Мұқан Төлебаевтың туғанына 100 жыл толуына орай өткен тағы бір шара «Қазақтың інжу маржаны – М.Төлебаев» атты музыкалық кеш Цемент кентінің кітапхана бөлімшесінде ұйымдастырылды.
04.05.2013 00:00

1Кешке №39 мектептің 9 сынып оқушылары қатысып, Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық колледж студенттері шараның өтуіне атсалысып, белсенділік танытты.

Кітапханашы өзінің сөзінде М.Төлебаев қазақтың ұлы композиторларының бірі екенін атап өтті. Композитор музыканың алуан жанрында еңбек етіп, фортепьяно мен скрипка үшін пьесалар, симфониялық оркестр мен хорға арнап күрделі шығармалар жазған. Мұқан Төлебаев Қазақ КСР-і мен Қазақстан Республикасының алғашқы әнұраны авторларының бірі болған, М.Төлебаевтың шығармашылығының шарықтау шыңы, қазақ музыкасындағы аса елеулі туындыларының бірі - «Біржан-Сара» операсы. Аталмыш туындыда жеке адам тағдыры, бас бостандығы үшін күрескен Біржан мен Сара сынды өнер өкілдерінің шығармашылығы мен трагедиялық тағдырын терең тебіреніспен баяндады. Сондай-ақ композитор драмалық спектакльдер мен кинофильмдерге музыка жазып, жеке дауыс пен фортепьяноға арнап қазақтың көптеген әндерін өңдеген.

Анасы Тәжібала Ақшалова халық музыкасын жетік білетін Ақшал Тастанбековтың қызы еді. Мұқанның өнерге деген қызығушылығы анасынан қалған белгі сияқты.

Кеш барысында музыкалық колледж студенттері М.Төлебаевқа арналған «Есімің ел есінде дара тұлға» атты әдеби монтажды ұсынып, анасы Тәжібаланың өмірден ерте озған дарынды композиторды жоқтап жазған «Ана зары» өлеңін колледж студенті Бексатова Қымбат оқып берді. «Біржан –Сара» операсынан үзінді биді «Кербез» бишілер тобы орындады. Кітапхана оқу залында «Ғасыр әуені» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, шолу жасалынды.

Бұл шаралардың мақсаты: Қазақтың ұлы композиторының өмірі мен шығармашылығын жас ұрпаққа жан – жақты таныстыра отырып, шығармашылық ізденіс пен ақындық өнерге қызығушылықтарын арттыру, патриоттық сезімдерін қалыптастыру.

2 3