Цемент кентіндегі кітапхана-бөлімшесінде Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 25 жыл толуына орай «Ауғанстан – жүректегі жара» атты кездесу кеші өткізілді.
15.02.2014 17:06

Кездесу кешіне шайқасқа қатысып, батылдық пен ерліктің ерен үлгісін көрсеткен қаһарман жерлесіміз, ауған соғысының ардагері Мұсағалиев Қайрат Амантайұлы, №32 мектептің 7 сынып оқушылары қатысты.

«1979 жылы 25 желтоқсанда басталып, 110 айға созылған соғысқа Қазақстаннан 22 мыңға жуық адам қатысты. Қаза тапқандар түгелімен дерлік Қазақстанға әкелініп жерленді. Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі деген сөзді растамасқа болмайды. Отқа түскен боздақтардың өздері жоқ болса да, рухтары қасымызда мәңгі бірге, ұмытпайық!», - деп сөз бастаған кітапхана қызметкері Ауған соғысында құрбан болған жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алу рәсімін жариялады.

afd1 afd2

Шара барысында кітапхана қызметкері 1978 жылы Ауғанстанда сәуір айында төңкеріс болып, оның арты аяқталмас соғысқа айналғаны және бұл қасірет елдің тек өз ішінде ғана емес, оған сырт мемлекеттердің қатысуымен де ұзаққа созылғаны жайында баяндай келе, Ауған соғысының қысқаша тарихына тоқталды. «Ұлы дала өркениеті» атты деректі фильмнен көрсетілген үзінділер жас ұрпаққа Ауған соғысының қасіретін сезінуге мүмкіндік берді.

«Біздің әскерлер үшін соғыстың аяқталғанына, биылғы жылы 15 ақпанда 25 жыл толады. «Анадан ешкім батыр болып тумайды», - деп Б.Момышұлы айтқандай, халық қашанда қаһарман ұлдарын пана тұтқан. Қазақ баласы азаматтық парызын адал ақтауды ешқашан ұмытпайды», - дей отырып, сөз кезегі кештің құрметті қонағы батылдық пен ерліктің үлгісін көрсеткен Ауған соғысының ардагері, интернационалист жауынгер Қ.А.Мұсағалиевқа берілді.

Ол сұрапыл соғыстағы ауыртпалықтарды еске алып, жас ұрпақты бейбіт күннің қадірін біліп, қастерлеуге шақырды. Ардагерге оқырман қауым ойларында жүрген сұрақтарын қойып, жауаптар алды. Ардагерге қойылған сұрақтар төмендегідей болды:

• Сіздермен бірге қазақ жауынгерлері болды ма?

• Сіздің Ауғанстанға аттанғаныңызды туған-туыстарыңыз білді ме?

• Ауған жерінде болғанда ауғандықтардың қандай екенін байқадыңыз?

• Сіз Ауған соғысы туралы фильмдерді көргенде шындыққа жанасатындары бар ма?

• Сіздермен шақырылған жігіттердің қаншасы елге оралмады?

• Соғыстың алдында сіздерге жаттықтыру істерін жүргізді ме? Әлде қару беріп жібере салды ма?

• Қазіргі кезде Ұлы Отан соғысының ардагерлері аз. Сіздерге үкімет тарапынан қандай көмек көрсетіліп отыр?

• Ауғанстанда тұратын қазақтар жайлы білеміз. Соғыс кезінде қандастарымызды кездестірдіңіз бе?

• Жауынгерлік борыш барысында үй ішіңізбен жиі хабарласа алдыңыз ба?

Кездесу кешінің басты кейіпкерін Кеңес әскерінің Ауғанстан аумағынан шыққанына 25 жыл толуына байланысты мерекесімен құттықтай отырып, №32 мектеп өнерпазы Тілеуханов Тілек Құрманғазының «Балбырауын» күйін орындап берді.

Кеш соңында ауған соғысының ардагеріне естелік ретінде сыйлық тапсырыла отырып, Ауған қаһармандарын қадірлеп, құрметтеп, рух жасампаздығымен жаңартайық деп қорытындыланды.