Сабырбай Ақтайлақұлы (1793-1880)
21.08.2013 21:04

Сабырбай Ақтайлақұлы – ақын, 1793 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы Құндызды өңірі Апатай қыстағында дүниеге келген. Әкесі Ақтайлақ елге танымал би болған. Сабырбай жастайынан өлең шығарып, серілік құрған, жиын-тойларда көптеген ақындармен айтысқaн. Сыбанның Түбек бастағaн 16 ақыны Жанақ ақынмен айтысып жеңілгенде, он жетінші бала ақын Сабырбай ғана жыр дүлдүлін тапқырлықпен ұтып кеткен. Бұл айтыс В.В.Радлов құрастырған "Образцы народной литературы тюркских племен" кітабының (1870) қазақ ауыз әдебиетіне арналған 3-томына енген, Ы.Алтынсариннің "Қырғыз хрестоматиясында" (1906), С.Сейфуллиннің "Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары" жинағында

(1931) жарияланғaн. Сабырбай айтыста алдына жан салмаған, Байбала есімді ақын қыздан ғана тізе бүккен. Сабырбайдың Жанақпен, Байбаламен айтыстарын М.Әуезов жоғары бағалaған, «Абай жолы» эпопеясында Қадырбай ақынның прототипі ретінде Сабырбайды алған. Сабырбайдың өз әкесі Ақтайлақпен, Құнанбаймен, Қуандықпен сөз қағысулары да сақталған. Ақынның "Барақ сұлтанға", "Үш қызыл", "Жанақ ақынға", "Шaһар-ау, өлемін бе, өлмеспін бе", т.б. өлеңдері заманa шындығын бейнеледі. "Сыбан Сабырбай ақынның Солтабай төреге айтқан сөзі" "Таң журналындa" (1925) басылса, айтыстары "Айтыс" (1965),

«Қазақ халық әдебиеті» жинақтарында (1988) жарияланғaн.

Әдебиет:

Сабырбай Ақтайлақұлы // Шәкәрім [Мәтін] : энциклопедия / ред. Е. Б. Сыдықов. - Семей : Тенгри, 2008. - Б. 636.