26.01.2011 00:31
There are no translations available.

 

Қайымға арналған өлең

Құлпырып жастық шақта жайнап тұрған,

Аспанда алтын айға құлаш ұрған.

Қартайып жас кеткен соң талай жүйрік,

Қайтадан келер ме деп арман қылған.

Сағынар, сағынысар күн жеткенде,

Қайым-ау, сен де бізді еске аларсың.

Досыңмен жүрек сырын тербеткенде.

Өрен жүйрік Саяділ , ақын Қайым,

Өткізген біз бұл жерде жаздың айын,

Әр кезде сағынышпен ойласын деп,

Өлең ғып бір- екі ауыз жазған - Сайн.

Жұмағали Саин


Іздемеске бола ма?

(Қайым Мұхамедхановқа)

Сағынамыз жыл өткен сайын біздер,

Толқын жауып, қаншама шайылды іздер....

Бұл күндері Семейге келген адам

Ең алдымен елеңдеп Қайымды іздер.

Іздемеске бола ма бұл ағаны -

«Бар Семейді жеке алған» ғұламаны.

Қайым десе, кең дала дүбір салып,

Құлағыңа келеді бұлақ әні.

Несіпбек Айтов


Дос тойының толғауы

Жасыңнан талмай зерттеп ғылым жайын,

Үңіліп тереңіне барған сайын.

Тынымсыз осы жолда еңбек етіп,

Алпыстың асқарына шықты Қайым.

Кемел жас осы тұрғы ой толысқан,

Адам бақыт табады бұл қоныстан,

Ақылдың арнасынан ғылым тарап,

Көңілдің жайлауына кеп тоғысқан.

Тәңірберген Әмір


Кәкең дейміз

Кәкең дейміз сұраса-ақын кім деп,

Кәкең дейміз сұраса-батыл кім деп.

Елу жыл ғылы-дүкен көркін басып,

Ой- көмірін жағады, - отын үрлеп.

Жазушы , ғалымымыз терең дейміз,

Енді не жазады деп елеңдейміз.

Жетпісте деп кім айтар сері ағаны.

«Қырық» десе күмәнсіз сенердейміз.

Мерғали Ибраев


Қайым мен қайың

( Қ. Мұхамедханұлының 80 жылдығында оқылған өлең)

Кәкеңнің жарқын тойында,

Жүргенін жазам ойымда.

Қайым деп атын қойғанмен,

Ұқсатам оны қайынға.

Қайын да аппақ мәрмәрдай,

Қаймы да міне дәл сондай.

Қалайша өтер қасынан ,

Қараған адам тамсанбай.

Қайың да азап көп көрді,

Қайым азап көп көрді.

Қайыңды – адам отаса,

Қайымды -заман бөктерді.

Мұратбек Оспанов


Қозғалған еш тоқтаусыз -тірі сынап,

Адамға өмір деген ұлы сынақ.

Көп толқын арасынан көрінесің,

Көзіме сонадайдан жылы ұшырап.

Танимын мың толқынның арасынан,

Қол беріп көріскенше мен асығам.

Басқа емес, Мұхамедханов келе жатыр,

Тоқтамай өте берсін данасынған.

Хапықтан сізді қалай алыстатар,

Көшеде бас изесіп орыс -татар:

- Каюм!- деп қошеметтеп жол береді,

Оралған өз ұлындай алыс сапар.

Мерғали Ибраев, ақын


Біздің Кәкең.....

(Қайым Мұхамедхановқа)

Біздің Кәкең -халықтың қаһарманы,

Дей салар біреу емес қатардағы.

Басынан алтын құйсаң артық емес,

Абайшыл жолаушы ол сапардағы.

Терең ой, ерен биік, даңғыл жаны,

Кәкең сынды бола алмас жанның бәрі.

Жол тауып мың- сандардың жүрегіне,

Дарыған тарауықтай тағылымдары.

Жақсылар -ай, жаныңды дауалаған,

Сүрінсе -ақ, Сұрқылтайлар табалаған.

Дарынды емес, қарындылар басқа шығып,

Талайларды көрдік қой абалаған.

Қайырғазы Исалин


Сені мен ұлы ақын деп білем

Мақтайтын ауыз өзіңді жетеді білем,

Жүйріктер қазір алдыңнан өтеді кілең.

Марапат сөздер жасыңнан жақпаған саған,

Көгіне бүгін көтеріп кетеді білем.

Сексенге келген Семейдің Қайымы едің,

Өнерді сүйген еліңнің пайымы едің.

Жағада қалған жұртыңның жиған -тергенін,

Ертістен бері өткізген қайығы едің.

Құсмілия Нұрқасым


Қайым Мұхамедхановқа

Арнау

Басыңнан не кешпедің Қайым атам

Карлагқа кісендетіп айдатылған.

Еш адам арашаға түсе алмай,

Шошынған халқың қорған бола алмаған.

Адамның қайратына қалма қайран,

Түрмеден сынбай сағың келдің аман.

Қайсарлы мінезіңнің арқасында,

Өзіңдей қайта өрлеген барма адам.

Көргенің жанған міне болды шырақ,

Айналаң жайнап тұрған ол бір жұмбақ.

Алдыңнан дәріс алып ұрпақтарың,

Басқаның көгалды шөп, жасыл құрақ.

Қайыртай Әмірғазин