№12 кітапхана-бөлімшесінде №8 балалар үйінің 7-8 сынып оқушыларымен «Наурыз - бейбітшілік және еңбек мейрамы» атты кеш өткізілді.
20.03.2014 09:57

Кітапханашы балаларға Наурыз мейрамын қазақ даласында қалай тойлағанын, ежелден келе жатқан салт-дәстүрдің маңызын, Наурыз көжені қалай дайындайтындығын, Наурыз жырын, Наурыз бата туралы айтып өтті.

Іс-шарада оқушылар «Жыл басы» атты көрініс қойды. Кешке Қыдыр ата келіп батасын берді.

«Ұлттық ойын – асыл қазынам» атты ойын-сайыс өтті. Кітапханашы ұлттық ойын түрлерінің суреттері бар кітаптарды қолдана отырып, балаларға ұлттық ойындардың тарихын, маңызын, мазмұнын қысқаша баяндады. Балалар қызығушылықпен тыңдап «Сиқырлы таяқ», «Арқан тарту» атты ойындарға белсене қатысты.

Наурыз мейрамына арналған викториналық сұрақтар қойылды. Өткізілген іс-шарада өлең оқылып, ән айтылды. «Қош келдің Наурыз» атты ашық көрмеге библиографиялық шолу жасалды.

№2 кітапхана - бөлімшесінде № 35 орта мектептің 6 сынып оқушыларының қатысуымен «Наурыз — жердің Ұлы мейрамы» атты кеш өткізілді.

Көктем мен еңбектің ежелгі мерекесі «Наурыз» парсы сөзі, қазақша «жаңа күн» деген мағынаны білдіреді, бесікке салу, тұсау кесу қазақ халқының салт-дәстүрлері, Наурыз көже — Ұлыстың ұлы күні жеті түрлі тағамнан жасалатын қасиетті ас, Түркі халықтарының ұғымында жеті саны қасиетті саналады, сол себепті бұл тағамды жеті түрлі тағамнан жасап, молшылық болсын, береке болсын деп ниет еткені жайлы кітапханашы қысқаша айтып берді.

№35 мектептің оқушыларының көмегімен дайындалған шағын концерттік бағдарлама тамашаланды. Дарыбаева Камила, Сабырова Аружан би биледі, Күзенбаева Мадина Ұлықбек Есдәулетовтың «Ұлыс мерекесі» өлеңін мәнерлеп оқыды, Аманғалиева Аружан мен Жарқын Айдананың орындауында «Наурыз думан» әні көпшіліктің көңілінен шықты.

«Қош келдің, Әз Наурыз» атты слайдтар көрсетіліп, Наурыз мейрамына байланысты экран арқылы сұрақ-жауап ойыны ойнатылды.

Кеш «Ұлыстың ұлы күні-Наурыз» атты көрмеге библиографиялық шолумен аяқталды.