Қалалық орталық кітапханада Ақпараттық-библиографиялық бөлімінің ұйымдастыруымен «Шежіреге толы туған өлке» атты өлкетану оқулары өткізілді.
07.02.2014 11:02

Оқуға ОКЖ қызметкерлері, мектеп кітапханашылары, Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университеті студенттері, оқырмандар, өлкетанушылар қатысты.

Мақсаты: қаламыздың дамуына елеулі үлестерін қосқан қайраткерлердің еңбектерін, әдебиет пен өнер майталмандарының өмірі мен шығармашылығын, батырлардың ерлік жолын насихаттау. Жастарымыздың туған жеріне, өлкесіне деген сүйіспеншілігін арттырып, патриоттық сезімдерін ояту.

Аталмыш шара 2014 жылы ШҚО бойынша аталып өтілетін мерейтойларға арналды.

IMG 6208 IMG 6182

Семейде есімі бүкіл республикаға белгілі адамдар аз емес. Сондай тұлғаның бірі - туғанына бір ғасыр болатын Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі, Социалистік Еңбек Ері, ұлағатты ұстаз Жақия Шайжүнісов.

Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының бас маманы Г.Е.Қожахметова Ж.Шайжүнісовтің бүлдіршіндерді азаматтық жолда тәрбиелеуде сіңірген еңбегі, келешек ұрпаққа қалдырған педагогикалық, рухани мұралары, Көкпекті балалар үйіне сіңірген ерен еңбегі, Орел облысынан келген 120 панасыз жеткіншекті Көкпекті балалар үйіне қоныстандырған қамқорлығы жайлы өте қызықты деректер келтіре отырып әңгімелеп берді. Көкпекті балалар үйі кезінде тек Қазақстанға ғана емес, бүкіл Одақтағы ең үлгілі балалар үйі ретінде екі рет Бүкілодақтық көрмеге қатысқанын, алтын медальмен марапатталғанын ерекше айтып өтті.


IMG 6220 DSCN2864

Семей қазақ халқының дамуында және оның тарихи-рухани мәдениетінде үлкен рөл атқарғаны белгілі. Мұнда атақты саяхатшылар Джордж Кеннан, Семенов-Тянь-Шанский, Янушкевич, Паллас, Коншин т.б. болған, олар қазақтардың тұрмыстары мен дәстүрлі, дала өлкесінің атақты адамдары туралы қызықты естеліктер қалдырған.

Сондай белгілі адамның бірі өлкетанушы Н.Я.Коншиннің 150 жылдығына орай, ол туралы Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қор бөлімінің сақтаушысы А.Нұрбаева кеңінен баяндап берді.

Әсіресе, Н.Я. Коншиннің аса білімдарлығы, бірнеше тілді жетік меңгергендігі, дала өлкесінің тарихы жайында жазған еңбектері үшін және Семейде географиялық қоғамының бөлімін ашқаны үшін Орталық география қоғамының күміc медалімен марапатталғаны туралы нақты дәйектер келтірді.

Семей жерінің топырағын басып, қаланың тарихи-рухани дамуына өзіндік үлесін қосқан тарихи тұлғалардың бірі, қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушы Жүсіпбек Аймауытов (125 жыл) екенін өз баяндамасында Қазіргі заман тарихы құжаттама орталығының құжаттама бөлімінің меңгерушісі Л.Қ.Қадырова айтып берді.

Шараға қатысушылар Ж.Аймауытовтың Семейдегі мұғалімдер семинариясын бітіргені, мұнан соң алашордашылардың істеріне араласып, Семейде "Абай" журналын шығарысқаны, Қ.Сәтбаевпен, М.Әуезовпен танысқаны туралы ақпаратты қызығушылықпен тыңдады.


DSCN2958 IMG 6223

Өз өлкесінің патриоты, жас ізденуші, Рымбек Байсейітов атындағы Семей қаржы-экономикалық колледж студенттері Ташкенбаева Аида мен Махамбетова Әйгерім Кеңес Одағының Батыры Әйткеш Ибраев пен Кенжебек Шәкеновтің туғандарына 90 жыл толуына байланысты олардың ерлік істері туралы толғана әңгімелеп берді.

Біздің Отанымыздың тарихында ұмытылмайтын ерлік беттері жетерлік. Соның бірі, тарихта 1979–1989 жылдардағы Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінде болып, сол кездегі халықаралық жағдайды ушықтырған Ауған соғысы деген атпен мәлім. Соғыстың аяқталғанына 15 ақпанда 25 жыл толады. 1978 жылғы Ауғанстандағы сәуір айындағы төңкеріс, соғыстың өршуі, себеп-салдары, оның зардаптары, сол уақыттағы ауған халқының тарихи, саяси, экономикалық-әлеуметтік жағдайы, келтірілген шығын туралы деректерді нақты фактілерге сүйене отырып ақпараттық-библиографиялық бөлімінің меңгерушісі М.О.Маханбетова баяндап берді.

Бұдан соң шара өнер, мәдениет, әдебиет саласында бір кісідей еңбек сіңірген тұлғалар туралы тақырыппен жалғасты.

Қазақ киносының Анасы атанған, белгілі киноактриса, ҚР халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әмина Өмірзақованың есімі тек біздің елімізде ғана емес, ТМД елдерінде де кеңінен танымал. Театр сахнасында 150-ден астам күрделі кейіпкерлердің бейнесін шынайы шеберлікпен сомдап, көптеген көркем фильмдерде басты рольдерде ойнаған біздің өлкеміздің мақтанышы Әмина Ерқожақызының туғанына биыл 95 жылдығына орай кітапхана қызметкері М.С.Ахметкалиева «Сахна саңлағы» атты тақырыпта айтып берді.

Кітапхана қызметкері Б.Т.Ержанова «Белгілі жазушы, сыншы әдебиет пен өнер зерттеушісі, абайтанушы Төкен Смайылұлы Ибрагимовтің өмір жолы кімге болсын үлгі-өнеге. Абай мұражайының шырақшысы. «Қазақстанға еңбегі сіңген қызметкері» атағы берілді, «Құрмет» орденімен марапатталды. Жұртшылыққа ұлы Абай мұрасы, жалпы қазақ поэзиясы, мәдениеті жайлы зерттеу еңбектері арқылы кеңінен танымал қаламгер екі жүзден астам әдеби-сын, әдеби зерттеу, абайтану еңбектерінің авторы, үстіміздегі жылдың 18 ақпанында 75 жылдық мерейтойы аталып өтіледі», - деп өзінің баяндамасында атап өтіп, қаламгердің шығармашылығына тоқталып, библиографиялық шолу жасады.

Шараға арнайы «Шежіреге толы туған өлке» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, оған өлкетану әдебиеттері, мерзімді басылымдар, библиографиялық құралдар қойылды. Көрме материалдары бойынша әдебиеттерге библиографиялық шолу жасалды.

Тақырыптар бойынша арнайы электронды тұсаукесер сүйемелдеуімен баяндамалар жасалып, видео және фотоматериалдар көрсетілді. Өлке тарихынан сыр шертетін мұндай кітапхана шаралары алдағы уақытта жалғаса бермек.

Семей өңірінде дүниеге келген халқымыздың біртуар тұлғалары, өнерпаз өрендері, игі жақсылардың өмір жолы ұрпаққа өнеге, келешекке үлгі болса дейміз, - деген ізгі тілектерін білдіре отырып, шара қорытыланды.