Еруова Күлшат
12.12.2013 23:56

Әміре Қашаубаев атындағы Семей филармониясының әншісі Күлшат Қажкенқызы Еруова 1955 жылы Қытай Халық Республикасының Шәуешек қаласында туған. 1973 жылы Шұбартау ауданындағы, Калинин атындағы орта мектепті бітіріп, сол ауданда комсомол-жастар бригадасында еңбек жолын бастаған. Ауданның көркем өнерпаздар үйірмесінің белсенді әншісі болды. 1977 жылдан Семейдің Әміре Қашаубаев атындағы филармониясының әншісі болып еңбек етіп келеді.

Күлшаттың репертуары кең көлемді. Ол Абайдың, Ақан серінің, «Маңмаңгер», «Балқадиша», «Сырымбет», «Қараторғай», Естайдың «Қорлан», «Көкшетау», Әсеттің «Інжу-маржан», «Мақпал», «Кіші Ардақ», «Гәкку», Майраның «Толқыма», Ш.Қалдаяқовтың «Арыс жағасында», «Ақбантик», «Құрбым жан, құрбым», Н.Тлендиевтің «Саржайлау», «Әкеме», Т.Базарбаевтің «Қызғалдақтар», халық әндері «Ағажан Ләтипә», «Абайкөк», «Айжан-ай», «Айнам-ау», «Ақбаян», «Ақдариға», «Ақкербез», «Әй-әй бөпем», «Әпитөк», «Баянауыл», «Бекзатым» сияқты әндерді нақышына келтіре орындайды. Осы жылдар ішінде Қазақстанның барлық облыстарында болып ән шырқады. Қазақстанның халық әртісі Мәдениет Ешекеевтің бригадасымен Алтай өлкесін аралап, көптеген концерттер қойды. Жолда жүргенде Мәдениет Ешекеевпен Жаяу Мұсаның «Көкаршын», «Хаулау», Мәдидің «Қарқаралы», «Үшқара», Сегізсерінің «Гүлдерайым», «Ойкөк», Салқараның «Жиырма бес» әндерін жалықпай үйреніп, сол әндерді қазір жас әншілерге үйретуде. Кейінгі жылдары эстрадалық аспапқа қосылып бүгінгі таңдағы шығып жатқан әндерді орындап, өзіндік ізденісте жүр.

Ол гастрольдік сапармен Қазақстанның барлық облыстарында, Өзбекстанда, Қырғызстанда өнер көрсетті. Семей қаласында өтетін мерекелік концерттерге белсене қатысады. Өнердегі еңбегі үшін Еруова Күлшат бірнеше мәрте облыстық, аудандық, қалалық ресми орындардың мақтау грамотасымен марапатталған.