", "Семейліктер Отан үшін күресуде" деген қызықты прозалық шығармаларың да бар. Сенің соғыстан аман келгеніңді біліп, осы редакцияда қызмет істеп жүргеніңді естіп, құшақтап бетіңнен сүйейін деп әдейі келдім, айналайын. Мына папкада сенің соғыстан жазған шығармаларың тегіс бар. Өзіңе тарту ретінде әкелдім, - деді де, папкасын маған ұсынды. Ішін ашып қарасам: бар шығармамның шетінде "Әзілханға" деп Қайым ағаның қолымен арабша жазылып белгі соғылыпты.

Мен ұстазыма рахмет айттым. Одан кейін өзінің інісі, менің досым Мәукенді сұрадым. Қайым аға жоғарыдағыдай жауап берді.

Университет бітіргеннен кейін мен Семейге бара алғаным жоқ. Алматыда қызметте қалдым.

Қайым аға өзінің туған Семейінде жүріп жатты.

1996 жылдың басында Қайым аға 80 жасқа толды. Соның қарсаңында мен ол кісімен Жазушылар Одағында кездестім. Өзінің 80 жасқа толуына байланысты Семейде өтетін тойға шақыру билетін үлестіруге келген екен. Маған да бір билет берді. Мен оны оқып отырып:

- Қайым аға, неге бірде-бір мемлекеттік наградаңыз жоқ? - деп сұрадым.

- Ой, қарағым-ай, айдалып-байланып жүрген кісіге үкімет награда беруші ме еді? - деді ол қолын бір сілтеп.

Ағаның бұл жауабы мені ойға батыртты...

...2003 жылы күзде Семей қаласындағы бұрынғы мен оқыған Абай атындағы педучилищенің, қазіргі Әуезов атындағы педагогикалық колледждің 100 жылдығы болды. Оның тойына бұрынғы студенттердің бірі мен де шақырылдым.

Қалада салтанатты жиналыс өткен күннің ертеңінде мен Абай ауданына бұрылып, Абай мен Шәкәрім басына барып қайттым. Қос ақ күмбездің ішіне кезек кіріп, екі ұлы ақынға тауап еттім. Одан кейін Жүрекадыр ауылына барып, атақты Шәкер ақынның мазарын көріп, топырағын сипап қайттым.

Абай ауданынан оралған күннің ертеңінде сәлем беруге ұстазым Қайым ағаның үйіне бардым. Аға аяғын мертіктіріп алып, төсекте жатыр екен. Екеуіміз құшақтасып көрістік. Бірсыпыра әңгімелестік. Содан кейін мен рұқсат сұрап, аэропортқа барып, Алматыға аттанып кеттім.

Онда ұстазым тың еді. Бұл ұстазым екеуіміздің соңғы кездесуіміз деп ойлағаным жоқ.Ұстаз аға 2004 жылы 30-маусымда өмірден өтті. Бұл қаралы хабарды мен "Қазақ әдебиеті" газеті редакциясының қызметкерінен естідім. Ол газеттің шыққалы жатқан нөмірінде Қайым аға туралы қазанама берілетінін айтып, менің қоштасу сөз жазып беруімді сұрады.

Ардақты ұстазымның өліміне қабырғам қайысып отырып, мынадай қоштасу сөз жаздым:

Қош, менің қымбатты ұстазым!

Кәкең менің ұлағатты ұстазым еді. 1941 жылы Семей институтында оқып жүрген кезімде Кәкең бізге қазақ әдебиетінен дәріс оқыды. Мені зерек шәкіртімнің бірі деп бағалады. Сол институтта Кәкеңнің туған інісі Мәукен екеуіміз қол ұстасып, майданға аттандық. Менің майданнан жіберген "Кесет" деген поэмамның Семей облыстық "Екпінді" газетінде шыққан бір данасын өз архивінде 4 жыл бойы сақтап, соғыстан келгеннен кейін өзіме берген еді.

Кәкең Абайтану ғылымының ең білгірі болды. Бүкіл ғұмырын Абайтану ғылымын өркендетуге жұмсады. Абай шығармаларының текстологиясы туралы тамаша зерттеу еңбегін жазды. Одан басқа артына "Абайдың ақын шәкірттері" деген төрт томдық қымбат қазына қалдырды. "Абай" энциклопедиясын шығаруға аямай атсалысты.

Кәкең ұлы Мұхтар Әуезовтің ең жақын досы болды. "Абай жолы" эпопеясына байланысты көп деректі Мұхаң Кәкеңнен - Қайым Мұхамедханұлынан алды.

Былтыр Семейге барғанымда сүйікті ұстазымның үйіне кіріп, сәлем берген едім. Ұстазымның жүзін көріп, қолын ұстап, құшақтасып, қуанып қайтқан едім.

Енді бүгін ол кісі туралы қайғылы хабар естіп, қайғырып отырмын.

Енді не айтайын, не дейін, топырағың торқа болсын, жан аға, ардақты ұстаз! Атыңыз өшпесін, еңбегіңіз ел қазынасы ретінде халыққа мәңгілік қызмет ете берсін!

Қайым туралы сөз = Слово о Каюме: сб. воспоминаний / Құраст. Қайым Мұхамедхановтың отбасы; жауапты ред. Ғ.Қабышұлы // Қайым аға туралы екі сөз / Ә.Нұршайықов. -Астана: Фолиант, 2006. - Б. 33-39.