Бағдарламалар және жобалар
28.10.2010 22:48

БУККРОССИНГ «Келіңіздер, кітап алмастырайық»


Орталықтандырылған кітапхана жүйесінде биыл үшінші жыл «Келіңіздер, кітап алмастырайық» тақырыбы аясында БУККРОССИНГ акциясы өтті.

«Буккроссинг» сөзін (ағыл. «bookcrossing») қазақшаға аударғанда «кітап сыйлау» немесе «кітаптың айналыста жүруі» деген мағынаны білдіреді. Буккроссинг бүгінде бірегей қоғамдық қозғалыс болып табылады. Оның мәні өте қарапайым: буккроссинге қатысушы адам өзі оқыған кітапты басқалардың да оқуы үшін қоғамдық орында қалдырады, екінші адам алған кітабын оқып шыққан соң дәл солай келесі адамдарға ұсынады.

Биылғы акцияның ашылу салтанаты Қалалық орталық кітапхана алдындағы алаңда өтті, шара барысында кітапханашылар оқырмандарға «Буккроссиг» қозғалысы туралы ақпарат беріп, викториналық ойындар ұйымдастырды. Сонымен қатар кітапхананың жұмыс бағыты мен мекен-жайы жазылған жаднама, бетбелгілер таратылып, кітаптарға библиографиялық шолу жасалды. Шара ұйымдастырылған алаңның безендірілуі мен Орталық мәдениет және демалыс саябағы ұжымы дайындаған сазды әуен үні оқырмандардың көңілін көтеріп, шаттыққа бөледі.

Акция 25 шілде – 8 тамыз аралығында өткізіліп, қызықты кітаптар мен кітапхананы жарнамалайтын баспа өнімдеріне толы әсем безендірілген чемодандар буккросинг ұйымдастырылатын орындарға: Балалар саябағына, №12 кітапхана-бөлімшесі алаңына, 1-ші ықшам ауданындағы Ертіс жағалауына саяхатқа аттанды. Ал, Қалалық орталық кітапхана алаңыңда қаламыздың орталық бөлігінде тұратын кітапсүйер қауымға арналған еркін кітап алмастыру сөресі орнатылды.

Оқырмандар «Буккроссиг» акциясын өткізуді дәстүрге айналдырып, жиі өтіп тұруын қалайтындықтарын білдірді, әсіресе балалар жағы өздерінің сүйікті ертегі, фантастика, мектеп бағдарламасына көмек берер кітаптарын тапқандарына қуанып, оқып болған соң құрбы-құрдастарына ұсынатындықтарын жеткізді. Кітаптар айналысын білдіретін стикер жабыстырылған әдебиеттер қала бойынша саяхатқа шығып, оқырмандар сүйікті кейіпкерлерімен кездесуге мүмкіндік алды.

 

Оқу автобусы


Семей қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің /ОКЖ/ ұйымдастыруымен жыл сайын «Оқу автобусы» акциясы өткізіледі.

Мақсаты: қала тұрғындарын кітап оқуға тарту және ОКЖ кітапхана-бөлімшелерінің орналасқан мекен-жайы, қызметі, кітап қоры мен ресурстары туралы ақпарат беру.

Алғашқы рет бұл шара 2013 жылы «Оқитын аймақ» атты акция аясында бастау алды. Биыл «Оқу автобусы» №35 «Тубдиспансер - Таймас» бағыттындағы автобуста сағат 11:00-14:00 аралығында ұйымдастырылды.

Бұл акция атаулы күндер мен мерейтойларға: Алаш ұлт-азаттық қозғалысының 100 жылдығы, көрнекті ақын Дулат Бабатайұлының 215 жылдығы, ақын әрі композитор Әсет Найманбайұлының 150 жылдығы, қазақтың ұлы жазушысы, қоғам қайраткері, ғұлама ғалым Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің 120 жылдығы, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әзілхан Нұршайықовтың 95 жылдығы және т.б. мерейтой иелеріне арналды.

Кітапхана қызметкерлері автобус салонын шараға сай безендіріп, ішіне акция атауы жазылған баннер, кітап туралы қанатты сөздер жазылған плакаттарды орнатып, балалар жазушыларының портреттерімен көркемдеп, түрлі-түсті шарлар ілді.

Жол барысында жолаушыларға биылғы атаулы даталар мен мерейтой иелерінен басқа, «Бір ел – бір кітап» акциясы және акция аясында жалпыға бірдей оқуға ұсынылған ХІХ ғасырдың көрнекті тұлғасы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармалары жайлы, қала күні қарсаңында Семей қаласының тарихы туралы мағлұматтар берді.

Сондай-ақ, ОКЖ кітапханаларында өткізілетін көпшілік мәдени іс-шаралар, кітап қорындағы бай кітап қоры мен мерзімді басылымдар жайлы ақпарат берді. Бұған қоса әртүрлі қызықты сұрақ-жауап ойындары мен блиц-сауалнамалар өткізілді.

Сонымен қатар, бұл күні ОКЖ-нің барлық кітапхана-бөлімшелерінің қызметкерлері бөлімше маңына жақын орналасқан қалалық автобус аялдамаларында «Кітап менің досым» атты флэш-акциясын өткізіп, кітапхана ережелерімен таныстыратын әртүрлі жарнамалық буклеттер, ақпараттық парақшалар мен жаднамалар, жолсілтемелер мен бетбелгілер таратты. Мұндай шаралардың өткізілуі кітапхана қызметін қала тұрғындарына жақындырақ танытуға мүкіндік береді.

LAST_UPDATED2