Мероприятия
Өлкетану әдебиеттерін жинақтап, насихаттау - кітапхана жұмысының негізгі бағыты. Оқырмандарды көркем әдебиетті оқуға тарту, кітап оқудың маңыздылығын насихаттау мақсатында «Бір қала – бір кітап» жобасы ұсынылып, оқырмандар арасында қызу қолдау тапты.
24.10.2013 14:21

Семей қаласының Орталықтандырылған кітапхана жүйесі оқырмандары арасында биылғы жылдың басында «Бір қала – бір кітап» жобасы аясында «Бүкіл қалалық оқуға өзіміздің жерлес ақын-жазушыларымыздың қандай кітабын ұсынар едіңіз? - деген сауалнама жүргізілген болатын. Сөйтіп, оқырмандар таңдауы бойынша Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» кітабы таңдалды.

                Еліңді тану – өлкеңді танудан басталады. Әр адам өзі тұрып жатқан кіші Отанының тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін, әдебиетін білуге міндетті. Қазақстанның рухани-мәдени орталығы қасиетті Семей өңірінде туып өскен, еңбек еткен талантты қаламгерлер аз емес.

            «Бір қала – бір кітап» жобасының мақсаты: Әр сөзі - шежіре, әр ісі - үлгі-өнеге болған жазушының осы «Махаббат, қызық мол жылдар» шығармасын оқырмандарға насихаттау.

           

11 12

 

 

Осы мақсатта Семей қаласының орталық кітапханасы мен Өскемен қалалық орталық кітапханасы арасында «Мәңгілік махаббат жыршысы» атты онлайн-конференция ұйымдастырды. Конференцияға «Қайнар» колледж, гуманитарлық-экономикалық колледж, көп салалы колледж оқытушылары, студенттері, кітапхана оқырмандары қатысты.

            Онлайн-конференцияға ақын, әнші, композитор Құсмілия Нұрқасым, журналист, драматург, Абай атындағы қазақ музыкалық драма театрының әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі Жұмабек Қамбаров, ақын, Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі, республикалық «Абай» журналының бас редакторы, Абай ауданының құрметті азаматы Мұратбек Оспанов, Гуманитарлық-экономикалық колледждің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Оразхан Ботанова, Семей көп салалы колледждің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Гауһар Мұқашева қатысып, аталмыш шығарма бойынша талқылап, сөз сөйледі. Өскемендік оқырмандар арасында қызу пікірталас туындап, бір-біріне сұрақтар қойып, онлайн-конференция өте қызықты өтті.

           «Махаббат, қызық мол жылдар» кітабы қалай жазылды? Қанша уақытта жазылды?Романда Меңтай неге трагедиялық күйге ұшырайды? Осы сұрақтар төңірегінде Қалалық орталық кітапхана қызметкері ой қозғады.

            Осы кітаптың авторы Ә.Нұршайықовтың көзін көрген, ой таласып, пікір бөліскен адамның бірі Жұмабек Қамбаров. Ол «Сіз кітаптың авторымен қашан таныстыңыз? Осы кітапты оқыдыңыз ба?» - деген сауалдарға жауап берді.

            Өскемендік оқырмандар тарапынан туындаған сауалдар төңірегінде Жұмабек Қамбаров, Құсмілия Нұрқасым, Мұратбек Оспанов сынды ақын, жазушылар тұшымды жауап қайтарды.

            Ә.Нұршайықовты бүгінгі жастар «Махаббат патшасы», «Махаббат президенті» деп атайтын болды. Семейге келіп, 85 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиында Әз-аға сөз сөйлеп: «Бұл атақ менің ҰОС-на қатысқаным үшін алған марапаттарымнан да артық еді», - деген еді. Міне, халық жазушысын осы атаққа жеткізген романын көне шаһарымыздағы киелі шаңырақтың бірі - Шығыс Қазақстан облыстық Семейдің Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық драма театры тұңғыш рет сахналады. Бұл спектакльдің режиссеры осы театрдың басшысы, ҚР Мәдениет қайраткері Бауыржан Төлеков. Осындай спектакльдің бірінші рет 2008 жылы Семей сахнасынан көрсетілгенін біз мақтаныш етеміз.

                Қазақ жастарының неше буынын шынайы махаббатқа, адал достыққа, жоғары адамгершілікке тәрбиелеп келе жатқан «Махаббат, қызық мол жылдар» романын оқымаған жан кемде-кем. Сонау 70 жылдардан бері қаншама жас бұл шығарманы жастана оқып, тәтті қиялға, асқақ арманға беріліп, махаббат пен достықтың қадірін түсінді.

            Менің өмірдегі кредом, азаматтық мақсатым - екеу. Оның бірі – махаббат, екіншісі – достық, - деп жазушының өзі айтқандай, адамгершілік, ізгілік, рухани құндылықтарды шығармасының өзекті тақырыбына айналдырған. Әзілхан Нұршайықов өзі өмірден озса да, артында рухани мұралары қалды. Солардың бірі «Махаббат, қызық мол жылдар» атты романы болатын.

            Жазушының шығармалары көптеген тілдерге аударылған. Сондай шығармалардың бірі жары Халимаға арнаған «Мәңгілік махаббат жыры» атты прозалық поэмасын орыс тіліне шебер аударған жазушы, аудармашы Мұрат Сұлтанбеков екендігі оқырмандардың қызығушылығын тудырды. Оқырмандар шығарманың жастарға беретін тәрбиелік маңызы жайлы пікір таластырды.

            «Әзаға - нағыз халық жазушысы еді. Оның әрбір шығармасын жұртшылық қызыға оқитын. Өмірінің соңғы күндеріне дейін қолынан қаламын тастамаған қаламгер өнімді еңбек етіп қана қоймай, халқымызды ынтымақ пен бірлікке шақырып, тәуелсіз еліміздің тілеуін тілеп өтті. Оның шығармалары ізгілікке қандай толы болса, өзінің жаны да сондай нұрлы да мөлдір еді. Мен оның өзіме берген батасын, жазған хаттарын, арамызда болған әңгімелерді ұмытпаймын. Әзағаның өнегелі өмірін, жарқын бейнесін, ғибраты мол шығармаларын халқымыздың да ұмытпасына сенемін», - деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз бағасын берген.

            Шара барысында оқырмандар романның бас кейіпкері Ерболдың Меңтайға арнаған өлеңдерін оқыды.

            2005 жылы жазушының он томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Тұсаукесерге жиналған оқырмандармен өзінің қуанышын бөлісіп, Әз-аға былай дейді:

            «Бүгін мен аса зор бесінші бақытты басымнан кешіп отырмын.

            Бірінші бақытым, кешегі 1418 күнге созылған сұрапыл соғыста 786 күн алғы шепте жүріп, фашистермен соғысып, аман қалғаным болатын.

            Екінші бақытым, қазақтың Халима сияқты дана қызына үйленгенім еді.     

            Үшінші бақытым, балаларым.

            Төртінші бақытым, оқырмандарымның маған деген сүйіспеншілігі. Мәңгілік бақытым осы он томдығымның шығуы деп ойлаймын.

            Өзі айтқандай, жазушы өмірден озса да, артында рухани мұралары қалды. «Махаббат, қызық мол жылдар» атты романы көңілді толқытады, өмірді қалтқысыз сүюге шақырады, адамгершілікке үндейді, оқырманның іздеп жүріп оқитын сүйікті шығармасына айналғанының тағы бір куәсі болдық.

            «Бір қала – бір кітап» жобасы биыл бірінші рет ұйымдастырылса да, оқырмандар жерлес ақын-жазушылардың шығармаларын оқуды бұдан әрі жалғастыра беру қажет деп тапты.

 


3 4


 
Орталықтандырылған кітапхана жүйесі ұйымдастырған «Бір қала – бір кітап» атты жоба аясында бүкіл қала тұрғындары арасында сауалнама жүргізіліп, оқуға өз жерлес жазушыларымыздың 17 кітабы ұсынылды.
24.10.2013 14:14


Жобаның мақсаты – оқуды жандандыру жөніндегі бағдарламаны дамыту, сауаттылық пен оқу мәдениетін қолдау, рухани мұраны сақтау, жастарды ана тіліне деген сүйіспеншілігін арттыра отырып, туған жеріне, еліне деген патриоттық сезімін ояту.

 

Бұл жобаға қатысқан 14 пен 60 жас аралығындағы оқырмандардың 175-і Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» атты кітабына дауыс беріп, осы шығарма қалалықтардың бірлесе оқитын кітабы болып таңдалды.

 

Қалалық орталық кітапхананың қызметкерлері «Бір қала – бір кітап» жобасының жеңімпаз шығармасына арнап Радиотехника және байланыс колледжі мен Еуразиялық технико-гуманитарлық колледж студенттерінің қатысуымен «Махаббат қызық мол жылдар» атты кітап кешін өткізді.

 

Әдебиет әлемінде мәңгілік тақырыпқа айналған «махаббат» мәселесі – бұл романның асыл арқауы. Кезінде қалың оқырманның тұмарындай, сүйікті шығармасы болған кітап бүгінгі күннің балғын оқырманын да бей-жай қалдырмайтыны белгілі. Қазіргі жастардың да жанын тербеген, жалпы адам баласына тән мөлдір сезімді өзек еткен шығарма. Кітап кеші барысында колледж студенттері кітап туралы өз-ойларымен бөлісіп, пікір таласты. Кітаптан алған әсерлері жайлы Еуразия технико-гуманитарлық колледж 203 топтың 2 курс студенттері Маутбекова Данара мен Әділбекова Тоғжан баяндап өтті. Сонымен қоса іс-шарада жазушының өмірбаянымен шығармашылығына жеке тоқтала кетіп арнайы дайындалған слайд көрсетілді. Оқырмандар назарына кітап қорымыздағы Ә.Нұршайықовтың «Ата-Мұра» баспасынан 2002 жылы шыққан «Махаббат қызық мол жылдар», "Ақиқат пен аңыз", «Қаламгер және оның достары», 10 томдық шығармалар жинағы, «Мәңгілік махаббат жыры» атты кітаптары мен баспасөз беттерінде жарияланған материалдары қойылған көрме ұсынылды.

1 2