«БІЗ ӘРҚАШАН БІРГЕМІЗ: МЕН ЖӘНЕ КІТАПХАНА»
05.11.2013 16:33

Кітапхана – оқырман мен кітап арасындағы негізгі алтын көпір десек, ал кітапханашы - кітапхана тірлігіне жан беретін, ұлттық құндылықтар мен оқырмандар арасын жалғастырушы екені даусыз. Қызығы мен қиындығы мол кітапханашы мамандығы туралы бір-ақ ауыз сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Кітапханашылар - жұрт көп біле бермесе де, көп елемесе де оқырмандарға қажетті ақпараттың тиімдісін беріп отырған, эстетикалық талғамы бай, ойы зерек, қиялы жүйрік, өзінің кәсіби шеберлігін шыңдаған, дүйім оқырманның кітап жайлы бағыт-бағдар алуы үшін жан-тәнімен беріліп қызмет атқарып жүрген, қасиетті қазыналарымызды көзінің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген ең қажетті мамандық иелері десек артық айтқандық болмас.

            Осынау абыройлы мамандық иелерінің арасында Дамыту және әдістемелік жұмыс бөлімінің ұйымдастыруымен «Біз әрқашан біргеміз: Мен және Кітапхана» атты кітапханалық шоу байқауы Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің жас мамандары арасында өткізілді. Бұл сайысқа қатысуға кітапханалық жұмыс өтілі аз жас мамандар таңдалып алынды, яғни олар білім деңгейіне, жасына, лауазымына қарамастан өздерінің кәсіби білімдерін, шеберліктерін және өнерлерін ортаға салды.

           

            Кітапханалық шоудың басты мақсаты жас мамандарымыздың шығармашылық жетістіктерін айқындау, жұмыстың жаңа түрлері мен әдістерін енгізуге ықпал ету, ұжымда позитивті жұмыс дәстүрін қалыптастыру, кітапхана мен оның қызметкерлерінің имиджін нығайту болды.

            Шара жүргізушілері байқау шымылдығын салтанатты түрде ашып, сайыскерлер мен шоу қонақтарын таныстырып өтті. Осыдан кейін-ақ:

  • Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы - Байғазинова Фарида Жақанқызы;
  • Республикалық ғылыми-техникалық кітапханасы оқу залының меңгерушісі Тулеуканова Гульфира Қаңтарбайқызы;
  • Инновациялық-технологиялық колледж кітапханасының меңгерушісі - Қуанбаева Роза Сәбиқызы әділқазылық еткен тартысты байқау басталып та кетті.

            Кітапханалық шоудың бағдарламасында әртүрлі викториналар мен тестілер болды. Жас кітапханашылар 9 бөлім бойынша күш сынасты. Олар:

è Сәулем, айнам, жарқыным,

            Айтып берші, айт шынын!             - визитка (таныстыру);

è Кітапхана – мақтанышым,

            Кітапханашы – мамандығым - кітапхана мен мамандықты жарнамалау;

è Күздің кәделі сыйлығы - дизайнерлік өнер сайысы;

è Есімдер калейдоскопы - әдеби құпия;

è Өзім-өзіме шебермін - психологиялық тест;

è Кітапханалық лото - кәсіби турнир;

è Білу сенің міндетің,

            КБЖ-нің негізін! - кітапханалық-библиографиялық жіктеу-викторинасы;

è Сен сұлу – экспромт-дефиле;

è Балалық шақ ертегілері – викторина-мүмкіндік.

Кітап жанашырлары өздерінің жан-жақты дайындықпен келгендерін дәлелдеп бақты. Сайыскерлер әртүрлі ән-би орындап, өлеңдер оқып және әзіл-шыны аралас қойылымдар арқылы өздерінің шығармашылықтарын көрсете білді.

«Жарнама – өте қызықты пән», - деп жарнама туралы танымал кітапта айтылғандай - оқырмандарды кітапхана туралы, оның қызметтері жайындағы ақпараттармен уақытында таныстыру, көкейкесті кітаптар мен мәселелер жайында оқырмандармен бөлісу, олардың ықыласын кітапханаға бұру – осының барлығы жарнаманың көмегімен жасалады. «Кітапхана – мақтанышым, Кітапханашы – мамандығым» атты кітапхана мен мамандықты жарнамалау сайысы қызықты әрі ұмытылмастай тартымды өтті.

Арулардың сән үлгісін көрейік.
Сыры менен сымбатына қарап біз,
Әділдікпен бағаларын берейік.
– деп, келесі «Сен сұлу» атты экспромт-дефиле байқауында қыздар өз жанкүйерлерінің ішінен бір көмекші шақырып сән үлгісін көрсетті. Мұнда әр сайыскердің қолына 3 байлауыштан таратылып, олар 3 минут ішінде көмекшісімен бірге осы байлауыштардан сәнді де үйлесімді бір киім ойлап шығарып, оның ерекшеліктері мен ыңғайлылығы, қайда киіп баруға болатынын 1-2 ауыз сөзбен түсіндіріп өтті. Бұл байқауда қатысушылардың қиялдары мен шығармашылық шешімдері, шеберліктері бағаланды.

Берекесін сыйлауға,
Өлкемізге күз келді.

Жемістерін жинауға,
Шақырады біздерді,

- дей отырып, «Күздің кәделі сыйлығы» атты дизайнерлік өнер сайысына кезек берілді. Бұл сайыста байқауға қатысушылар   берекелі алтын күздің бізге берген мол табиғи материалдарынан, яғни жапырақтардан, астық дақылдарынан және т.б. сол сияқты заттардан   үйде дайындап әкелген әдемі бұйымдардың жасалу жолы, оның мағынасы   жайында 2 минут ішінде ауызша әңгімелеп берді. Бұл жұмыстардың атаулары да күздің қайталанбас бояуларымен нақышталғандай: «Ормандағы алаңқай», «Күзгі көңіл-күй», «Күзгі гүл шоғы», «Күзгі миниатюра», «Күзгі кезең», «Білім бәйтерегі», «Күздің назы шын жүректен».

            «Балалық шақ ертегілері» атты мүмкіндік-викторинасында қатысушылар сурет артында жасырылған танымал ертегі кейіпкерлерін табу арқылы өздерінің нәтижелерін біршама жақсартты.

            Аталған сайыстардың барлығы көңіл-көтеру және сергіту бөлімдері болса, кәсіптік байқауларда да ОКЖ кітапханашылары өте жақсы нәтиже көрсетіп, өздерінің осындай қарапайым, елене бермейтін, бірақ өте қажет кітапханашы мамандығының иелері екендігін дәлелдеді.

            «Кітапханалық лото» атты кәсіби турнирде мамандар кәсіптік терминдерді жақсы деңгейде білетіндіктерін көрсетті. Ал «Есімдер калейдоскопы» атты әдеби құпия сайысында қатысушылар қазақ, орысжәне шетел классиктерін өте жақсы білетіндіктерін байқатты.

      «Білу сенің міндетің,

            КБЖ-нің негізін!» – атты кітапханалық-библиографиялық жіктеу - викторинасы арқылы сайыскерлердің кітапхана ісінің негізі болып табылатын Кітапханалық-библиографиялық жіктеуді қаншалықты білетіндері сынға алынды.

            Өздерінің әріптестері мен таныстарын қолдау үшін келген жанкүйер көрермендер осы еліктіргіш шараның белсенді шығармашылық бөлігі болды. Олар өздерінің эмоцияларын жасырмай кітапханалық шоу сайыскерлерінің әрқайсысын ду қол шапалақпен қарсы алып, ұрандап, қолдап-қолпаштап отырды.

            Әділ қазылар алқасы байқау қатысушыларының кәсіби құзырының деңгейін, шешендік шеберлігі мен сөйлеу мәдениетін және берілген тапсырманы көрнекті түрде бейнелеп жеткізе білуін бағалады. Жеті қатысушылардың барлығына номинациялар, мақтау қағаздары мен ескерткіш сыйлықтар тапсырылды.

            Сонымен байқау қорытындысы бойынша бас жүлде - «Үздік кітапханашы» атағын Маркетинг және әлеуметтік-мәдени жобалар бөлімінің жас маманы Нұрғожинова Гүлмира жеңіп алды.

            Әділқазылар алқасының пікірі бойынша «Көп оқитын кітапханашы» номинациясына №2 кітапхана-бөлімшесінің маманы Алпысбаева Гүлнар лайық деп танылды.

            Ал «Ақылды кітапханашы» номинациясы №12 кітапхана-бөлімшесінің қызметкері Куспанова Фаридаға берілді.

            Әділқазылар алқасының мүшелері №6 кітапхана-бөлімшесінің ең жас маманы Ахтанова Инешті «Адал кітапханашы» номинациясымен марапаттады.

            Әділқазылар алқасы мүшелерінің шешімі бойынша Қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы Нұрланбекова Жанна «Тапқыр кітапханашы» болып танылды.

            Балалар және жасөспірімдер кітапханасының маманы Мырзағожинова Айнұр ерекше сәнді көйлек пен «Күздің кәделі сыйлығын» шеберлікпен безендіргені үшін «Өнерлі кітапханашы» номинациясына ие болды.

            «Жанашыр кітапханашы» номинациясын Мирный кентіндегі кітапхана-бөлімшесінің қызметкері Умерханова Раушанға тапсырылды.

            Әділқазылар алқасының мүшелері Байғазинова Фарида Жақанқызы, Тулеуканова Гүлфира Қаңтарбайқызы және Қуанбаева Роза Сәбиқызы ОКЖ қызметкерлерін байқауды ұйымдастырудағы атқарылған үлкен еңбектері үшін алғыстарын білдіріп, сайыскерлерді жеңістерімен құттықтап, шығармашылық табыстар тіледі.

            Кітапханалық шоу соңында ОКЖ қызметкерлері байқауға қатысушыларды құттықтай отыра, осы шара туралы пікірлері мен ұсыныстарын айтып, оны ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді. Әрине, мұндай шараларды өткізу мамандардың біліктілігін көтеруде маңызы зор екенін құптаған әріптестер көтеріңкі көңіл-күйде тарқасты.

 

 

biblioteka skazki DSCN1934 DSCN1800
loto moda DSCN1853 DSCN1892
12345 bbk viktorina DSCN1820 DSCN1876