Омарбаева Дәметкен
11.06.2013 22:05

4Омарбаева Дәметкен ақын. 1950 жылы туған, туған жері Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданы.

Жетіарал орта мектебін бітірген. 1975-1985 жылдар аралығында аудандық, облыстық ақындар айтысына қатысып, жүлделі орындар ала бастады, әрі мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берді.

1987 жылдан бері Семей өңірінде айтыс өнерінің дамуына атсалысып жүрген ақындардың бірі. Облыс көлемінде өткен айтыстардың жүлдегері.

1989 жылы облыстық «Наурыз» айтысында 1 - орын, Өскемен-Зайсанда болған айтыста 1 - орын алды.

1990 жылы Алматыда өткен III республикалық айтыста өнер сайысына түсіп, өзіндік ерекшелігімен көзге түскен.

1993 жылы Алматыда Ұлы үш биге арналған айтысқа қатысты.

1995 жылы Абайдың 150 жылдық мерейтойына арналған айтыста бірінші орынды жеңіп алды.

Қазірде республикамызға танымал айтыс ақыны. Талай-талай дүбірлі айтыстарға қатысып, намысты қолдан бермеген Сара апамыздың жолын қуған санаулы саңлақтарымыздың бірі.

Республикалық деңгейдегі көптеген айтыстарда өзінің даусыз талантын дәлелдеп, сан мәрте жеңімпаз атанды. Семей қаласындағы Жастар шығармашылық сарайы жанынан ашылған ақындар студиясының, яғни ҚР Мәдениет минстрлігінің шешімімен 2002 жылдан «Халықтық ақындар орталығы» атанған ақындар мектебінің жетекшісі ретінде жас таланттарды шыңдау ісіне зор үлес қосып келеді.

ҚР мәдениет қайраткері. Республикалық айтыстарда көптеген шәкірттері жүлделі орын алғаны үшін «Ең үздік бапкер - ұстаз» деген атақ берілген. Шығыс Қазақстан облыстық және Семей қалалық мәдениет басқармалары Дәметкен Омарбаева атындағы республикалық ақындар сайысын өткізген.

Әдебиет:

Шығыс жұлдыздары [Мәтін] : энциклопедиялық анықтамалық. Т. 1 : Сөз зергерлері. Мәдениет майталмандары. - Астана : Фолиант, 2011. – Б.132.

Омарбаева, Д. Шығыс мінезі [Мәтін] // Семей таңы. - 2011. - 22 наурыз. - Б. 3.