«Менің жаным поэзиямен бірге»
01.11.2013 15:58

№12 кітапхана-бөлімшесінің оқу залында қазақтың ақыны және жазушысы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 120-жылдығына арналған «Менің жаным поэзиямен бірге» атты ақпарат сағаты өткізілді. Шараға Еуразиялық техникалық-гуманитарлық колледжінің   студенттері қатысты.

            Кіріспе бөлімінде тыңдаушылар әдебиет және қоғам қайраткері, жалынды революционер-демократ жазушының өмірбаянымен, шығармашылығымен таныстырылды.

            Жазушының шығармашылығындағы негізгі тақырыбы – шындыққа көз жеткізу, алашорда қозғалысы өкілдерін елге таныту, қоғамдағы әділетсіздік пен байлық пен кедейліктің теке-тіресін, мақсатын көрсету. Өз шығармаларында ақын бірінші орынға білімді, мәдениетті, сауаттылықты қойды. Сұлтанмахмұт болашақта қазақ елі 30-40 жылда білім мен мәдениеттен Еуропа елдерінің қатарына қосылады деп армандады.

            Іс-шараның негізгі бөлімінде студенттерді жалынды ақынның өлеңдерімен таныстырып өтті. Оның өлеңдерінің негізгі тақырыбы – болашаққа сенім, әділдік және социалистік тұрғыдан алдағы өмірге зор үмітпен қарау. Сондай-ақ Торайғыровтың лирикасы азаматшыл, туған халқының өміріне арналған. Ақын өлеңдерінде ауыл өмірін, қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы күресін, байлардың, молдалардың, болыстардың сатқындығын суреттейді. «Социализм», «Неге жасаймын?», «Адасқан өмір», «Дауылда» атты өлеңдерінде өзінің философиялық көзқарасын, пікірін алға тартады. Оз шығармаларында Торайғыров Руссо мен Толстойдың, марксистердің шығармаларына меңзеп, өзінің демократтық пікірлерін алға тартады.

            Іс-шара бойы ақынның халқына деген ерекше махаббатын, әлеуметтік әділдікті жырлайтын, жалынды өлеңдері оқылды. Ол өмір шындығын Абай үлгісінде бейнеледі. Сыншыл көзбен қарады. Өйткені өмірді жақсарту мен адамды түзеу, ең алдымен ондағы кемшіліктерді әшкерелеу, сын тұрғысынан бағалап, одан арылудың жолын іздеуден басталады.

            Торайғыровтың атымен әлеуметтік-философиялық өлең жанрының басталуы ғана емес, сонымен қатар көркем прозаның туу, қалыптасу кезеңінің бастауы, қазақ даласындағы өзгерістер, қазақ әдебиетінің даму саласынан елеулі орын алуы тығыз байланысты.

            Іс-шарада біздің кітапхананың белсенді оқырмандары: Абенов Жасұлан, Базарбекова Ажар, Жақсылықова Айжан, Кажнурова Балнұр Торайғыровтың өлеңдерін, поэмаларын оқыды. Осы шараға арнап «Оның өлеңдерінің даңқы өшпес...» атты ақынның шығармаларынан ашық көрме ұйымдастырылды.

sdfdsf