Құлахмет Ғабиден (1955-2006)
08.04.2013 23:03

kulahmet14 сәуірде Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, Шолпан ауылында дуниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін (1976), Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтының Жоғары курсын бітірген (1989). Еңбек жолын 1976 жылы «Жалын» баспасында редактор болып бастаған. 1987 жылға дейін Қазақ КСР баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінде, Қазақ теледидарында жауапты қызметтер атқарған. 1989 жылы Алматы қалалық кеңесіне депутат болып сайланды. 1990-1992 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында, Алматы қалалық «Қазақ тілі» қоғамында, әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дың «Қазақ әдебиеті тарихы» кафедрасының ғылыми тобында жұмыс істейді. 1990-1995 жылдары «Қазақ жастары және бизнес» бейресми орталығында Бас үйлестіруші болып қоғамдық қызмет атқарады.

1996-2001 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары болды.

Алғашқы өлеңдері 1966 жылдан республикалық баспасөз беттерінде, топтамалары «Жыл он екі ай» (1969), «Көктем тынысы» (1975) жинақтарында жарияланған. 1979 жылы Мәскеу қаласында өткен жас ақын-жазушылардың Бүкілодақтық VII кеңесіне қатысқан. «Көзімнің қарасы» (1978), «Ақ бастау» (1980) жыр жинақтары мен «Үйірі жоқ көкжал» романы (2001), «Көл түбіне кеткен ел» (1989), «Ұрпағың үзілмесін» (1991), «Ердің сыны» (1994), «Серінің соңғы сәлемі» (1998) хикаяларының авторы.

Шығармалары орыс, поляк, монғол, шешен, украин, белорус тілдерінде жарық көрген.

Республикалық «Жалын» баспасы ұйымдастырған жабық бәйгенің екі дүркін жүлдегері.

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.

 

Әдебиет:

Қазақстан жазушылары [Мәтін] : анықтамалық / құраст. Қамшыгер, Саят; Жұмашева, Қайырниса. - Алматы : Ан Арыс, 2009. – Б. 244.