Шондыбаев Уәйіс (1873-1923)
25.08.2013 10:55

Уәйіс Шондыбаев ақын, композитор.

1873 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Шұбартау ауданында туған.

Уәйіс жасынан әнші, қиссаларды жатқа айтатын және дарынды ақын болған, әрі сазгер. Көрші Тобықты елімен, Қосай, Нұралы ауылдарымен, Найман руының сол кездегі алдыңғы қатарлы адамдарымен жиі араласқан, тату-тәтті жолдас болған. Кезінде Абай шәкірттерінің бірі болған.

Оның халық арасында кеңінен тараған «Перуайым», «Шұбартау», «Шыңғыстау» т.б. әндері бар. 1894 жылдан бастап Көкбай, Ақылбай, Мағауия сияқты дарынды ақындар тобына қосылып, ұлы Абайдың ақындық мектебінен өтеді. Ақын шығармаларының ел аузында, көшірме қолжазбаларда және архив қорында сақталып жеткендері: орыс ақыны П.П.Ершовтың (1815-1869) әйгілі ертегі-дастаны «Конек-Горбунок» оқиғасын пайдаланып жазған «Иванушка-дурачок» поэмасы, «Жошы-Алаша хан» дастаны, «Қырық уәзір» әңгімесінен алынып жазылған «Бір қыздың оқиғасы» атты дастаны мен бірнеше өлеңдері.

Керей Уәйіс ақынның шығармаларын жинап, алғысөз, түсініктерін жазып, екі кітабын баспадан шығарған («Уақыт өрнегі», Алматы, «Жазушы», 1988, «Абайдың ақын шәкірттері», Алматы, 1994, 6-том) Қазақстанның халық жазушысы, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері, ғалым Қ. Мұхамедханов.

Уәйіс ақынның 1916-1921 жылдары жазған өлең-жырлары түгелдей саяси-әлеуметтік лирика жанрында, революцияшыл рухта жазылған. «Кеңшілік кедейлерге заман бар ма?» (1916), «Дүние байқағанға бір кең сарай» атты өлеңдерінде халықты азаттық күреске үндеп, ел қамқоры болған жастарды жастарға үлгі-өнеге етіп ұсынады.

Ақынның шығармалары 1987 жылы «Жазушы» баспасынан басылып шықты.

1923 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында өмірден өтті.


Әдебиет:

Ердембеков, Б. Ұлы ақынның ұшқыр шәкірті [Мәтін] // Ертіс өңірі. - 2009. - 14-21 қаңтар. - Б. 13.

Мұхамедханұлы Қайым. Абайдың ақын шәкірттері: 2-ші кітап (Уәйіс Шондыбайұлы). - Алматы: Дәуір, 994.-336 б.

Шығыс жұлдыздары [Мәтін] : энциклопедиялық анықтамалық. Т. 1 : Сөз зергерлері. Мәдениет майталмандары. - Астана : Фолиант, 2011. – Б. 171.