Қайроллин Дауыл
04.03.2014 16:22

(1946-2002)

Дауыл (Жайлаухан) Қайроллин 1946 жылы 3-ші тамызда Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданы Құйған ауылында туған. Еңбек жолын 1962 жылы бастады. 1984 жылы Семейдің М. Төлебаев атындағы саз колледжінің ән бөліміне оқуға түсті. 1973 жылы училищені бітіріп, облыстық филармонияға әнші болып орналасты. Білімін көтеру мақсатында 1984 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының ән факультетіне түсіп, оны 1990 жылы бітіріп шықты.

Е.Серкебаев, Б.Төлегенов, Р.Абдуллиндермен бірге сахнаға шықты.

Ол орындаған халық әндері, халық композиторларының әндері, қазіргі әндер мен орыс және шетел сазгерлерінің классикалық шығармалары тыңдарман көңілінен шығып, жүрегінен орын алған.

Талантты әнші еліміздің тәуелсіздік алуының бір жылдығына орай Мәскеуде Чайковский атындағы концерт залында республика өнер шеберлері қатарында мерекелік концертке қатысып, қазақтың, орыстың, украинаның халық әндерін ерекше шабытпен нақышына келтіре орындады.

Әнші бас оркестрлерімен, хор капелласымен Украйнада, Молдавияда, Азербайжанда өткен республикамыздың әдебиет, мәдениет және өнер онкүндіктерінде өнер көрсетті.

Семей өңірінен У. Айдаболов, М. Рақымбаев, Б. Сыбанов, Т. Рахимовтың әндерін жоғары сауатты деңгейде орындаушы. Классиктерден Гендель, Массоне, Шуберт, Чайковский, Әсет, Абай шығармалары бойынша жазылған кассеталары бар.

Дауыл Қайроллин ұзақ жылдар ұстаздық қызмет атқарды. 1976 жылдан бастап ол өз мектебінен бірнеше шәкірт ұшырды.

Әдебиет:

Иманбаева, А. Ән құдіреті: [Мәтін] : [Әнші Дауыл Хайруллинді еске алу] // Ертіс өңірі. - 2010. - 27 қаңтар. - С. 17.