26.01.2011 00:28
There are no translations available.

 

Қайым Мұхамедханов туралы сөз

Мол әдеби қазынаның иесі

......Семейде Абай мен Мұхтардың мұхиттай мұраларын, Көкпай мен Уәйістің, Ақылбай мен Мағауияның, Сұлтанмахмұт пен Сәбит Дөнентаевтың, Әміре мен Қасым Аманжоловтың творчестволарын зерттеуде көп жылдардан бері жемісті еңбек етіп келе жатқан бір топ ғалым бар. Бұл топтың басында Мұхаңның шәкірті, Абай мен оның ақындық мектебінің білгірі, мол әдеби қазынаның иесі, жазушы және ғалым Қайым Мұхамдеханов тұр....

Екейбай Қашағанов,

майдангер, Қазақ КСР Мемлекеттік

сыйлығының иегері

...Бүкіл ғұмырын Абай әлемі мен Абай айналасына бағыштаған алтын көпір, асыл ағамыз, алыптар шоғырының көзі тірі куәсі, кемеңгері де. Сол себептен де ақын ініміз Несіпбек Айтовтың тілімен айтсақ, әрі тарих, әрі музей, әрі шежіре қордалы ойдың ордасы.

А. Дүйсенбекұлы

«Семей таңы» газеті 6 ақпан 1996ж.

...Абай зерттеуші, археограф, ақын, драматург, аудармашы және татар әдебиетінің үлкен досы. Сізді туғаныңызға 70, творчестволық және ғылыми педагогикалық қызметіңізге 50 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын. Сізге ұзақ творчестволық өмір, тұрмыста қуаныш, өшпес оптимизм, үш мыңыншы жылдың басында екеуіміздің тағы да кездесуімізді тілеймін.

Абрар Каримулин

Татарстан

.... Сіздің өміріңіз, денсаулығыңыз якуттың алмазындай тозбайтын берік болсын!

Якутия АССР Жазушылар одағы

басқармасы

...Сен Қайымға аға бол, жақсы дос бол, бұл да сенің жарамды серігің болады деген Мұхаң (М. Әуезов) екеуімізді бірінші таныстырғанда. Қандай жас едік сонда біз, қанша жыл өтті содан бері! Біз қартайғанша сөз майданында тынымсыз бірге еңбектеніп, көркемсөз ғылымы жүгін де қатар көтерісіп келеміз.

Мұхаңды қандай түсінсек, өз арада сондай айқын түсіністік.

Міне, енді қайратты Қайымды 70-ке жеткізіп отырмыз. Көп жанрда және жемісті еңбектенген дос қазір атақты әдебиетшілердің біріне айналды.

Мен Мұхамедханов Қайыммен достығымды мақтан тұтамын.

Әбділдә Тәжібаев

«Абайтану» атты шолу мақалада ақын творчествосының зерттелу тарихы жайлы айтылады. Жекелеген альфавиттік мақалада Абай туындыларының қайнар көзі, текстология, басылу тарихы сөз болады. Осы тұста айта кететін бір жай : Мұхтар Әуезов бастаған абайтану ғылымын дамытып, жылдар бойы сүбелі үлес қосып келе жатқан семейлік ғалым Қайым Мұхамедханов Қазақ совет энциклопедиясы бас редакциясына қызметке алынды. Ол «Абай» энциклопедиясын шығарушылар арасындағы ең белді де беделді қайраткеріміз болмақ.

Рымғали Нұрғалиев

...Қайым Мұхамдехановтың ұстаздық қызметінің жөні бөлек. Біз Қайым ағаға студент шағымызда да, кейін де еліктейтінбіз. Қайым ағаша сөйлеуге тырысатынбыз, лекция оқығанда да ұстазға ұқсасам деген ұмтылыс бойды билейтін. Біреуге қалжындасақ та Кәкең есте тұратын, ең аяғы шылым шеккенде де ағаның машығын қайталағың келетін. Ойлап отырсам, мұның барлығы әншейін еліктеу емес. Ұстаздың бойындағы қарапайымдылық, инабаттылық, мәдениеттілік, ең бастысы, зор білімдарлығымен шәкірт жүрегін баурап алғандығының шынайы көрінісі іспетті.

Арап Еспенбетов

Филология ғылымдарының

докторы, профессор

...Бүкіл Абайды зерттеу, Абай төңірегіндегі ақындарды зерттеу, Мұхтар Әуезов айналасын зерттеуге келгенде Қайым Мұхамедхановтың алдына түсетін ешкім жоқ.

Қабдеш Жұмаділов

халық жазушысы