XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың бас кезінде өмір сүрген қазақтың ұлы ақыны прозашы, аудармашы, тарихшы және философ Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығымен жас ұрпақты хабардар ету, мол мұрасын кеңінен насихаттау мақсатында Қалалық орталық кітапхананың қызмет көрсету бөлімінде «Шәкәрімнің шығармашылық әлемі» атты әдеби кеш өтті.
19.05.2013 09:35

1Шараны ашқан кітапхана қызметкері: Шәкәрімнің поэзиялық шығармалары мазмұнға бай, сан салалы болып келеді. Онда азаматтық лирика да, махаббат лирикасы да, табиғат суреттері де, философиялық толғамдар да, элегия, сонет, тарихи баллада, халықтық қара өлең үлгісі де баршылық. Осындай жан-жақтылық оның прозасына да тән. Оның тарихи, ғылыми, философиялық шығармалары қазақ прозасының дамуына өзіндік ықпалын тигізді. Сондай-ақ, ол қазақ әдебиетінің басқа халықтар әдебиетімен байланысты дамуына зор үлес қосты. Араб, парсы, түрік, орыс тілдерін жетік білгендіктен, ол осы халықтардың ғасырлар бойы қалыптасқан қазыналарына еркін бойлап, солардың озық үлгілерін қазақшаға аударып, халқының игілігіне айналдырды – деп сөз бастады.

Шәкәрімнің мазмұнға толы лирикасы, прозасы, сан салалы поэзиялық шығармалары жайында ШҚО қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығының ғылыми қызметкері Л.Кадырова мұрағаттағы сақталған ақынның суреттерін көрсете отырып, тартымды баяндап берсе, Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымының кандитаты, ақын аудармашы, ұстаз Мұрат Рахымжанұлы Сұлтанбеков Абайдың он бір өлеңін, Шәкәрімнің 26 өлеңін орыс тіліне аударып оқырман қауымға тарту еткені туралы айтып берді. Өзіміздің жерлесіміз Шәкәрім әндерін жинақтаушы, қазақ радиосының алтын қорына із қалдырған, бүкіл республикада Шәкәрім әндерінің бірден бір орындаушысы Келденбай Өлмесековтың орындауында «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» әні тыңдатылды.

Кешке арнайы «Қазақ әдебиеті мен өнерінің көрнекті тұлғаларының бірі - Шәкәрім» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, шолу жасалды. Кеш қонақтары халқы, Ел тәуелсіздігін алысымен, қайта табысқан жарқын есім, ұлы ақынды ешқашан ұмытқан жоқ, ұмытпайды да – деген оймен тарқасты. Кешке қатысқан радиотехника және байланыс колледж студенттері мәдени шараны қызыға тыңдап, ақынның өлендерін мәнерлеп оқыды.

2 3