Жомартбаев Тайыр (1884-1937)
10.03.2013 12:53

zhomartbaevЖазушы, драматург, педагог.

1884 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданының Мұқыр ауылында дүниеге келген.

Көкбайдың медресесінде білім алып, 1911 жылы Уфадағы «Ғалия» медресесін бітірген. 1911-1915 жылдары Семей қаласы маңындағы Жақия қажы мектебінде сабақ береді. 1915-1928 жылдары Зайсан қаласында, Маңырақ болысында мұғалім болып қызмет істейді. 1928-1930 жылдары Семейдегі №14 мектептің директоры, 1930-1937 жылдары Семей педагогтік техникумында оқытушы болған.

Семейдегі «Жәрдем» баспаханасынан жастарды адамгершілікке, ізгілікке, оқу-білімге үндейтін «Балаларға жеміс» атты өлеңдер жинағы, 1912 жылы төңкеріске дейінгі қазақ қыздарының әлеуметтік жағдайын көтерген «Қыз көрелік» романы басылып шықты. Журналистикамен де айналысып, «Айқап», «Жаңа мектеп» журналдары мен «Қазақ», «Алаш» газеттеріне мақала, фельетондар жазды.

Жомартбаевтың «Сары сүйек кұда», «Осы ма, қазақ, өмірің?» атты пьесалары Зайсан, Семей театрларында қойылған.

1937 жылы саяси жаламен тұтқындалып, Семейде үштіктің шешімімен ату жазасына кесілген. 1956 жылы ақталды.


Әдебиет:

Шығыс жұлдыздары [Мәтін] : энциклопедиялық анықтамалық. Т. 1 : Сөз зергерлері. Мәдениет майталмандары. – Астана : Фолиант, 2011. – Б.75-76.