Өлмесеков Келденбай
03.04.2014 11:30
olmesekov

Әнші.

1953 жылы 25 мамырда Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданында дүниеге келген.

Қаратоғай орта мектебін бітіріп, әскери міндетін өтейді. Республикалық эстрада студиясының әншілер бөлімін 1977 жылы бітіріп шығады. Қазақ өнерінің қос бәйтерегі Жүсіпбек Елебеков пен Бекен Жылысбаевтан дәріс алып, олардың баулуында болған.

Еңбек жолын Өскемен филармониясынан бастап, 1978 жылы Семейдің Ә.Қашаубаев атындағы филармониясына қызметке келді. Бүгінде репертуарында 300-ге тарта халық әндері, Абай, Ақылбай, Ақан, Біржан, Ағашаяқ, Үкілі Ыбырай, Мұхаметжан, Майбасар, Уәйіс, Міржақып, Жаяу Мұсаның және бүгінгі композиторлардың әндері бар. Бұлардың арасында Шәкәрім, Шәкір әндері бір төбе.

Келденбай - бүкіл республикада Шәкәрім әндерінің бірден-бір орындаушысы. Шәкәрім әндерінің ноталық негізін алғаш қағазға түсірген Талиға Бекхожина болса, олардың түпнұсқаға ең жақын орындаушысы - Ниязбек Алдажаровтан кейін - Келденбай. Әнші Шәкәрімнің жиырмадан астам ән-күйлерін орындады. Тек орындаушы ғана емес, терең білімді шәкерімтанушы, әрбір әннің шығу тарихын, туу себебін тыңдаушыға жете түсіндіре алатын тамаша насихатшы. Көзінің тірісінде «Шәкерімнің музыкалық мұрасы» және «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» атты лекция-концерттерімен кең-байтақ елімізді аралады.

Әншінің 25 әні Ілия Жақановтың редакторлығымен шыққалы жатқан лазерлі дискілі қазақ әндерінің антологиясына енді.

Республикалық Әміре Қашаубаев атындағы халық әндерін орындаушылар байқауының лауреаты 1980).

Алматыда өткен музыка зерттеушілері байқауының дипломанты (1990).

ҚР Президентінің Грамотасымен, ҚР Мәдениет министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісімен марапатталған.

Әдебиеттер:

Шығыс жұлдыздары [Мәтін] : энциклопедиялық анықтамалық. Т. 1 : Сөз зергерлері. Мәдениет майталмандары. - Астана : Фолиант, 2011. - Б. 254.

Иманғали, М. Шәкәрім өлеңдерінің мәнін түсіну үшін адамға үлкен ой керек [Мәтін] / М. Иманғали // Дидар. - 2009. - 14 шілде. - Б. 5.

Рақымқызы, Р. Кейде мен де "халық әндері өліп кете ме" деп қорқамын... [Мәтін] / Р. Рақымқызы / Ертіс өңірі. - 2010. - 28 шілде. - Б. 13.

LAST_UPDATED2