Досымжанов Байғали (1922-1998)
12.12.2013 23:38

dosymzhanovӘнші, режиссер.

1922 жылы қаңтар айында Семей қаласында дүниеге келген. 1936-1939 жылдары Алматы музыкалық училищесінде, 1939-1941 жылдары Мәскеу консерваториясы жанындағы қазақ студиясында оқыған, 1947 жылы Алматы консерваториясын бітірген.

1941 жылы Қазақ опера және балет театрының, 1942 жылы ішкі істер жауынгерлерінің, кейін (1943) шекарашылар ән-би ансамбльдерінің жанындағы жеке дауыстағы әншісі болды. 1944 жылдан Қазақ академиялық опера және балет театрында Төлеген (Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібегінде»), Біржан (М.Төлебаевтың «Біржан - Сарасында»), Айдар (А. Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абайында»), тағы басқа партияларды орындап, ұлттық өнердің дамуына елеулі үлес қосты. Қазақ халық әндері мен халық композиторларының әндерін («Жиырма бес», «Бурылтай», «Ақбақай», «Сырымбет», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Ғайни», т.б.) насихаттады.

1960 жылдан режиссерлік қызметпен айналыса бастады. Е.Рахмадиевтің «Қамар сұлу», «Алпамыс», Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» (Қ.Байсейітовпен бірге), 3.Исмагиловтың «Құдаша», Д.Вердидің «Балмаскарад», тағы басқа операларын сахналады. 1975-1976 жылдары «Біржан - Сара» және «Абай» операларын қайта қойды.

1975 жылдан Алматы консерваториясы опералық даярлық кафедрасының меңгерушісі болды. Көптеген дарынды әншілерді даярлап, көркемөнерпаздықты дамытуға үлес қосты.

Үш мәрте Еңбек Қызыл Ту және «Парасат» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған. Қазақстанның халық әртісі (1954), КСРО (1949) және Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері (1978).

1998 жылы 9 шілдеде Алматы қаласында қайтыс болды.


Әдебиеттер:

Шығыс жұлдыздары [Мәтін] : энциклопедиялық анықтамалық. Т. 1 : Сөз зергерлері. Мәдениет майталмандары. - Астана : Фолиант, 2011. - Б. 213.