Шәкерімұлы Ахат Құдайбердиев (1900-1984)
25.08.2013 10:44

111Ахат Шәкерімұлы ақын.

1900 жылы Шыңғыстау бөктерінде туған. Шәкерім Құдайбердіұлының ұлы.

Ауылдағы мектеп-медреседен хат танып, Семейдегі Қазпедтехникумды 1927 жылы, ҚазПИ-ді 1935 жылы бітірген. 1927-1934 жылдары ауылындағы, 1934-1939 жылдары Шымкент қаласындағы, Жамбыл облысы аудандарындағы орта мектептерде, 1967 жылға дейін Алматы облысы мектептерінде ұстаздық еткен.

Ахат 3-4 жыл бүкіл Құнанбай әулеті кешкен тағдырмен қамау, тергеу, абақты, айдауды басынан өткізеді.

1969-1984 жылдары Абайдың Жидебайдағы мұражайының директоры болып қызмет етті.

Ел тағдырын, халықтың әлеуметтік хал-ахуалын терең толғайтын көптеген өлең-жырлары, кең тынысты туындылары бар.

Ахат Шәкәрім қажының туған ұлы ғана емес, шәкірті де. Ол өзінің күллі шығармашылығында әкесі, әрі рухани ұстазы Шәкәрім мұрасына жиі жүгініп отырады.

Ахат ақыннан қалған әдеби мұра мол. Оның ішінде 1915-1928 жылдар аралығында лирикалық өлеңдер санының өзі - 126. Ол 15 жасынан өлеңге ғашық болды.

Оның «Төлеутайға», «Қоқанға», «Құрдастарға» сияқты өлеңдері түрі жағынан ауыз әдебиетіне аса жақын. Ахат әкесі Шәкәрімге жалаң еліктеуші ғана емес, екеуінің мұраттас, мақсаттас, рухани туыстығы танылады. Сол кездегі қазақ зиялыларының ұлттық ұраны: «Оян, қазақ!», «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам!» деген асыл мұратқа тірелетін.

Қазақ мәдениетінің Абай, Шәкәрім тәрізді аса ірі қайраткерлері тәрбиесінде болу Ахатты туған ел әдебиетінің арғы-бергі мұраларымен танысып қана қоймай, оның өзіндік ақындық талантымен ерте оянып, қалыптасуына жағдай жасады. Ол нағыз реалистік поэзияның ақыны болды, шыншыл өмір құбылыстарын жырлады.

Шәкәрімнің барлық балалары, немерелері қамауға алынып, жазықсыз жапа шегіп, жантүршігерлік күн кешеді. Түрмедегі ауыр азап, қорлыққа шыдамаған Ғафур, Баязиттер өзіне-өзі қол жұмсап қайтыс болады. Қабыш таяқ пен аштықтың зардабынан Шыңғыстаумен екі ортадағы жолда өледі. Зият Қытайға өтіп кеткенімен құрығы ұзын қиянатшылардан құтылмай, қайғылы қазаға ұшырайды. Түрмеде жатқан Ахат әкесінің қаза болғанын естіп бір уыс топырақ сала алмай, қайғының уын ішеді.

Абақтыдан босап Шымкент, Жамбыл жақта мектептерде мұғалім болып жүрген Ахат "халық жауы","бандиттің баласы" деген жалалы жалған айып тағылып 1937 жылы 13 октябрьде Сібірге айдалады. Қамауда тергеу, ұрып-соғу, азаптау, қорлыққа шыдамаған ол әкесінің әдеби мұралары мен әндерінің құрып кетпеуі үшін, оны жинап 2 том қолжазба етіп көшіріп, мұражай, кітапханалар мен сенімді адамдарға таратқан.

Шәкәрімнің кінәсіз екенін үкімет басшыларына әркез жазып, оны ақтау, шығармаларын жарыққа шығару ісімен толассыз шұғылданып, арызданады. Қазақтың зиялы азаматтарының қолдауымен 1958 жылы 29 октябрьде СССР Мемлекеттік қауіпсіздікті бақылау органының прокуроры қол қойған "Шәкәрім Құдайбердиев ақталды" деген қуанышты хабар алады.

1961 жылы 30 жылдан артық құр құдықта жатып қалған әкесінің сүйегін қазып, түгендеп жинап, қайта арулап ұлы ұстазы Абай зиратының жанына жерлейді.

Саналы бар өмірі ұлы Абай мен Шәкәрімді насихаттауға арналған Ахат Құдайбердиевтің мұражай қорында арабша жазылған шығармалар мен естеліктерді кирилица жазу таңбасына қотарып, жазғандары бар, үнтаспаға құнды естелік қалдырған.

1984 жылы 26 маусымда Ахаттың өзінің өсиет, тілегі бойынша Семейдегі Абай мүражайының негізгі қорына қабылданған 36 құжат, 51 қолжазба шығармалар (поэма 7318 жол, өлең 25431 жол, прозалық шығармалар, естелік-әңгімелер 813 бет), Шәкәрімнің жалғыз суреті сақтаулы.

Қиянатшыл тағдырдың адам айтқысыз қысым-қыспағын басынан өткізсе де қажымай, қайыспай өткен асылдың сынығы, тектілігін таныта білген тұлға Ахаттың арманы, соңғы тілегі қабыл болып, қасиетті Шыңғыстаудан топырақ бұйырып, киелі Евразияның кіндігі Жидебайдағы әкесінің оң жағынан мәңгіге жай тапты.

Абайтану, Шәкәрімтануға айтарлықтай үлес қосқан Ахат Шәкәрімұлы Құдайбердиевтің өмірі мен еңбегі толық жинақталып, зерттелмегенімен, медицина ғылымының докторы, ҚР Суретшілер одағының мүшесі М.Т.Әлиакпаровтың құрастырып бастыруымен "Ахат" (1997), "Ақын аманаты" (2000) атты кітаптар шығарылып, сазгер журналист А.Ахметжанов облыстық "Семей таңы" газеті мен республикалық "Абай" журналына Ақаңның музыкалық шығармалары жөнінде естеліктер жазып келеді. Ақын, сазгер, шежіре жазушы, ұстаз Ахат Құдайбердиевтің 100 жылдық мерейтойы Ертіс, Семей өңірінде, Абай ауылында аталып өтті.

Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған.

1984 жылы Семей қаласында өмірден озды.


Әдебиет:

Арықбаева, Айтжамал. Ахат Шәкәрімұлы Құдайбердиев / Жанболатұлы, Молдабек. Тобықты-Шыңғыстау шежіресі [Мәтін] : Т. 2 / Молдабек Жанболатұлы. - Алматы, 2004. – Б.141-142.

Базылхан Нәпіл. Абайдың қолжазбасы. Шәкәрім жасырған сырлы қобдиша Шыңғыстаудан табылуы мүмкін // Дала мен қала. - 2010. - 6 қараша.

Мәдениет майталмандары. - Астана : Фолиант, 2011. – Б. 169.

Тоқанұлы, Б. Ахаттың шәкірті, Шәкәрімтанушы Арғынбек аға [Мәтін] // Дидар. - 2008. - 1 шілде. - Б. 6.

Шәкерімұлы Ахат. Құнанбай туралы [Мәтін] // Абай. - 2004. - №1. - Б. 2-11.

Шығыс жұлдыздары [Мәтін] : энциклопедиялық анықтамалық. Т. 1 : Сөз зергерлері.

Шыңғыстау көтерілісінің куәгері [Мәтін] // Семей таңы. - 2008. - 26 маусым. - Б. 6.

LAST_UPDATED2