Семей қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесінде Наурыз мейрамына орай өткізілген мәдени іс-шаралар туралы АҚПАРАТ
20.03.2014 09:32

Наурыз — өте көнеден келе жатқан мейрам. Күні бүгінге дейін жер шарындағы көптеген халықтардың дәстүрлі мейрамына айналып отырған бұл мерекенің қашаннан бері тойланып келе жатқанын дөп басып айту қиын.

Шығыс халықтарына ортақ мейрам – Наурыз. Оның ішінде қазақ ұлтының ежелгі мейрамы. Қазақ Жаңа жыл күнінде «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, қайда барса жол болсын!» деп бір-бірімен көріседі. Бұл мереке халқымыздың ұлттық салт-дәстүрлері, жоралғылары жарқырайтын күні. «Наурыз» мерекесінің салт-дәстүрлерінен ұлтымыздың мінез-құлқы, ақыл-ойы, дүниеге көзқарасы көрінеді.

Бүгінгі күні Наурызды мерекелеуге кең көлемде маңыз беріледі. БҰҰ Бас ассамблеясы 21 наурызды бүкіл адамзат мұрасының бөлшегі болып, адамдар теңдігінің, бостандығы мен демократиясының символын айшықтайтын Халықаралық Наурыз күні деп таныды. Қазақстандықтар үшін Наурыз адамдардың рухани тазаруына сеп болатын, қоғамда бейбітшілік пен келісімді нығайтатын қайта түлеу мен жаңару мейрамының нышаны болу қажет. Наурыз еліміздегі қазақ ұлтына және өзге де 130 этнос өкілдеріне бірдей қымбат.

Өскелең ұрпақты халықтық дәстүрге баулу, Наурыз тарихымен таныстыру, ұлағатты сөздердің мәніне қарай адамгершілікке тәрбиелеу, ұлттық салт-дәстүрді дәріптеу, шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында мектеп оқушылары мен колледж және жоғары оқу орындарының студенттері үшін Орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты кітапхана-бөлімшелерінде түрлі мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылып, өткізілуде.

Қалалық орталық кітапханада халқымыздың ежелден желісі үзілмей келе жатқан көне салт-дәстүрлері мен әдет – ғұрыптары, рухани-мәдени және адамгершілік дүниеміздегі қымбат қазыналарымызды өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында «Радуга» шығармашылық ұйымы аясында «Наурыз – қазақтың төл мерекесі» атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырылды.

Кешке ҚР оқу - ағарту ісінің озаты, ҚР журналистер одағының мүшесі, шежіреші, этнограф, қаламгер Молдабек Жанболатов, «Ахау-Семей» Қазақ әлеуметтік мәдени орталығының мүшелері және Радиотехника және байланыс колледжінің студенттері қатысты.

naurz1

Кеш барысында кітапхана қызметкері Наурыз мейрамының өте көнеден келе жатқаны туралы тарихи деректерге сүйене отырып, 940-1020 жылдары өмір сүрген ғұламалардың Наурыз мейрамының тарихын және күн мен түннің теңескен уақытынан басталатын «Мәліки жыл есептеу» деген атпен ежелгі халықтардың уақытты есептеу жүйесін енгізіп, күнтізбе жасағаны туралы қызықты ақпаратпен бірге «Ұлыстың ұлы күні» жайында аңыздарға тоқталды.

Сонымен қатар халық кемеңгерлерінің айтқан Наурыздың қасиеті туралы, ұрпақтан – ұрпаққа жеткен салт – дәстүр үлгісін және қазіргі кезде Қыдыр, Қызыр, Қадыр аталардың кім екенідігі туралы кеңінен ақпарат берілді.

«Наурызнама» кітабының авторы Молдабек Жанболатов сөз кезегінде Наурызды тойлаудың бес ерекшелігіне және әркім өз білгенімен жасап жүрген наурыз – көженің ұлттық мәніне, «жеті» санының қазақ үшін қастерлі екендігіне айрықша тоқталды және оқырмандардың Наурыз тарихына байланысты сұрақтарына ұтымды жауап берді.

Наурыз мерекесінде көрініс табатын салт-дәстүрлерді өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында «Ахау-Семей» Қазақ әлеуметтік мәдени орталығының мүшелері Наурыз мерекесімен құттықтап, мерекелік шашу шашты. Қазақтың салт-дәстүрлеріне тоқтала келе, баланы бесікке салу рәсімін көрсетіп, бесік жырын нақышына келтіре орындап берді.

Халқымыздың рухани тарихын тереңнен тартып сезінуге ұмтылдыра отырып оқырмандар арасында мақал-мәтел сайысы ұйымдастырылып, белсенді қатысқандарға ынталандыру сыйлықтары табыс етілді. Жиналған қауым мерекелік дастарханға қойылған ұлттық тағамдардан дәм татып, М. Жанболатов халық баталырының түрлерін тоқтала келе, жас ұрпаққа наурыз батасын берді.

Шара соңында «Айналаны нұрландырып Әз Наурыз келді!» атты кітап көрмесіне қойылған әдебиеттермен таныстырылды.