Нұршайықов Әзілхан (1922-2011)
11.06.2013 21:53

3Нұршайықов Әзілхан 1922 жылы 15 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданында, Келінсүйегі деген жерде («Ақбұзау» колхозы) туған. Ауылдағы орталау мектепті бітіргеннен кейін, Алматыдағы Тау-кен институтының жұмысшы факультетінде, Семейдегі Абай атындағы қазақ педагогикалық училищесінде, одан кейін педагогикалық институтында оқыды. 1941-1945 жылдары Қызыл Армия қатарында болды. Ұлы Отан соғысы кезінде өлеңдері, әскери әңгімелері мен очерктері майдандық, республикалық және облыстық газет беттерінде жиі басылып тұрды. Соғыстан кейін Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірді. «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінің бөлім меңгерушісі, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі және редактордың орынбасары, Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінің редакторы, республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болып қызмет істеген. Қазақ Совет энциклопедиясы тіл, әдебиет және фольклор редакциясының меңгерушісі, Қазақ КСР Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері болған. Көп жылдар бойына Қазақстан Жазушылар одағы проза кеңесінің, жас әдебиетшілер кеңесінің төрағасы болып келді.

Алғашқы очерк, әңгімелер жинағы «Алыстағы ауданда» деген атпен 1956 жылы жарық көрген. Алпысыншы жылдардан бастап біржола көркем прозаға ауысты. Жиырмадан астам кітабы шыққан: «Махаббат жыры» (повестер, 1964), «Тоғыз толғау» (1977), «Автопортрет» (әдеби портреттер, 1977), «Махаббат қызық мол жылдар» (1970) романы және «Ақиқат пен аңыз» (1976) роман-диалогы, «Екі естелік» (1985), «Жамбылға хат» атты әскери естеліктері (1996) т.б. Бұл туындылардың бірқатары «Жазушы» баспасынан бірнеше дүркін орыс тілінде де басылып шықты. «Песня любви» (1965, 1975, 1982); «Истина и легенда» (1982), Мәскеудің «Советский писатель» баспасынан «Истина и легенда» (1980) және «Дорогой памяти» (1985) кітаптары жарық көрді. «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогы украин («Дніпро», 1984) және чех (1985) тілдеріне аударылып жарияланды. Жеке шығармалары қырғыз, өзбек, тәжік, молдован, татар, якут тілдеріне аударылған. 1980 жылы «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогы үшін Қазақ КСР-інің Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағы берілді.

И.Буниннің шығармаларын, М.Шолоховтың «Адам тағдыры», П.Павленконың «Жарияланбаған хат» әңгімелерін, А.Якобсонның «Қорқау» пьесасын және басқа да туындыларды қазақшалады.

III дәрежелі «Даңқ», «Құрмет Белгісі», Халықтар достығы және II дәрежелі Отан соғысы, «Парасат» ордендерімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Батырлығы үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін», 2 мәрте «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен, 3 мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталды (1962, 1972, 1982). Көптеген мерекелік медальдармен марапатталған. Қазақстанның Халық жазушысы. А.Фадеев атындағы сыйлықтың лауреаты, күміс медалінің иегері.

Семей қаласындағы М.О.Әуезов атындағы университеттің, Шәкәрім атындағы Семей педагогикалық институтының Құрметті профессоры, Жамбыл облысындағы Сарысу ауданының, Семей қаласының Құрметті азаматы.

«Махаббат, қызық мол жылдар» романы 2008 жылы «Санат» баспасынан оныншы мәрте қайта басылып шықты. Республика тәуелсіздік алғаннан соң «Менің замандастарым» роман-естелігі, «Қаламгер және оның достары» эпистолярлық романы және «Мәңгілік махаббат жыры» прозалық поэмасы, 2005 жылы «Қазығұрт» баспасынан 10 томдық таңдамалы шығармалар жинағы жарық көрді.

2011 жылы дүниеден өтті.

Мерзімді басылымдардан:

Нұршайықов, Ә. Ол күндердің өшпес даңқы [Мәтін] / Ә. Нұршайықов // Қазақ әдебиеті. - 2009. - 10 сәуір. - Б. 5.

Нұршайықов, Ә. Мұхтар Шахановқа хат [Мәтін] / Ә. Нұршайықов // Қазақ әдебиеті. - 2009. - 15 желтоқсан. - Б. 3.

Нұршайықов, Ә. Замандасқа хат [Мәтін] / Ә. Нұршайықов // Егемен Қазақстан. - 2010. - 23 маусым. - Б. 3.

Нұршайықов, Ә. Полковник Баймолдин [Мәтін] / Ә. Нұршайықов // Ақиқат . - 2010. - №6. - Б. 42-47.

Нұршайықов, Ә. Абай майданда бізбен бірге болды [Мәтін] / Ә. Нұршайықов // Семей таңы. - 2010. - 21 қазан. - Б. 3.


Әдебиет:

Қазақстан жазушылары [Мәтін] : анықтамалық / құраст. Қамшыгер, Саят; Жұмашева, Қайырниса. - Алматы : Ан Арыс, 2009. – Б. 302.

Әлім, Қ. Әзіз жүрек әзаға [Мәтін] / Қ. Әлім // Егемен Қазақстан. - 2011. - 26 наурыз. - Б. 7.

Әбішев, Е. "Журналиспін" деген сөзді мен мақтанышпен айтамын [Мәтін] / Е. Әбішев // Дидар. - 2009. - 26 маусым. - Б. 7.

Бапанова, Ә. "Махаббат, қызық мол жылдар" тұңғыш рет Абай атындағы театрда сахналанды [Мәтін] / Ә. Бапанова // Семей таңы. - 2008. - 25 қыркүйек. - Б. 7.

Бейісқұлов, Т. Парасатты тұлға [Мәтін] / Т. Бейісқұлов // Қазақ әдебиеті. - 2011. - 18 наурыз. - Б. 15.

Ерсарин, Қ. Қаламы ерен қаламгер еді [Мәтін] / Қ. Ерсарин // Айқын. - 2011. - 26 наурыз. - Б. 5.

Қыдырханұлы, У. Әз-аға [Мәтін] / У. Қыдырханұлы // Егемен Қазақстан. - 2009. - 27 қараша. - Б. 7.

Махаббат жыршысы өтті өмірден... [Мәтін] // Семей таңы. - 2011. - 16 ақпан. - Б. 11.

Махаббат жыршысы [Мәтін] // Дала мен қала. - 2011. - 21 ақпан. - Б. 15.

Нұрғали, Р. Жұлдыздар әлемі шоғырымен жаратылады... [Мәтін] / Р. Нұрғали // Егемен Қазақстан. - 2009. - 5 желтоқсан. - Б. 5.

Өміртайұлы, С. Ақ түйенің қарыны жарылған күн [Мәтін] / С. Өміртайұлы // Абай. - 2009. - №3. - Б. 31-32.

Табылды, А. Меңтай [Мәтін] / А. Табылды // Қазақ әдебиеті. - 2009. - 20 наурыз. - Б. 14.

Тәшімбай, Ғ. Көзі бар жан көре білуі керек [Мәтін] / Ғ. Тәшімбай // Егемен Қазақстан. - 2011. - 7 қаңтар. - Б. 6.

Тоқтағазин, М. Әз-ағаның афоризмдері [Мәтін] / М. Тоқтағазин // Айқын. - 2011. - 25 маусым. - Б. 3.