12.10.2013 16:17

 

Еліне есеп берді


slide0001-1 slide0002-2 slide0002-1


Облыс Әкімі Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған "Туған жерге тағзым" патриоттық акциясы шығыс қазақстандықтар арасында үлкен қолдауға ие болып отыр.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген Мәдениет қайраткері Роза Байдалина сахнада жүргеніне 50 жыл және өзінің 75 жасқа толуына орай осы бастаманы қолдау мақсатында Семей қаласынан арнайы келіп, көкпектіліктерді өз өнерімен тәнті етті. Абайдың әндері мен халық әндері, балаларға арналған қазақ және орыс әндері қамтылған концерттік бағдарламасы тыңдарманын жалықтырмайды, қайта тыңдаған үстіне тыңдай бергің келеді. Концертті ұйымдастыруда сүйемелдеуші әрі продюсері Әлен Закиев пен домбырашы, әнші Бақытжан Шоқановтардың ерекше екені бірден байқалады.

            Алдымен Көкпекті ауылының шығысында жатқан жері де, елі де бай Биғаш селолық округіне атбасын бұрған Роза Олжайқызына шынында да разы болдық. Биғаш селолық округінің әкімшілік ғимаратына келген кезде "Роза апай, хош келдіңіз! Менің округіме қарайтын шалғай ауылдарға да концерттік бағдарламаңызды қойып қайтсаңыз қайтеді?" деген өтініш білдірген едім. Менің сөзімді жерге тастамаған Роза Олжайқызы желтоқсанның ызғарына қарамай концерттік бағдарламамен Егінбұлақ, Комсомол, Қарғалы елді мекендеріне барып, халықтың алдында есеп беріп қайтты.

            Осы ауылдардағы, яғни В. Маяковский атындағы орта мектеп, Ш. Құдайберді атындағы негізгі мектеп, Қарғалы орта мектебінің мүдірлері Сансызбай Қалиев, Баытқамал Ғабдуллина, Айшекер Тоқпаева және Егінбұлақ ауылының клуб меңгерушісі, көп балалы ана, "Алтын алқа" иегері Нүрия Серікбаева, Биғаш және Қарғалы, Комсомол ауылдарының клуб меңгерушілері Болатбек Серікбаев, Галина Мұсатаева, Секен Қасымовтар жерлесімізді өте жақсы қарсы алып, өздерінің өнер десе өрге тартатындарын көрсетті.

            Өнер қайраткерлерін көгілдір телидидардан ғана көріп жүрген ауыл тұрғындары концертке әжептәуір жиналды. Облыс басшысының қолға алған бұл акциясы адамдарды рухани, қаһармандық жағынан біріктіріп, жастар арасында жоғары тәрбиелік мәнге ие болуы керек. Өз басым осы акцияны қолдаймын.

            «Есеп бер елуіңде еліңе кеп» деген сөз бар қазақта. Роза Байдалинаның туған жері бұрынғы «Большевик», қазіргі Тассай ауылы. Ұзақ жылдар бойы халқын әнімен сусындатып келе жатқан Роза апамыздың сахнада жүргеніне 50 жыл болыпты. Жарты ғасыр бойы өнердің ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген Роза Олжайқызының ел ішіне келіп, есеп беру концертін беруі ел-жұртына деген сүйіспеншілігі, сағынышы деп білдік. Осындай ауылдан қанат қағып, биіктерге самғаған қазақтың ұл-қыздары қаншама. Халықтың да төл перзенттерінің жетістігіне сүйініп, ұл-қызын мақтан тұтатыны сөзсіз. Солардың барлығы да туған жерін, өскен ортасын ұмытпай, уақыт тауып елге келіп тұрса құба-құп болар еді. Роза Олжайқызына бүкіл биғаштықтар атынан алғысымды білдірсем деймін.

Әдебиет:

Наурызбаева Р. Еліне есеп берді [Мәтін] : ҚР-ның Мәдениет қайраткері Роза Байдалинаға 75 жас / Р.Наурызбаева // Ертіс өңірі. - 2010.- 6 қаңтар. - Б.13.

LAST_UPDATED2