Табеев Қайым-Мұнар
25.08.2013 10:22

1Қайым-Мұнар Табеев 1956 жылы 5 мамырда Семей (қазіргі Шығыс Қазақстан) облысы, Аягөз ауданы, «Шолпан» кеңшарында дүниеге келген.

1981 жылы Қазақ мемлекеттік Заң университетінің аспирантурасын социолог-заңгер мамандығы бойынша бітірген. 1999 жылы Қазақ мемлекеттік Заң университетінің аспирантурасын аяқтаған. 2002 жылы Алматы мемлекеттік басқару институтында, 2004 жылы ҚР Президенті жанындағы қызмет академиясының мамандықты жетілдіру курсында оқыған.

Шығармашылық жолын 1981 жылы республикалық «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінен бастап, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш»), «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан» газеттерінде тілші, аға тілші, бөлім меңгерушісі міндеттерін атқарды. 1994-1996 жылдары Қазақстан Президенті Баспасөз қызметінің кеңесшісі, 1996-1997 жылдары Қазақстан Республикасы Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігінің бас маманы, Алматы қаласы әкімі аппараты Тіл басқармасының бас маманы, бастығы, Ішкі саясат департамент БАҚ және ақпараттық саясат бөлімінің бастығы қызметтерін атқарған. Алматы қаласы Әкімі аппараты ұлт саясаты жөніндегі бөлімінің меңгерушісі.

«Шырқа, керней» («Жалын», 1983), «Ар өлшемі» («Жалын», 1984), «Қатарда жүр қарт солдат» («Қайнар», 1985), «Халық қалаулылары» («Қайнар», 1987), «Байғазы» («Жалын», 1989), «Алматы. Желтоқсан - 86» («Шабыт», 1991) жинақтарында деректі әңгімелері жарияланды.

«XX ғасырдың обасы» («Қазақстан», 1989), «Үш күннің дерекнамасы» («Дәуір», «Науан хазірет» баспалары, 1993), «Мұзда жанған алау» («Дәуір», 1993), «Қайсар рухты қазақ» («Атамұра», 1994), «Қазақтың желтоқсаны» («Дайк-пресс», 2006) атты кітаптары жарық көрді.

1989 жылы Қазақстан Жазушылар одағы жанынан құрылған Адам құқын қорғау комиссиясының жауапты хатшысы, 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі және Алматы қалалық атқару хатшылығының меңгерушісі болып сайланған.

1990 жылы Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атағын иеленді. Республикалық баспасөз конкурстарының бірнеше дүркін жүлдегері. Оның ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының жас зерттеушілерге арналған және «Парасат», «Қазақстан әйелдері», «Денсаулық» журналдары, «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеттері ұйымдастырған тарихи тақырыптық конкурстардың жеңімпазы. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының (1990), Қазақстан Жастар одағы сыйлығының (1994) лауреаты. «Астанаға 10 жыл» медалімен, бірнеше Құрмет грамоталарымен марапатталған.

2012 жылы журналист Қайым-Мұнар Табеев республикалық басылымдарда экологиялық қауіпсіздік мәселелері туралы мақалалары үшін жүлдегер атанды.


Әдебиет:

Табеев К. 1986 жылғы желтоқсан рухын жоғалтып алдық / К. Табеев // Дидар. - 2009. - 16 желтоқсан. - С. 9.

Табеев Қайым-Мұнар. Киік және киік бизнес // Егемен Қазақстан. - 2009. - 28 қазан.

Ол туралы:

Ақиқат айғақтары: Белгілі қаламгер Қайым-Мұнар Табеевтің «Қазақтың желтоқсаны» атты кітабы жарыққа шығып, тұсаукесері болып өтті // Егемен Қазақстан. - 2006. - 16 желтоқсан.

Қазақстан жазушылары [Мәтін] : анықтамалық / құраст. Қамшыгер, Саят; Жұмашева, Қайырниса. - Алматы : Ан Арыс, 2009. – Б. 376.