Қалалық орталық кітапханада «Құқықты қорғау - міндетіміз» атты сұрақ-жауап кеші Радиотехника және байланыс колледжі студенттерімен өткізілді.
19.02.2014 15:16

Бұл шараға Семей қаласындағы Орталық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторы Сапкина Л. қатысты.

Мақсаты: оқушыларды адам құқығымен таныстыру, құқықтану тарихына деген танымдық қызығушылықтарын дамыту.


6 7 8

Сұрақ-жауап кешінің басында кітапханашы: «Соңғы уақыттарда балалар құқығын қорғау мәселесі әртүрлі талқылаулардың, дөңгелек үстелдердің және семинар-кеңестердің өзекті тақырыптарының біріне айналып отыр. Себебі, өзінің болашағын ойлаған кез келген мемлекет ең алдымен адам ресурсының, оның ішінде жас өреннің құқықтық жағдайын айқындап алуы қажет. 1994 жылдың 8 маусымында Қазақстан Республикасы «Балалар құқығы туралы» Конвенцияға қосылып қана қоймай, өзге де нормативтік құқықтық актілермен баланың өз отбасында өмір сүруі мен тәрбиеленуі, өз ата-анасын білуі, ата-анасына қамқоршы болуы және олармен бірге тұру құқығын бекітті», - деп сөзін аяқтады.

Бұдан соң сөз кезегі сұрақ-жауап кешінің қонағына берілді. Ол 1989 жылғы 20 қарашадағы БҰҰ-ның «Балалар құқығы туралы» Конвенциясына сәйкес 18 жасқа толғанға дейін әрбір адамзат баласы кәмелеттік жасқа толмаған бала болып саналады және мемлекет әрбір баланың әлеуметтік жағдайына, нәсіліне, ұлтына, дініне, жынысына, тектік-топтық жағдайына, тіліне, оның ата-анасы мен заңды қамқоршыларына қарамастан барлық құқықтарын қамтамасыз етуі тиіс екендігін айтты. Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың құқықтары мен міндеттері және олардың арасындағы құқық бұзушылық туралы айта келіп, кешке қатысушыларды қызықтырған: Адам құқығын қорғайтын заңдарды кімдер шығарады? Біздің елімізде балаларға қамқорлықты қандай ұйымдар жүргізеді? Оқуға құқық пен міндет дегенді қалай түсінуге болады? және т.б. көптеген сұрақтарға жауап берді.

Сұрақ-жауап кешінің соңы электронды тұсаукесер көрсетілімімен жалғасып, «Қазақстандағы адам құқығы» атты кітап көрмесіне қойылған кітаптар мен мерзімді басылымдарға библиографиялық шолу жасалды.