«Невада-Семей» қозғалысы хақында
11.08.2011 19:22

«ҰЛЫ ДАЛАМЫЗҒА АЗАПТЫ ҚАСІРЕТ ӘКЕЛГЕН ОҚИҒА

ЕШ УАҚЫТТА ҚАЙТАЛАНБАУЫ ТИІС»

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ:

«Невада-Семей» қозғалысы хақында

Сонау 1949 жылдың 29 тамызында қуаты 20 килотондық алғашқы атом бомбасы Семей облысында жарылып, сынақтан өтті. Ашықтан ашық жер бетіндегі бұл жарылыстан орта есеппен 900 мыңдай адам 100-250 рентген мөлшерінде радиация қабылдаған болса, одан кейінгі 1963 жылдар аралығында аса қуатты бомбалардың жарылысынан 2 миллионнан аса жазықсыз халық 300-350, 400 рентген мөлшерінде радиация қабылдаған. Бұдан кейінгі 25 жыл жер асты жарылысынан адамдар түрлі ауруларға ұшырап, сол сырқаттың қасіретін әлі де арқалаумен келеді. Бұл сырқаттардың тұқым қуалайтындығы ғылыми негізде дәлелденді. Демек, қасіреті 300 жылға дейін созылуы мүмкін екен. Кім біледі, осылай жалғаса берер ме еді, егер де 1989 жылы бүкіл халық болып КСРО әскери күштері өнеркәсібінің бұл озбырлығына қарсы шықпағанда.

1949 жылы 29 тамызда азанғы сағат 7-де жерден 38 метр биіктікте қуаты 20 килотонн бомба жарылды.

1953 жылы 12 тамызда осы полигонда дүние жүзінде бірінші болып қуаты 400 килотонн термоядролық бомба сынақтан өтті.

1955 жылдың 22 қарашасында сутегі бомбасы сыналды.

Семейден 120 шақырым жерде 1949-1989 жылдар аралығында 498 ядролық сынақ өткен екен. Оның 88-і ауада, 30-ы жер бетінде, 340-ы жер астында жарылған. Соңғысының қуаты 1,5 мегатонн мөлшерінде болған.

Осы қуатты тажал қаруды дүниеге әкелу үшін КСРО әскери күштер өнеркәсібі жанынан 31 ғылыми-зерттеу және конструкторлық институттар, 29 басқа да ғылыми өндірістік мекемелер, ең таңдаулы деген ғалымдар және 20 мыңнан аса мамандар ең жоғарғы статуспен еңбек еткен. Бұған қарсы тұру, әрине, көзсіз ерлік деуге болады. 40 жыл сынақ қасіретін тартқан халық бастайтын серкесі табылса өліспей беріспеске дайын еді.

1989 жылы 28 ақпан күні Алматы теледидарындағы кешкі жаңалықты үзіп, оның орнына ақын, мемлекет қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы Олжас Сүлейменов Семей ядролық сынақ полигонын жабу мақсатында халықты қозғалысқа бірлесуге шақырды. Бұл қозғалыстың аты Халықаралық ядролық апатқа қарсы «Невада-Семей» деп аталды. Халықаралық қоғамдық ұйымдардың ортақ мүддесі адамзатты, қоршаған ортаны ядролық сынақтан құтқарып қалу еді. Американың Невада штатындағы, Ресейдің Жаңажер аралығындағы, Францияның Мороруадағы және Қытайдың Лобнор өзені жанында орналасқан полигондардың үні өшті. Осы жетістіктің нәтижесінде 1991 жылы 29 тамызда ҚР Президенті Н.Назарбаев «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» №409 Жарлыққа қол қойды.

LAST_UPDATED2