Шәкерімұлы Зият (1903-1937)
25.08.2013 10:46

Зият Шәкерімұлы ақын, драматург.

1908 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында дүниеге келген.

Шәкерім Құдайбердіұлының ұлы. 1931 жылы ел басына түскен қиыншылықта әке ақылымен «жұртпен бірге Қытайға кетуге мәжбүр болған. 1934 жылы Шығыс Түркістандағы Сарысүмбе қаласында қысқа мерзімді оқытушылар курсын бітіреді де, Алтай аймағының оқу-ағарту бөлімінде қызмет етіп, ойын-сауық істерін ұйымдастырумен айналысады. 1935 жылы Үрімжі қаласындағы қазақ-қырғыз ағарту ұйымы ойын-сауық бөлімінің меңгерушісі және «Шыңжаң» газеті қазақ редакциясында әдебиет бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарады.

"Абай" журналының 1994 жылғы N9 "Шәкерімұлы Зиат туралы" атты редакциялық мақаласында:

"1931 жылы қазан жұлдызының бір күні Шәкерім жанында Идаят, Ғылымбай деген жолдастары және кенже ұлы Зият төртеуі Шақпақтастағы қорасынан "Кереге тас" деген жерге аттанады. Осы сапарға аттанар алдында Идаят пен Ғылымбайға Шәкерім былай деді:

"Мен көп ойландым, барар жер, басар тау қалмапты. Тіпті өлер шағымның таяғанын да аңғармай келіппін. Ендігі байламым Қытайға өтетіндерге Зиятты қосып жібермекпін. Ондағы ойым, менің өлімімді ол, оның өлімін мен көрмеймін" - дегенім ғой. Міне, осы жылы, осы сапарда Зият елімен, жұртымен қоштасып, Қытайға кетуге мәжбүр болды. Зияттың бұдан арғы тарихы туралы Шәкерім қажының жиені Қожағапан Қабиболла ұлы (Қабыш) Сүлейменов былай дейді:

"- Шәкерімұлы Зият бұрын өлең жазған емес еді. Қайғы-қасірет басына түскеннен кейін "Ата көрген оқ жонады", - дегендей өлең жазуға машықтанды. 1931 жылдан бастап Шыңжаң өлкесінің Алтай аймағының оқу-ағарту бөлімінде қызмет істеп, ойын-сауық істерін жолға қоюмен шұғылданады. Ол "Аюбай үкірдай" - деген атпен аймақта тұңғыш рет пьеса жазып сахнаға қойғызды.

Сондай-ақ Абайдың, Шәкерімнің өлеңдері мен шығармаларын халық арасына кеңінен насихаттап, мектеп оқушыларына Абай мен Шәкерім әндерін үйретуге ерекше назар аударады. Бұдан да басқа қазақ ақындарының өлеңдерінен мектеп оқушыларына декламация айтқызуды да халық арасында ұйымдастыруға ұйытқы болды.

1935 жылы қазіргі Шыңжаң ұйғыр автономиясының орталығы Үрімжі қаласындағы қазақ-қырғыз ағарту ұйымының ойын-сауық бөлімінің меңгерушісі және "Шыңжаң" газетінің қазақ редакциясының әдебиет бөлімін басқарды. Мұнда қызмет істеп жүрген кезінде "Қаракөз", "Шұға", "Қалқаман-Мамыр", "Жалбыр" сияқты пьесаларды сахнаға шығарды. Мамыр төңкерісіне арналған Гимнді Жәкеұлы Мұқашпен бірлесе отырып қазақ тіліне аударып, жастарға кеңінен таратты. Бір қыдыру лирикалық өлең жазды.

1937 жылы Шыңжаң халқының бетке ұстар интеллигенциясы жаппай ұсталып, қырғынға ұшырады, неше түрлі өтірік жала жабылып құртылды. 1937 жылы Зият та тұтқындалып, содан қайта оралмады. Зияттың өзіне тән үлкен бір қасиеті өте зерек болатын. Қажының барлық өлеңдері мен шығармаларын жатқа айтатын. 1937 жылы Зиятты тұтқындаған кезінде оның жазған өлеңдерін, кітаптарын бірге алып кеткен көрінеді.

1937 жылы жаламен ұсталып, хабар-ошарсыз кетеді.


Зият Шәкерімұлы «Әкеме»

 

Қажы еді әкем кәрі шал,

Жетпіс үште жасы бар.

Анық жеміс алғанға

Шөлдеген жанға еді бал.

Сүйегі қалды қиырда-ай,

Басыңа халқың жиылмай.

Туысқан, бауыр, балаңнан

Топырақ қолдан бұйырмай.

Алланың пұлдап қағазын,

Өзгермей өткен сабазым.

Міндетін танып жөн көрген

Ораза, зекет, намазын.

Бейсембі күні өттің бе,

Шейіттік жолға кеттің бе?

Айырылман деген әкекем

Шынымен тастап кеттің бе?

Жиырма сегіз жасымда

Жалғанның көрдім тарлығын,

Қайғыны салдың басыма

Ең ауырын, барлығын.

Әкекем, сізді сағындым,

Ойласам, естен жаңылдым.

Жас өмірді сөндіріп,

Тағдыр-ау, саған не қылдым?!

Асқар белім, биігім,

Қайғының тарттым күйігін.

Қайғы билеп әкетті

Көтере алмай иығым...

Паналаушы едім саяңды.

Опасыз өмір таянды.

Жүректегі зар-мұңым

Бір өзіңе аян-ды.


Ұлы едім

(Әні бар)

 

Ұлы едім Шәкерімнің Зият деген,

Ән айтқан бала жастан қияқпенен.

Әкенің тәрбиесі сіңіп бойға,

Қиянат жанға жасау ұят дегем.


Қайырмасы:

Осыны ұстап өтемін,

Шыңғыстау еді мекенім.

Зұлымның түсіп торына

Тас түрме болды төсегім.

Дінсіздер адамдарды арандатты,

Қылышын, қол шоқпарын жалаңдатты.

Алдамшы саясаттан торды тоқып,

Зынданға зиялыны тамам жапты.


Қайырмасы:

Жатырмыз Үрімжінің түрмесінде,

Өңкей қу екі елден бірлесуде.

Ақылды азаматтар тұтқын болып,

Азапты, аянышты күн кешуде.


Қайырмасы:

Орнымнан зорға тұрдым сыз өтіп бір,

Тайсалмай Таңжарық та жыр етіп жүр.

Мәскеуден қаруланған Шэн ши-цайды

Орыстың әскерлері күзетіп тұр.


Қайырмасы:

Десек те қайырымды, жапа көрмес,

Опалы тар кезеңде болды жерлес.

Өз халқын зар илеткен большевиктер

Ешкімге олар түбі опа бермес.

Әдебиет:

Шәкерімұлы Зият [Мәтін] / Жанболатұлы, Молдабек. Тобықты-Шыңғыстау шежіресі : Т. 2. / Молдабек Жанболатұлы. - Алматы, 2004. - Б.144-145.

Шығыс жұлдыздары [Мәтін] : энциклопедиялық анықтамалық. Т. 1 : Сөз зергерлері. Мәдениет майталмандары. - Астана : Фолиант, 2011. – Б. 169.

Ізтілеуова, С. Жақсының ұрпағы [Мәтін] // Қазақ әдебиет. - 2009. - 24 сәуір .- Б. 6.

Чушекова, Ж. Шәкәрім ұрпақтарымен кездесу [Мәтін] / Ж. Чушекова // Семей таңы. - 2009. - 28 мамыр. - Б. 9.