Ибраев Мерғали (1942-1997)
02.04.2013 22:46

ibraevМерғали Ибраев 1942 жылы 13 маусымда Абай ауданы Қарауыл ауылында туған.

Орта мектепті бітірген соң Семейдің педагогикалық институтына түсіп, армия қатарына барып келген соң аудандық газетте бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары қызметін атқарады. Осы тұста қаламы ұшқыр журналист, ойлы да өрнекті жазатын ақын ретінде таныла бастайды.

1970-1978 жылдары "Лениншіл жас" (Жас алаш) газетінің Семей, Шығыс Қазақстан облыстары бойынша меншікті тілшісі болып істейді.

1969 жылы Қазақстан жастарының "Жас керуен" атты жинағына енген бір топ өлеңдерінен бастап "Темір тұлпар", "Күміс тау", "Өнегелі өркен", "Құтты қоныс", "Судағы сәуле" атты өлең жинақтары жеке-жеке кітап болып басылып шықты.

"Мерғали ақын және шын ақын", - деп жазушы Роллан Сейсенбаев айтқандай, Мерғали Ибраевтың шығармалары тақырыбы сан алуан, өлең дастандары терең мазмұнға құрылған, ақындық шеберлікпен өрнектелуімен оқырманын баурап алады.

Ақын 40-қа жуық ән мен күйдің авторы. Ақынның өлеңдеріне жергілікті сазгерлер ән жазған. Ұлттық театр өнерінің дамуына лайықты үлес қосқан драматургтік еңбегі ерекше. Күй атасы Құрманғазы өміріне арналып жазылған тұңғыш драманың авторы. Сол сияқты "Қалқаман-Мамыр, "Құрманғазы", "Шәкәрім", "Қайырлы таң, әке!" сияқты драмалық шығармалары Қарағанды, Семей театрларында қойылып, көрермендердің жоғары бағасын алды.

Табиғатында сегіз қырлы, бір сырлы Мерғалидың өмір жолындағы басты қызметі - журналистік.

Мерғали Ибраев әдебиетке сіңірген еңбегі үшін «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, Журналистер одағының сыйлығымен бағаланған.

Әдебиет:

Ибраев М. Құтты қойнау: (Семей облысы туралы). - Алматы: Жалын, 1986. - 86 б.

Ибраев М. Судағы сәуле: Өлеңдер мен балладалар. - Алматы: Жазушы, 1989. -80 б.

Зәмзебай, К. «Жоғалған өзенді» іздеген жазушының жан азабы не дейді? // Семей таңы. - 2011. - 19 шілде. - С. 5.

Ол туралы:

Еспенбетов А. Мерғали Ибраевтың поэзиялық шығармалары [Мәтін] / А. Еспенбетов // Семей таңы. - 2009. - 16 шілде . - Б. 12.