БерікболКөпенұлы
04.03.2014 16:16

(1861-1932)

Әнші, домбырашы, сан қырлы өнерпаз.

1861 жыл шамасында қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында туған.

Өз заманының серісі өнердің көптеген түрлерін меңгерген. Екі аяғына бақан байлап, желген аттыға ілесу, шапқан аттың сауырында аяғын жоғары көтеріп тұру, тұғырда отырып жерден тақия алу сияқты цирктік ойындарды шебер орындаған. Неше түрлі жан-жануардың, құстардың даусын, жүріс-тұрысын, мінезін айнытпай бейнелеген. Домбыраны алдына, артына ұстап, тіпті башпайларымен де тартатын шебер болған. Арқаның 8 пернелі домбырасына 2 перне қосып, 10 пернелі, 3 ішекті домбырада ойнаған.

Репертуарында «Абылайдың қара жорғасы», «Ақсақ құлан», «Алты қаз», «Бозайғыр», «Саймақтың сары өзені», тағы басқа халық әндері мен күйлері болған. Өзінің төл шығармаларынан «Аяғым-ай», «Ахахау-ахау», «Ой, жиырма бес», «Жиырма жеті қыз», «Жетім әні», «Құдіреттің кер тайы-ай» секілді бірқатар әні сақталған.

1932 жыл шамасында қайтыс болған.

Әдебиеттер:

Шығыс жұлдыздары [Мәтін] : энциклопедиялық анықтамалық. Т. 1 : Сөз зергерлері. Мәдениет майталмандары. - Астана : Фолиант, 2011. - Б. 231.

Имашұлы, М. Ағаш аяқ [Мәтін] / М.Имашұлы // Егемен Қазақстан. - 2003. - 24 қыркүйек. - Б. 8.