09.06.2023 00:55

БИБЛИОДЕСАНТ

Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесінде «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақала аясында «Кітап арқылы рухани жаңару» атты жобаны жүзеге асыру мақсатында Шүлбі кентінің тұрғындарына арналып кітапханалық десант шарасы өткізілді.

Шара барысында Egov.kz порталын пайдалануды, компьютерлік сауаттылық деңгейін көтеруді және Семей қаласындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі сайтының электронды ресурстарымен танысуды қалайтын кент тұрғындарын «Ақпараттық технологиялар» секциясы күтіп тұрды.

30 31

Ал «Әдеби жаңалықтар» секциясына қатысушыларға «Бір ел - бір кітап» республикалық акциясының тарихы, 2018 жылы жаппай оқуға ұсынылған авторлар мен кітаптар туралы ақпарат беретін көрме ұсынылды. Кітапхана қызметкерлері көрмеге қойылған Шәкәрімнің шығармалары, Б.Момышұлының «Ұшқан ұя» повесі мен Н.Келімбетовтың «Үміт үзгім келмейді» кітаптары бойынша толық ақпарат берді. Әңгіме барысында бұл шығармалар әртүрлі болғанымен, оларды біріктірген авторлардың ауыр тағдыры, өмір жолындағы қиындықтарды жеңіп, төзімділік көрсете білгендігі жайлы айтылды.

32 33 34
35 36 37

Кітапханалық десант барысында кішкентай оқырмандардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, оқу техникасын жақсарту мақсатында көркем безендірілген ертегілер, әңгімелер және балаларға арналған анықтамалық басылымдар ұсынылды. Сондай-ақ, Қалалық орталық кітапхана қызметкерлері ағылшын тілін үйренгісі келетін балаларды «Қызықты ағылшын тілі» атты онлайн-сабақтарына қатысуға шақырды.

Шараға қатысқан Шүлбі кентінің тұрғындарына Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты кітапхана-бөлімшелерінің мекен-жайы, ұсынылатын қызметтері мен кітап қоры туралы мәліметтері бар – тақырыптық әдебиеттер тізімі, жарнамалық ақпараттар, бетбелгілер, буклеттер және жаднамалар таратылды.

LAST_UPDATED2