Ысмаилов Төлеужан (1932 - 1972)
25.08.2013 11:15

"Мен де өлермiн, топырақпен теңелем,

Гүрзiменен соғып жатсаң төбемнен.

Бұл дүниенiң қай кетiгiн жөндейiн,

Дей алмаймын о дүниеде кенелем"

Т.Ысмайылов.

 

Қазақ поэзиясының көрнекті өкілінің бірі Төлеужан Ысмайылов бұрынғы Социалистік Қазақстан совхозының Аққора деген жерінде дүниеге келді.

Әкесі Мұхамеджан колхоз басқармасы бола жүріп, 1942 жылы әскерге алынып, майданнан оралған жоқ. Қаршадайынан жетім қалған Төлеужан Шоң деген жерде бастауыш класты бітіріп, кейін Қайнар орта мектебінде оқыды. Төлеужанға ақындық нағашы жұртынан дарыды. Шешесі де домбырашы, әнші болған. Арғы тегі атақты жыршы Жанақтан бастау алатын Төлеужан орта мектепті 15 жасында аяқтаған.

КазМУ- дің журналистика бөлімінде оқыды. Оқып жүрген кездерінде тұңғыш өлеңдері жариялана бастады.

1951 жылы университетті тәмамдаған соң, "Жазушы" баспасында редактор болып, соңынан Қазақстан Жазушылар Одағында кеңесші қызметін атқарды. Павлодар, Қызылжар қалаларының облыстық газеттерінде, сонымен бірге "Лениншіл жас" газетінде жемісті еңбек етті.

Төлеужанның таланты жөнінде белгілі қаламгер Т. Ахтанов : " Мен көрген ақындардың ішіндегі кесек талант - Төлеужан Ысмайылов еді" - дейді.

Төлеужан шығармасының кең қанат жаюына жазушы Ә.Нұршайықов қол ұшын берді.

Ол талантты ақын ғана емес, талантты журналист те еді. Оның қаламынан туған көркем очерктер мен мақалаларды жұрт қызыға оқыды. Өкінішке орай, ол әдебиет үшін он шақты жыл ғана еңбек етті. Тіршілігінің соңында ауыр дертпен, өкпе ауруымен арпалысты.

Ақынның көзінің тірісінде үш кітабы жарық көрді : "Әлдекімге бір шапалақ","Есіл", "Америка трагедиясы".

Ақынның әдеби мұрасының бір саласы - аударма. Т.Драйзердің "Америка трагедиясы" романының көркем тілмен аударылуына ерекше көңіл бөлді.

Көптеген орыс ақындарын қазақша шебер сөйлете білген Төлеужанның аудармашы ретіндегі құдіретін көрсететін екі үлкен еңбегі бар: бірі - А.С.Пушкиннің "Батыс славян жырлары", екіншісі –М.Лермонтовтың "Мцыри" поэмасы.

1984 жылы ақынның "Сырымды айтам" жинағы жарық көрді. Ол өлеңдер, сатиралар және поэмалардан тұрады. Әрине ақын тірі болса, талай - талай асыл сөздерін халқына арнар еді.

Төлеужан ақынның ерекше талантты болғаны рас. Оның 15 жасында мектеп бітіріп, Алматыдағы ақындардың бас ордасы ҚазМУ-ге оқуға түсіп, оны 19 жасында аяқтауының өзі таңқаларлық жағдай.

Төлеужан ақын еді туа біткен,

Дауысын Алтай, Есіл, Нұра күткен,

– деп жырлайды ақын Бауыржан Жақып Төлеужан ақын рухына арнап жазылған «Ақбиік» атты реквиемінде.

Шынында Төлеужан тумысынан аса зерек, алғыр болды. Осы ретте ақынның анасы Хадиша былай дейді:

«Төлеужан әкесiз өстi. Әкесi соғыстан қайтпады. Бiрақ баламды әкелiден артық етiп өсiрдiм. Төлеужан тым зерек болды. Үйiмiзге кәресiн шақ келмейтiн. Бәрiн Төлеужан түнде кiтап оқумен тауысатын. Ол елде Төлеужан оқымаған кiтап қалған жоқ. Төлеужан жатқа бiлмейтiн өлең болған жоқ. Мектепке басқа балалар сегiз жасында барса, бұл жетiге толар-толмаста барды. Алғашында аттап оқыды. Өзге шәкiрттер бiр жылда бiр класты тауысса, Төлеужан екi класты бiрден бiтiрiп отырды. Тек 7 кластан жоғары қарай ғана бiр жылдан оқыды. 14 жасында Абыралының оқуын бiтiрiп, Алматыға кеттi. Жұрт Төлеужанның алғырлығына таң қалды. Мен тiл-көз тимесе екен деп құдайға жалбарынумен болдым. Пәле-жаладан аулақ болса екен деп тiледім. Алматыдағы оқуын 19 жасында бiтiрдi. Бiтiрген жылы ауылға келдi. Өзiмше той жасадым. Сонда жұрт 19 тұрғай, 39 жасқа келген кейбiр мұғалiмдердiң дипломы жоқ екенiн айтып шуылдасты. Қайтадан Алматыға қызметке кеттi. Артынан жайсыз хабар ала бастадым. Балама көз тидi-ау деп ойладым».

Шынында Төлеужан ақын әдебиетке тым ерте келдi. Ерте кеткенi және рас. Алайда жас ақын жастығына қарамастан әдеби ортаға жатырқамай, аспай-саспай, батыл түрде белсене араласты. Өзіндік үнін, өзіндік сүрлеу-соқпағын көрсетуге тырысты.

Ақын Бауыржан Жақып айтпақшы:

Қаладан кетiп қалып, ауыл кеттi,

Ауылға жеткеннен соң қадыр кеттi.

Шынында солай болды. Ауыл да ақын жанына сая таптырған жоқ. Амал қанша, Төлеужан ақын қамал бұзар қырық жасында қыршынынан қиылды. 1972 жылы Семейдегi ауруханада дүниеден қайтты.

Тұманбай Молдағалиев, ақын:

«Төлеужан бiзден үш-төрт жас үлкен болғанымен, әдебиетке тiптi ерте келдi. Бiрден өз дауысын танытты. Қуатты талант едi, берерiн толық бере алмай кеттi. Алыс ауылда туып-өссе де, орыс тiлiн керемет бiлетiнiне таң қалушы едiк. Аударма жасаған кезiмiзде бiлмейтiн сөзiмiздi Төлеужаннан сұрап бiлушi едiк. Төлеужан қазақшалаған Лермонтовтың «Мцыри» поэмасы – аудармадағы классика».

Жігітке жеті өнер де аз деген ұстанымды мақсат тұтқан Төлеужан Ысмайылов отызда орда бұзып, қырықта қамал алатын шағында дүниеден өтті. Өзі суырып-салма ақын, сатирик, өзі журналист, әрі аудармашы тіршілігімнің барында бәрін жазып қалтырайын деп асыққан тәрізді.

Төлеужан ақынымыздың ерекше тағы бір қасиеті – әдебиет зерттеуші, сыншылығы болатын. Әдебиетші, сыншы алпысыншы жылдан бері қарай ақын жазушылардың, аудармашылардың еңбектерін оқып, оларға пікір білдірумен айналысқан. Тек қана пікір білдіріп қана қойған жоқ, сауатты талдап, салмақты сын айта білген.

Аударма ісін жан-жақты әрі терең зерделеген сыншы өзі де аудармамен айналыса бастаған. Тамаша ірі туындысы Теодор Драйзердің Америка трагедиясы болса, А.Пушкиннің "Батыс славяндар жырларын" М. Лермонтовтың атақты "Мцыри" поэмасын қазақша сөйлетті. Аударма өнеріне аса зор ыждаһат, жауапкершілігімен қарап, әр ақынды өзіндік айшық, кестесімен сөйлете білген, қазақ оқушысына ұлттық сымбат, сынын сақтап шебер жеткізген. Сондықтан өзіне де, өзгеге де талапшыл болған.

Шындығында Т.Ысмайылов сын саласында ұшан-теңіз еңбек еткен ақын. Оның сын мақалалары сан алуан және көлемді дүниелер. Қазақ поэзия көкжиегінің әйгілі есімдерінің бірі Нұрлыбек Баймұратовтың шығармашылығы жөнінде де сөз қозғайды: "Жасы жетпісті қусырған ақсақал ақынның шашына қырау кіріп, қар түссе де, оның жалынды жырлары көктемнің күніндей нұрлы, жаздың жаймашуақ ажарындай жарқын да сәнді. Қарт ақынның жүрегінде лаулаған жастық оты оның жырларына құйылып, оқушыларына жалын мен нұрдан жаралғандай жарқылдап, жалтылдап жеткен", - деп ақын өлеңдерінің болмысын береді. Нұрлыбек ақынның өлеңдерін талдай отырып, сыншы ақындық дарын, тақырып маңыздылығы, жаңашылдық, айтыс өнері туралы ой бөліседі.

Төлеужан Ысмайыловтың сыншылық еңбектерінде жас ақындарды мұқату, немесе намысына тию деген жоқ, керісінше, оларды осы кемшін түскен жерлерін жөндеп, келешегі зор екенін айтып, үмітін үздірмей: "Көркем поэзия жасау үшін көп оқып, көп іздену керек" - деп, бағыт-бағдар береді. Осы орайда ұлы ойшыл Шәкәрімнің сөзі ойға түседі.

Өткен адам болады көзден таса,

Өшті-өлді, оны ешкім ойламаса.

Ол кетсе де, белгісі жоғалмайды,

Керектісін ескеріп ұмытпаса.

Ысмайыловтың туған әдебиеті үшін еткен еңбегі мен жасаған қызметі аз емес. Ақынның бұл саладағы өнері, ерекшелігі, шеберлігі де әдебиетші қауымның назарына тұрарлық еңбек деп ойлаймыз.


Әдебиет:

Ысмайылов Т. Сырымды айтам: Өлендер мен поэмалар / Құраст. М.Сәрсекеев. - Алматы: Жазушы, 1984.- 160 б.

Асабаев, Зәкір. Қызыл жейделі, қызыл шырайлы // Қазақ әдебиеті. - 2009. - 24 шілде. - Б. 7.

Еспенбетов, Арап. Рымғали Нұрғали // Семей таңы. - 2010. - 15 сәуір. - Б. 3.

Жақып Бауыржан. Арманда кеткен есіл ақын // Қазақ әдебиеті. - 2010. - 10 тамыз. - Б.10.

Қасым А. Ақын тағдыры туралы ақиқат айтылды ма? // Дидар. - 2010. - 19 қаңтар. - Б. 5.

Қасымжанұлы Сәтжан. «Жаңа ұрпақ! Құлағыңды түр маған!..» // Дала мен қала. - 2012. - 23 сәуір. - Б.11.