Қалалық орталық кітапханасының Қызмет көрсету бөлімінде «Бір ел - бір кітап» республикалық акция аясында «Заман және қаламгер» атты кітап көрмесінің тұсаукесері өткізілді.
13.03.2014 11:13

Тұсаукесерге Жазушылар Одағының мүшесі, филология ғылымының кандидаты, «Атилла» атты көпактылы пьесасы үшін «Атилла» медалімен марапатталған, жазушы, ақын М.Р.Сұлтанбеков пен М.Ж.Ажибаева жетекшілігімен көлік колледжінің студенттері қатысты.

Шараның мақсаты: оқырмандардың әдеби көркем тілде сөйлеп, сөздік қорларын жетілдіруде Сайын Мұратбеков шығармаларының маңызы зор екенін таныту; кітап оқуға деген қызығушылықтарын арттыру.


mur2 IMG 3248

Шара барысында кітапхана қызметкері акцияның тарихымен таныстыра отырып, жыл сайын таңдалынған шығармаларға оқырмандардың қызығушылықтары арта түскенін айта келе, қазақ прозасының алтын қорынан саналатын санаулы саңлақтардың бірі Сайын Мұратбековтың өмірі мен шығармашылығына тоқталды.

Қазақ әдебиетін насихаттау, тарихи-мәдени және рухани мұрамызды сақтау, жастарды отаншылдыққа, өнегелілікке тәрбиелеу, оқырмандарды әдеби-көркем кітаптарды оқуға, кітапханаға тартуға бағытталған «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы дәстүрлі түрде өз жалғасын тауып, ауқымдала түсуде. Биыл сегізінші рет өткізіліп отырған республикалық акцияны талқылау барысында оқырмандардың ең көп дауысын жинаған атақты жазушы, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сайын Мұратбековтің «Жусан исі» және «Басында Үшқараның...» атты шығармалары жыл кітабы болып таңдалды.

Қазақ прозасындағы Бейімбет салған мектепті жаңа бір көркемдік биікке көтерген хас суреткер Сайын Мұратбековтың шығармаларының басты тақырыбы мен өзекті мәселесі – ауыл өмірі мен әлеуметтік жағдайдың өзара байланысын суреттеу арқылы кейіпкерлердің азаматтық табиғи болмысын, рухани тазалығын психологиялық этюдтермен бейнелеп өрнектеуі. Осы мақсатта, ауыл адамдарының адалдығын, ақкөңіл мінездерін, бауырмалдығын көркемдейтін шығармалары арқылы оқырмандардың жан жүрегін баурап, ықылас-құрметіне бөленген сирек дарын иесі туралы кеңінен ақпарат берілді. Сонымен қатар ҚР Ақпарат министрлігінің әлеуметтік маңызды әдебиет тізіміне енгізілген 2010 жылы «Қазақстан» баспасынан шыққан С. Мұратбековтың «Басында Үшқараның ...», «Запах полыни» атты кітаптары туралы кеңінен ақпарат берілді.

Қазақ прозасында орны айқын жазушының шығармашылығы туралы Жазушылар Одағының мүшесі, жазушы, ақын М.Р.Сұлтанбеков өмірдің болмысын шынайы бейнелейтін Сайын Мұратбековтың туындылары бүгінгі оқырмандарымен қайта жүздескеніне өз қуанышын білдіре отырып, «Жусан исі» атты шығармасына тоқталып, өзінің жазушылық ойын айтып өтті.

Қатысушыларға экраннан «Шалқар даланың Сайыны» атты бейнефильм көрсетіліп, кітап көрмесіндегі әдебиеттерге библиографиялық шолу жасалды.