Оразалинов Сұлтан
11.06.2013 22:12

6Сұлтан Оразалинов 1941 жылы 30 сәуірде Шығыс Қазақстан (бұрынғы Семей) облысының Аягөз қаласында туған. 1964 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін үздік бітірген. Еңбек жолын Семей облысы, Абай аудандық «Социалистік мал шаруашылығы» газетінде әдеби қызметкер болып бастаған. Кейін Аягөз аудандық комсомол комитетінде, Қазақ радиосы мен телевидениесінде редактор, аға редактор, күнделікті хабарлар бағдарламасының Бас редакторы болып істеген. 1969-1984 жылдары Қазақ телевидениесінде Бас редактор, 1984-1986 жылдары Қазақстан КП Орталық Комитетінде нұсқаушы, көркем әдебиеті секторының меңгерушісі, 1986-1993 жылдары «Өнер баспасында директор, 1993-1995 жылдары Қазақстан Республикасы Тіл комитетінің төрағасы, 1995-1997 жыл аралығында Ұлт саясаты жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасының бірінші орынбасары, 1997-1998 жылдары Білім және мәдениет министрлігінің Тіл саясатын үйлестіру департаментінің директоры, 1998-2000 жылдары Авторлық құқық жөніндегі агенттіктің төрағасы, 2000-2001 жылдары ҚР Әділет министрлігінің Авторлық құқық жөніндегі комитетінің төрағасы болып қызмет атқарды. 2001 жылдан бері ҚР Әділет министрлігінің алқа мүшесі, Құқықтық насихат, мемлекеттік тілді дамыту және көпшілікпен байланыс департаментінің директоры. Республикалық терминология және ономастикалық комиссия төрағасының бірінші орынбасары (1993-1997), Қазақстан Үкіметі жанындағы мемлекеттік сыйлық беру комиссиясының (1986-1998), Қазақстан Халықтары Ассамблеясы кеңесінің (1994-1998), Қазақстан Президенті жанындағы Ұлттық саясат жөніндегі комиссияның (1993-1998) мүшесі болды. Халықаралық телевизия және радио академиясының (АТК) академигі (2003), Өнертану саласының профессоры (2003).

«Сұхбат», «Халық қазынасы», «Шұғыла», «Қымызхана», «Кездесу», «Айтыс» хабарларын алғаш ұйымдастырып, сценарийлерін жазған, эфирде жүргізген; үш жүзге жуық әдеби сценарийлер мен қырық шақты ғылыми-зерттеу мақалалардың авторы, орыс және шетел жазушыларының роман, повестерін қазақшалаған кітаптары жарық көрді.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері (2001), Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері (1981), Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Абай атындағы Халықаралық әдеби сыйлықтың лауреаты (1995), Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын Барыс» белгісімен марапатталған (2001). «Парасат» орденінің иегері (2006).


Шығармалары:

Оразалы, С. Шығармалар жинағы. Үш томдық. 1-ші том. Тас бұлақтың суындай [Текст] : әдебиет туралы, ойлар, монография, мақалалар / С. Оразалы ; ред. З. Башбаева. - Алматы : Баспалар үйі, 2011. - 400 б.

Оразалы, С. Шығармалар жинағы. Үш томдық. 2-ші том. Өркениет мәйегі [Текст] : тіл туралы толғаныстар / С. Оразалы ; ред. З. Башбаева. - Алматы : Баспалар үйі, 2011. - 400 б.

Оразалы, Сұлтан. Шығармалар жинағы. Үш томдық. 3 том. [Текст] / С. Оразалы. - Алматы : Таймас баспа үйі, 2012. - 488 б.

Оразалы, Сұлтан. Шығармалары. 3-ші том. Өмір айнасы [Текст] : телевизия туралы толғаныстар / С. Оразалы ; ШҚО әкімдігі. - Астана : Фолиант, 2011. - 560 б. - (Алтай-Ертіс кітапханасы).

Мүсірепов, Ғабит. Ғабит Мүсірепов туралы естеліктер. 2-ші басылым [Текст] / Ғ. Мүсірепов ; құраст. С. Оразалы. - Алматы : Алаш жолы, 2012. - 592 б. - (Мерейтойлық әдебиеттер) .


Әдебиет:

Ергөбек Құлбек. Сегіз қырлы Сұлтан : телеөнерпаз, әдебиетші Сұлтан Оразалинов туралы сыр. - Алаш айнасы. - 2011. - 25 сәуір.

Қазақстан жазушылары [Мәтін] : анықтамалық / құраст. Қамшыгер, Саят; Жұмашева, Қайырниса . - Алматы : Ан Арыс, 2009. – Б. 311.

Омарұлы Бауыржан. Сұңғыла сөздің сұлтаны // Ана тілі. - 2011. - 7 шілде.