Рахымов Ерғазы (1938-1994)
11.06.2013 22:18

Ерғазы Рахимов 1938 жылы Қытайдың Дөрбілжің ауданы Дорымсу ауданында дүниеге келген. Орта мектепті бітіргеннен кейін, Үрімжідегі Ұлттар институтына оқуға түсіп, оны толық бітірмей Қазақстанға біржола қоныс аударды. Сөйтіп Қазақ Мемлекеттік Абай атындағы педагогикалық институтының тіл және әдебиет бөлімін тәмамдады.

Ерке Ертістің Семей өңірінде сөз зергерлерінің ізін жалғастырушылардың бірі,

Е.Рахимов өзінің жазушылық өнерін ең әуелі жыр жазудан бастады. Бала кезінен-ақ ауыз әдебиетінен нәр алып, сөз өнерінің кәусарынан еркін сусындаған Ерғазы поэзия саласында жақсы шығармалар туғызды.

Талай-талай айтыстарда алдыңғы орындарда жүрді.

1985 жылы шыққан «Жырлайды жүрек» деген жинағында екі поэмасы, төрт балладасы, бірнеше өлеңдері басылды.

Поэзия саласында жарық көрген «Зейнел күйі» поэмасы өнер құдыретіне арналған дастан. Бұнда революцияға дейінгі үстем таптар мен еңбекші бұқараның бітіспес күресін шебер бейнелеген. Жазушының творчестволық еңбектерінде прозалық шығармаларының да үлес салмағы жоғары.

1979 және 1983 жылдары «Жалын» баспасынан «Сүрі қар», «Тентек келін» атты повестері мен әңгімелері жарық көрді.

«Сүрі қарға» енген «Момын», «Тас жарған» повестері күн тақырыбына жазылған туындылар. Екеуінде де өндіріс тақырыбы, оның ішінде бүгінгі күннің көкейтесті мәселелері сөз болады. Жазушының «Тентек келін» деп аталатын кітабына енген повесінде алған бетінен қайтпайтын ер мінезді қазақ әйелінің образы жасалған. Е.Рахимовтың журналистика саласында жазған атақты шопандар Т.Тасболатов және Б.Жақанов туралы жазған «Мұңсызбайдың мұрагерлері», «Терісайырық» (1976, 1978) деп аталатын кітап-очерктері жарық көрді.

Жазушы, ақын Ерғазы Рахимов 1994 жылы ауыр науқастан дүниеден қайтты.


Әдебиет:

Қазақстан жазушылары [Мәтін] : анықтамалық / құраст. Қамшыгер, Саят; Жұмашева, Қайырниса. - Алматы : Ан Арыс, 2009. – Б. 328.