Назаролла Жүндібайұлы
04.03.2014 16:05

1818 жылы бұрынғы Семей губерниясы Өскемен уезі Делбегетай болысының Сапақ ауылында дүниеге келген.

Жастайынан қолына домбыра ұстап, ән айтып, серілік құрған. Өлеңді серік қылған ол 18 жасында әнші, ақын, сері, балуан деген атаққа ие болады. Екі бақан таңып аттылы адаммен жарысқа түсуі оны ел ішінде Ағашаяқ атандырады. Өнерпаз түрлі аң-құстың әуеніне салған, бет әлпетін құбылтып, неше алуан күлдіргі ойындар көрсеткен.

«Беташар», «Билерге», «Баласы Жүндібайдың атым Назар» тағы басқа мысқыл өлеңдерінде әділетсіз атқамінерлерді шенесе, «Атандым өзім Назар Ағашаяқ», «Жарқылдадым жас күнде», «Кәорілік»» секілді өлеңдерінде көңіл күйін, өмірден көріп-түйгенін тақпақ, нақыл сөздер арқылы білдіреді. Оның «Қаражорға», «Ау, жаным, Жәнікей-ау», «Сары өзен» әндері ел ішіне кең тарған. Өлеңдері Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар орталығында сақтаулы.

1898 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданының Саттық қыстағында қайтыс болған.

Әдебиет:

Шығыс жұлдыздары [Мәтін] : энциклопедиялық анықтамалық. Т. 1 : Сөз зергерлері. Мәдениет майталмандары. - Астана : Фолиант, 2011. - Б. 222.