Әсет Найманбайұлы (1867-1922)
23.05.2013 22:57

1Ақын, әнші, композитор.

1867 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданының Бақты ауылында дүниеге келген.

Ескіше оқып, сауат ашқан. Ерте жетім қалып, жоқшылықтың зардабын тартқан. Үркіншілік кезінде Қытайға өтіп кетуге мәжбүр болады.

Оның жас кезінде шығарған әні «Інжу - Маржан» - ән өнерінің үздік үлгісі. Одан басқа «Мақпал», «Қарагөз», «Майдақоңыр», «Гауһар қыз», «Қоңыр қаз», «Қисмет», «Әпитөк», тағы басқа әндері белгілі. Ол Біржан сал, Ақан серіден кейін Арқа әндерінің дәстүрін жалғастырып, дамытты.

«Қалдың ба, қайран қазақ, қамданбастан?», «Сабаздар санасы жоқ сатылып жүр», «Жас жігіт надандықпен алданады» сияқты өлеңдерінде ақын өз ортасының ащы шындығын бейнелейді, халқының ауыр тағдырына күйзеле отырып, өзінің ақындық шеберлігін, азаматтық үнін танытады.

Ақын жаңа үлгідегі, оқиғалы дастан жанрын дамытуға мол үлес қосты. «Салиха -Сәмен», «Ағаш ат», «Перизат», «Үш жетім қыз», «Нұғыман - Нағым», «Мөлік - Дарай», «Жәмсап», «Кешубай» сиякты бірқатар қисса-дастандары бар.

Әсет айтыс ақыны ретінде Ырысжан, Бақтыбай, Кәрібай, Әріп, Қали, Сәмет, Қосымбай, Қызыр, Кемпірбай жэне Мәлике қызбен айтысқан. Солардың ішіндегі аса құндылары - Ырысжанмен, Кәрібаймен айтыстары. Ырысжанмен сөз қағысуы жұмбақ айтыстың үздік үлгісі болып саналады.

Ақын шығармалары суырыпсалмалық заңдылықтарына сәйкес туған. Кейбір өлеңдерін жазып шығаруы да мүмкін. Бірақ оның өз қолымен жазылған немесе көзі тірісінде біреуге жаздыртқан әдеби мұрасы бізге беймәлім. Қолжазба қорларындағы нұсқалар түгелдей ел аузынан жиналған. 1910 жылы Қ. Халиди ақыннан бірнеше өлеңін жазып алып, жариялаған. Кеңес дәуірінде Әсет өлеңін алғаш С. Сейфуллин (1925) бастырған.

Әсет өмірі мен шығармашылығы туралы арнайы мақала тұңғыш рет 1936 жылы жарияланды (Б. Ысқақов). Шығармаларының тұңғыш жинағы 1968 жылы Б.Адамбаевтың құрастыруымен басылды. Бұл жинақта 34 өлеңі (әнін қоса), 4 айтыс-қағысы, 4 дастан-қиссасы жарияланса, 1988 жылғы «Әсет» жинағына (құрастырған Б. Нұржекеев) 29 ән мәтіні, 71 өлеңі, 10 айтыс-қағысы, 8 қисса-дастаны енгізілген.

1922 жылы 22 наурызда Қытайдың Құлжа қаласында көз жұмған.


Әдебиет:

Ердембеков, Б. Әсет ақын мұрасы хақында [Мәтін] / Б. Ердембеков // Семей таңы. - 2009. - 15 қаңтар. - Б. 7.

Қыдырханұлы, У. Алаш арыстарының Шәуешекке сапары [Мәтін] / У. Қыдырханұлы // Егемен Қазақстан. - 2008. - 25 маусым. - Б. 4.

Разуев, Әбен. Алашқа мәшһүр Әсет [Мәтін] / А. Разуев // Ертіс өңірі. - 2008. - 17 қыркүйек. - Б. 5.

Мұхамадиұлы, М. "Арман да арман, шын арман" деп өткен ақын Кәрібай [Мәтін] / М. Мұхамадиұлы // Ертіс өңірі. - 2009. - 1 шілде. - Б. 12.

Қаңтарбаев, Ә. Әсеттей сал, Ән салсаң әуелетіп [Мәтін] / Ә. Қаңтарбаев // Дидар. - 2009. - 24 қараша. - Б. 3.

Райханұлы, Е. Алаш қайраткерлерінің Шәуешекке сапары [Мәтін] / Е. Райханұлы // Абай. - 2009. - №1. - Б. 46-47.

Маманова, Ж. "Абайдай арт жағына сөз қалдырып" [Мәтін] / Ж. Маманова // Абай. - 2009. - №4. - Б. 50-56.