Әміре Қашаубаевтың туғанына 125 жыл толу мерейтойына орай Қалалық орталық кітапханада «Мерей» клубы аясында «Әнші мен ән» атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырылды.
02.10.2013 11:54

Кешке Абай атындағы әдеби-сазды драма театрының әншісі, актеры Жұмабек Қамбаров және осы театрдың әншісі, актеры, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Мырзахан Сыдықов, сонымен қатар Ахметова Гүлнұр мен Чекимбаева Айгүлдің жетекшілігімен Д.Қалматаев атындағы медициналық колледжінің 1 курс студенттері қатысты.

            Кеш барысында кітапхана қызметкері Әміре Қашаубаевтың қазақ ән өнерінің тарихында қайталанбас тұлға ретінде бағаланатын таланттылығын, әншілігін, орындаушылық шеберлігін, табиғатынан бойына дарыған өнері жөнінде кеңінен тоқталды. Әміренің қазақ әндерін көп ажарлағанын, байытқанын қазақтың тұңғыш режиссері, халық әртісі үлкен өнер қайраткері Жұмат Шанин де, ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің де айтып өткені жайлы, әншілік дарынының арқасында Париждегі көрмеде тұңғыш рет әлем кеңістігіне шығарып қазақ әндерін әлемге асқақтата шырқағанын, қазақ әнін шетелге тұңғыш танытқан өнерпаз екендігі айтылды.

            Кеш қонақтары тума талант, дарын иесі Әміре әнші туралы айрықша ілтипатпен сөз сөйлеп, өздеріне ұстаз тұтып, теңдессіз әнші екендігін әсерлеп оқырмандарға жеткізді. Сөз барысында   Абай атындағы сазды драма театрының әншісі, актер Жұмабек Қамбаров әнші шығармаларын зерттеп жүргені жайлы, Семейдегі «Ес-Аймақ» мәдени ағарту қоғамында мүше болғаны туралы және «Балқадиша» әнінің туу тарихына тоқталып, қазақтың қара домбырасымен нақышына келтіре орындап шықты. Мырзахан Сыдықов: Әншілік өнердің Әміре бойына қалыптасуына шешесі Тойғанның әсері болғанын, қаршадай баланың домбыраға әуестігіне, әндеткен ыңылынан үміт күткен, бала болашағына көз жіберіп алғаш бата берген Жанақ қарт жайлы, Әміре атамыздың фонографқа жазған «Балқадиша», «Дударай», «Ағашаяқ» әндернің үнтаспасын 1974 жылы 21 ақпанда Мәскеу қаласының Бүкілодақтық орталық мұрағатының Қырғыз бөлімінен тапқан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жарқын Шәкәрімовтың шыққан мақаласы мен кітаптары туралы әңгіме қозғады. Кеш барысында Мырзахан аға оқырман қауымға «Ақ сиса», «Естай мен Қорлан», «Туған өлке» әндерін шырқап көптің көңілін көтерді және әр әннің тарихына тоқталды.

                        Әміре - ұлы әнші, азамат. Оның өмірі мен қимылы әлі де зерттеле түседі. Ол жөнінде талай кітаптар, дастандар жазылмақ. Оның аты ән мектебінде мәңгі қалады. Әнші туралы Қайнекей Жармағанбетовтың «Әнші азамат» повесі, Сәду Машақов пен Оразақын Асқардың поэмалары бар. Әміре Қашаубаев туралы ақын Қайырбек Шағырдың «Ұлы тенор» поэмасы жарық көрді. Оқырмандар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, Әміренің бірнеше әндерін орындап беруін өтініп, кеш өте тартымды өтті. Кешке арнайы «Ән атасы – Әміре» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

 


 

16 17