2007 жылдан бері ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының бастамасымен қоғамда кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру мақсатында қолға алынған «Бір ел – бір кітап» акциясы биыл да жалғасын тапты.
27.06.2013 20:28

Осыған орай бүгінде Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің барлық кітапханаларында 7-ші рет қатарынан дәстүрлі «Бір ел – бір кітап» ақциясы өткізілуде. Акция аясында кітапхана қызметкерлері қаламыздың түрлі қоғамдық, мемлекеттік ұйымдарымен тығыз байланыста бірлесіп түрлі кездесу, әдеби кештерін, оқу марафондары, дөңгелек үстелдер, пікірсайыстар өткізу жоспарланып, акцияға қала тұрғындарын тарту үшін жарнама науқанын кеңінен жүргізуде.

Осындай қала көлеміндегі мәдени шаралардың бірі Орталық мәдениет және демалыс саябағымен бірлесіп ұйымдастырылған «Фаризаның жауһар жырлары» атты кітапханалық-анонс болды. Фариза Оңғарсынованың шығармаларын көпшілікке насихаттау мақсатында өткізілген бұл шараға Семейдің Абай атындағы драма театрының әртісі, Қазақстанның халық әртісі Бекен Имаханов, тұрақты оқырмандарымыз, қала тұрғындары мен қонақтары, жастар мен поэзияға жаны құмар балғындар қатысты.


1 2

 

Қазақтың ерке, ақын қызы Фаризаның талантына тәнті, өлең құдіретін түсінетін біздің тұрақты оқырмандарымыз Бекен Имаханов пен Кеңесбек Жармұхамедов Фариза Оңғарсынованың шығармашылығы туралы кеңінен әңгімелесе, Фаризаға еліктеп өлең жазып, ақын апаларына жыр арнаған жас ақындарымыз – Арман Шеризат, Жасұлан Мақаев, Серік Қуанған, Еркебұлан Мұса жыр-арнаудан шашу шашып, жас ақындар шеруін өткізді.

Ғажайып таңның рауаны; -

оқыған кезде, - «Дауаны».

Жадырар жаның жыр кернеп

жұтқандай жұпар ауаны, - деп Жалаңтөс Жайпарұлы жырлағандай, «Дауа» жыр жинағына енген «Үш Қара» деген өлеңінің тууына ақын апамыздың туындыларын сүйіп оқитын тұрақты оқырмандарының: «Апай! Сіз қай ауылда тудыңыз, ауылыңыздың аты қалай?», - деген сұрақтары себеп болған екен. Осы сауалға жауап ретінде жазылған «Үш Қара» өлеңін №27 орта мектебінің оқушысы Закария Әлия мәнерлеп оқып берсе, жазғы демалысқа келген қонақ балалар Серікқалиева Ақерке, Әлімханова Әсел, және №22 мектеп оқушылары Жеңісов Сабыржан, Берікқажиев Махамбет, Оспанова Аяулым Фариза ақынның шығармашылық жолында – балаларға арналған туған ел, Отан, ана туралы өнегелі өлеңдерін оқыды.


3 4 5

 

Сондай-ақ Орталық мәдениет және демалыс саябағында демалушылар мен айтулы шараға қатысушыларға Фариза Оңғарсынованың өмірі мен шығармашылығы, «Бір ел – бір кітап» акциясы туралы түрлі жаднамалар, дайджест-ақпарат, буклеттер, бетбелгілер таратылды.

Өмірі өлеңге айналған апамыздың демінен сезім аңқыған, гауһар тастай жарқыраған жырларынан жанымызға әркез шипа табамыз. Оның өлеңдері арқылы күш алып болашаққа нық сеніммен аттанған бүгінгі ұрпағы Фариза Оңғарсынованың шығармашылығы алдында тағзым етеді. Олай болса, Фариза апамыздың жүректерді нұрландыратын ақық та жақұт жырлары жазыла берсін, алысқа самғай берсін, кейінгі ұрпақтарға үлгі, бағдаршы бола берсін дегіміз келеді.


7 8

 

LAST_UPDATED2