Шәріпов Әди (1912-1993)
25.08.2013 10:52

2Ә.Шәріпов соғыс жылдарында әйгілі партизан атана білді. Қаруымен бірге қаламын да қатар алып жүрген ол осынау қанды қырғында басынан өткен оқиғаларды қағаз бетіне түсіріп, келер ұрпаққа мол мұра ретінде қалдырған.

Әди Шәріповтің «Партизан қызы», «Ормандағы от», «Тон», «Қапастағы жұлдыздар», «Дос сыры» сынды еңбектері оқырмандар тарапынан ерекше бағаланып, қолдан-қолға өтті.

Әди Шәріпов 1912 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданының Мариновка ауылында дүниеге келген. Соғысқа дейін Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында оқыды және Түрікмен КСР-індегі Красноводск педагогикалық техникумында оқу меңгерушісі қызметін атқарады. Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен бастап-ақ Кеңес әскерінің қатарына алынған.

Ал, соғыстан кейінгі уақытта Қазақ КСР Оқу министрінің орынбасары, Қазақ КСР Оқу министрі, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, Қазақ КСР Сыртқы істер министрі, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы және КСРО Жазушылар одағының хатшысы, Қазақ КСР Ғылым академиясы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры қызметтерін атқарған болатын. Оның 350-ге жуық ғылыми және публицистикалық еңбегі бар. Көп жылдар бойы педагогика саласында зерттеулер жасаған.

Әди Шәріпов Ленин, екі рет Еңбек Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз, «Құрмет Белгісі» ордендерімен, КСРО медальдарымен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған. Ол сондай-ақ, «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұғалімі» деген құрметті атақтың да иесі.


Әдебиет:

Шәріпов Ә. Қапастағы жұлдыздар: Повесть және жол хикаясы. - Алматы: Жазушы, 1971. - 296 б.

Шәріпов Ә. Таңдамалы: 2 томдық. - Алматы: Жазушы, 1982.

Шәріпов Ә. Сахара қызы: Роман.-Алматы: Жазушы, 1979. - 427 б.


Ол туралы:

Арынұлы Р. Әдидің әлемі: (Ұлы Отан соғысының ардагері, жазушы Ә.Шәріпов) // Ертіс өңірі. - 2011. - 22 маусым. - 11 б.

Исабаев, Қалмақан. Жиырма жылдың жырлары / Қ. Исабаев // Ана тілі. - 2010. - 14-20 қаңтар. - Б. 8.

Қасым, Азамат. Әди ағаның тойы осылай өткен еді. [Мәтін] : [Жазушы Ә. Шәріпов туралы] / А. Қасым // Дидар. - 2012. - 15 ақпан. - Б. 5.

Ол күндер ұмытылмайды (1941-1945) [Мәтін] // Семей таңы . - 2012. - 8 мамыр. - Б. 4.

Соғымбаев, Олжас. Ақберен [мәтін] : Әди Шәріпов - 100 // Семей таңы . - 2012. - 22 мамыр. - Б. 5.