Қазақстандағы орман қоры
13.03.2012 17:43


Бiздiң елiмiздегi ормандар жүйесi негiзiнен, солтүстiк және шығыс аймақтарында шоғырланған орманның бiрнеше типтерi бар. Олар - сексеуiл, қарағай, шырша, самырсын, қайың ормандары, тоғайлар мен бұталар. Орман қоры жер шары бойынша жылдан жылға азая түсуде. Құрлықтың 62 млн. текше километр жерiн өсiмдiктер мен орман алып 1жатыр. Республикада ормандар аз және олардың жағдайы мәз емес. Оның негiзгi себептерi – адам факторы, өрт, ауа райының өзгеруi мен айнала қоршаған ортаның ластануы. Орманды қорғау бiздiң мiндетiмiз.

Орманның адам мен биосфера үшiн маңызы зор. Орман топырақтағы ылғалды сақтай отырып, су балансын тұрақтандырады. Ылғалды жер өсiмдiк жамылғысы мен жан-жануарлардың көбейе түсуiне ықпал етедi. Орманды алқаптардағы жер асты сулары өзен мен көлдердi қоректендiредi. Орман аң мен құстың мекенi, дәрi дәрмектiң өсiмдiктер мен жемiс-жидектердiң панасы әр қолайлы тiршiлiк ортасы болып табылады.

Ормандардың егiстiк алқаптарын қорғаудағы да рөлi зор. Орманды жерде топырақтың, су және жел эрозиясы болмайды. Ал, ормансыз жердiң топырағы кеуiп, шөлге айналады. Ағаштарды қар тоқтату үшiн де отырғызады. Орманның ауаны тазартатын да қасиетi бар. Мысалы: бiр гектар орман бiр күнде 220-280 кг. көмiр қышқыл газын сiңiрiп, 180–200 кг оттек бөлiп шығарады. Яғни ауаның құрамын толықтырып отырады.

Орман сонымен қатар денсаулық сақтау ортасы. Сондықтан курорт пен сауықтыру кешендерi, т.б. демалыс орындарының тек қана орманды жерде салынуы тектен-тек емес. Сирек өсiмдiктердiң қатарына ағаштар да жатады. Оларды кесiп, отап, құрылыс материалы үшiн пайдалануды азайту керек. Қазiрдiң өзiнде Iле шыршасы, самырсын, шетен, ырғау, торанғыл, долана, шырғанақ, емен, т.б. ағаштары қорғауды қажет етiп отыр. Әсiресе орман ағаштарын кесу етек алуда. Орманды қорғаудың ең маңызды бағыты – жасанды жолмен орман қорын көбейту.

Орманды жерге саяхат жасағандағы ең қауiптi нәрсе – өрт. Орманның өрттен басқа да жаулары бар. Олар – орман зиянкестерi, кемiрушiлер, ұсақ жәндiктер, өсiмдiк аурулар паразиттер, санырауқұлақтар мен вирустар. Зиянкестердiң кесiрiнен құрылыс материалдары үшiн дайындалатын ағаштардың 45 пайызы сапасыз болып шығады. Кей жылдары жүздеген гектар ормандағы зиянкестермен үзбей күресуге тура келедi. Олар химиялық және биологиялық күрес жолдарымен жүзеге асады. Химиялық күресте қоршаған орта мен барлық тiрi ағзалар үшiн ұқыптылықты қажет етедi.


Қазақстандағы ормандардың экологиялық ахуалы

Қазақстан бойынша орман қоры республика жерiнiң 9,7 пайызын құрайды. 1989-2000 жылдардағы цифрларға жүгiнсек, бұл аралықта жылына орта есеппен кем дегенде, 647 орман өртi болып, әрбiр өрттiң зардап шектiрген жерiнiң ауқымы 218,9 гектар болып келедi. Осы екi жыл iшiнде болған орман өртiнен кем дегенде үш жүз мың гектар орман алқаптары бүлiнген. Бүгiнгi күнге Қазақстан бойынша сексеуiл орман қорының көлемi 5,4 млн гектар болып отыр. Кейiнгi он жылда сексеуiл өспе ағаштарының жалпы ауданы 591,2 мың гектарға көбейдi. Бұл негiзiнен сексеуiл ормандары аумағында ағашы кесiлген жерлерде, сексеуiлдiң табиғи ұрықтануына көмектесу шаралары мен табиғи өздiгiнен жетiлу барысында тұрақты тексеру, бақылау. Ормандану дәрежесiнiң төмендеуiне жол бермеу мақсатында, орман қоры жерлерiне сексеуiл тұқымдарын себу арқылы оның көлемiн арттыру iске асады. Сексеуiл ормандарының молаюына Қазақстан Үкiметiнiң 1999 жылғы 29-шы сәуiрдегi «сексеуiл ормандарын сақтау» туралы қаулысы да әсер етуде, қаулы бойынша 1999-2000 жылдары сексеуiл ормандарын кесуге тыйым салынған. Және осы қаулыға сәйкес Оңтүстiк Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы облыстарында орман орналастыру жұмыстары жүргiзiлген.

1997-1999 жылдардағы Семей өңiрi мен Павлодардағы, Ертiс жағасындағы болған орман өрттерi салдарынан Ертiс жағасындағы қарағайлы ормандардың 230 мыңнан астам гектары құрып кеттi.

Ғарыштық және жер бетi зерттеулерiнiң нәтижесiнде, бұл ормандардың 40-50 пайызы өрттен, орман зиянкестерiмен аурулары және заңсыз ағаш кесу салдарынан зиян шеккен.

Ендi осы аймақтарда ағаштарды ерекше бағалы ормандар қатарына жатқызуға Үкiмет қаулысы дайындалып жатыр, ол жағдайда орман күзету ерекше режим бойынша жүргiзiледi.

3Оған қоса 2001-2005 жылдары Семей өңiрi мен Павлодар облыстарында толық түрде орналастыру жұмыстары жүргiзiлдi. Жоғарыда атап өткендей орман өрттерiнің көбеюiне байланысты ағашты рұқсатсыз кесу де белең алды.

Ормандардың экологиялық жүйе ретіндегі өзіне тән ерекшеліктері бар, біріншіден, адамның әсерінен көп өзгеріске ұшырамаған, табиғи күйде сақталған экожүйелердің бірі.

Екіншіден, бұл жоғары өнімділікпен сипатталатын ағаш, детрит, гумус түрінде зат шоғырланған ең қуатты жүйе.

Үшіншіден, ормандар тірі затқа тән функцияларды ашық көрсететін күшті орта түзуші және ортаны тұрақтандырушы фактор.

Төртіншіден, көптеген жануарлардың мекен ету ортасы.

Бесіншіден, орман – шаруашылықтың көптеген салалары үшін бағалы органикалық өнім мен шикізат көзі болып табылады. Сонымен қатар, орманның санитарлық-гигеналық тынығу, стресс жағдайынан құтылуда, эстетикалық және экологиялық тәрбие берудегі маңызы зор.

Орманды ел арасында тоғай деп те атайды. Орман биологиялық тұрғыдан қарағанда өте күрделі организм. Онда өздерінің өсу заңдылықтары мен ерекшеліктері бар – ағаштар, бұталар, шөптер, аңдар мен құстар, жәндіктер мен микроорганизмдер тіршілік етеді. Орманның негізі – ағаштар мен бұталардан құралады. Бірақ кез келген ағаштар мен бұталар орман бола бермейді. Тек бір-біріне жақын орналасқан, бір-біріне әсер етіп, өсіп тұрған ортасына ықпал жасайтын, соның арқасында өздері де өзгеріп тұратын ағаштар мен бұталар тобы орман болып есептеледі.

Орман пайда болған жерлерде шөптің құрамы өзгеріп, сирейді. Далалық шөптер орман ішінде өсуге бейімделген шөптерге орын береді. Ағаш ішінде түскен жапырақтар, сынған бұтақтар, қабықтар, өсімдік дәндері, өлген жәндіктер мен басқа қалдықтар бірте-бірте көбейе келе қордаға айналып, орман топырағының құнарлуына әсерін тигізеді.

Орман көлеңкелі, көбіне, тымық, жазда салқын, қыста салқын болады. Ағаш ішінің жарықтығы да өзгеше. Оның құрамына, тығыздығына, биіктігіне байланысты жерге жететін жарық мөлшері 5-10 пайыздан 50 пайызға дейін өзгереді. Ағаш жапырақтары көмір қышқылын жұтып, оттегін бөліп шығарады. 1 гектар жердегі орман сағатына 2 кг. дейін көмір қышқылын жұтады. Бұл 200 адамның 1 сағатына бөліп шығаратын көмір қышқыл газына тең.

Денсаулық үшін қарағайлы орманның пайдасы ерекше. Қарағайдың қылқанды жапырақтары мен діңі нерв, тыныс жолы мен өкпе, жүрек пен қантамырларының аурулары сияқты көптеген науқастарға шипалы заттар бөліп шығарады.


Орман қорының адам өмiрiндегi маңызы

Орманды алқаптарда ауру тудыратын микробтар аз болады. Қаланың ауасымен салыстырғанда мұндай бактериялар 300 есеге кем болады. Қылқан жапырақты ормандағы ауаның тазалығы хирургиялық операция бөлмесiндегi тазалықпен 4бiрдей болады. Орман топырақтың құнарлылығын сақтайды. Жердiң тозуын болдырмайды. Орман су көздерiн қорғау қызметiн де атқарады. Ауылшаруашылық жерлерiн жолдарды құм, шаң басудан қорғайды. Орман халық шаруашылығына қажеттi құнды материал ағаш бередi. Ормандар дәрiлiк, тағамдық, техникалық өсiмдiктер жемiс-жидектер, саңырауқұлақтар өседi. Орман ағаштарынан құнды шырын, шайыр алынады. Қазақстандағы орман қорының жерi 21,2 млн. гектар, оның iшiнде ағашты алқап 9,1 млн. гектарға жетедi. Орманнан жылына 2-2,4 млн метр³ ағаш даярланады. Қазақстан Республикасы жылына шамамен 11 млн метр³ дейiн ағаш өнiмдерiн тұтынушыларға жеткiзедi. Қазақстан ормандары негiзiнен табиғатты қорғау қызметiн атқарады. Қазақстан орман қорына бай емес. Ағаш және ағаш өнiмдерiнiң басым көпшiлiгi шетелдерде (Ресейде) сондықтан елiмiзде орманды қорғау, молайту және тиiмдi пайдалану өте өзектi экологиялық әлеуметтiк-экономикалық мәселелердiң бiрi болып табылады. Орман қорын қорғаудың және тиiмдi пайдаланудың басты мәселесi - оны ұдайы, үдемелi жаңғыртып отыру. Әсiресе құнды ағаштардың қорын молайту. Орман қоры ұзақ мерзiмде қалпына келетiн табиғат ресурсы. Сондықтан орман қорын өсiру, қорғау ұзақ мерзiмдi бағдарламалар мен жоспар жүзеге асырылуы тиiс. Орманда әр жылдық ағаштар өседi. Яғни, ағашты өсiруге, оны қорғауға жұмсалатын шығын мен оның өнiмдерiн пайдалану процестерi үздiксiз қайталанып отырады. Ағашты даярлау, кесу, тасу жұмыстарын ұкыпты жүргiзу керек. Бұл жұмыстар ағаштың өсуiне нұқсан келтiрмеу тиiс. Ағаш кесу жұмыстары, орман ағаштарының құрамына, жасына байланысты белгiленедi.

Ағаш қоры кешендi түрде пайдалану тиiс, яғни тек ағаш даярлау үшiн ғана емес оның басқа да қызметтер мен үлесiмдi пайдаланылуы тиiс. Ағаш қорын кешендi пайдалану деп – ағаштың өзiн ғана емес, басқа бөлiктерiн (бұтақтарын), түбiрiн, қабығын пайдалана бiлу керек. Орман қорын тиiмдi пайдалану қорғау экономикасы орманды өсiру құнын қорғау шығындарының тиiмдiлiгiн талап етедi. Орман қорын бағалау мынандай қажеттiлiктерден туындайды:

Орман қоры ұлттық байлық болып табылады. Орман шаруашылығы материалдық өндiрiстiң жеке саласы.

Орман жерiнiң сапасына орналасу аймағына байланысты оның өнiмдерiнiң әр түрлі болуында.

Орман шаруашылығының шығындары соның нәтижесiнде алынған өнiмдер арқылы толығымен қайтарылуы тиiс.

Орман қорын өсiрудi, қорғауды және тиiмдi пайдалануды экономикалық ынталандыру қажет және орман қорын бүлдiрушiлер және оған зиян келтiрушiлер материалдық жауапкершiлiкке тартылады.

Орманды жерлерде дем алған адамда күш-қуаты еңбекке қабілеті жылдам қалпына келеді, көңіл-күйі жақсарып, эстетикалық талғамы күшейеді.

 

Әдебиеттер:

Аллабергенұлы, Д. Отанымыздың байлығы мен сұлулығы // Дидар. - 2008. - 24 маусым. -Б. 2.

Әлімбек, Қ. Орман мәселесі басты назарда // Ертіс өңірі. - 2009. - 3 маусым. - Б. 5.

Кенжебеков, Б. Орманды табиғаттан қорғайық // Семей таңы. - 2009. - 4 маусым. - Б.10.

Сағимұратов, Е. Орман мәселесі ойландырады // Семей таңы. - 2009. - 13 тамыз. - Б. 9.

Тілеубайқызы, Л. Орманды қалпына келтіру – кезек күттірмейтін мәселе // Дидар. - 2008. - 19 ақпан. - Б. 1.