Хасенов Мұхамметқали (1927-1987)
25.08.2013 10:36

1Мұхамметқали Хасенов 1 қаңтарда Семей облысы, Үржар ауданы, Науалы ауылында туған. Орта мектепті бітірген соң, 1953 жылға дейін Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінің және Гурьев облысы «Прикаспийская Коммуна» газеттерінің меншікті тілшісі, жауапты хатшысы, Оңтүстік Қазақстан облысы ТАСС және ҚазТАГ тілшісі болған. 1953-1962 жылдары Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасының аға редакторы қызметін атқарады. 1962-1963 жж. Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің репертуар редакциялық алқасының аға, бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағында драматургия секциясының әдеби кеңесшісі болған. 1968-1986 жж. Балалар және жастар республикалық театрының әдеби бөлімін басқарды. 1959 жылы Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография (ВГИК) институтының сценария факультетін бітірген.

Шығармашылық жұмыспен 1957 жылдан бері шұғылданады. Оның «Сарыарқа», «Жоғалған күнделік», «Сырласу», «Қайсар», «Тағы да махаббат туралы», «Махаббат неге оянбайды», «Тергеуші», «Пай, пай, жас жұбайлар-ай!» секілді пьесалары қойылып жүр.

1973 жылы пьесалар жинағы шықты. Сондай-ақ «Ботагөз» (А.Филипповпен бірге, 1957), «Біздің Күләш» (1967), «Шәкен Айманов» (1974) атты көркем және деректі фильмдер сценарийінің авторы.

Ол 1959 жылдан КСРО Кинематографистер одағының мүшесі. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Грамотасымен марапатталған.


Әдебиет:

Қазақстан жазушылары [Мәтін] : анықтамалық / құраст. Қамшыгер, Саят; Жұмашева, Қайырниса. - Алматы : Ан Арыс, 2009. – Б. 414.