Жиреншин Әбусағит (Әбіш) (1913-75)
10.03.2013 12:48

Журналист, аудармашы, жазушы, абайтанушы ғалым.

Әбіш Жиреншин 1913 жылы Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында туған.

Әкесі Мұсылманқұл (Бөкек) (1879-1953) арабша оқыған, көкірек көзі ашық, әділ адамның бірі болған.

Әбіш бала кезінде молдадан арабша дәріс алады. Кейіннен баланың зеректігін байқаған ағасы Құлсүлеймен Семей қаласындағы орыс мектебіне береді. 1924 жылы 11 жастағы Әбіш орыс мектебіне түсіп, оны үздік бітіріп шығады. 1928 жылы Семей ауылшаруашылығы техникумына оқуға түседі.

Қазақстанда басталып келе жатқан 1931-1932 жылғы аштық зобалаңының зардабын байқаған Әбіш өзінің әке-шеше, бауыр-қарындастарын алып Орта Азияға өтеді. Ауыр жол азабын көріп, 1933 жылдың басында Ташкентке жетеді. 1933 жылы Орта Азия геодезия тресінің орынбасары болады. Сол жылы Орта Азия университетіне түсіп, оны 1935 жылы бітіреді.

1936-1938 жылы Ташкентте ғылыми-педагогикалық жұмыста істейді.

1938-1942 жылы Қазақстан халық комиссарлар советі Ә.Жиреншинді өз елі Қазақстанға қызметке шақырады. Бұл жылдары Республика ғылыми зерттеу қоғамының Ғылыми жұмысы жөніндегі орынбасары қызметін атқарады.

1942-1951 жылы Қазақстан Орталық музейінде директор, сонымен қатар Қазақ ССР Ғылым академиясының өлкетану комиссиясының меңгерушісі, Қазақ Мемлекеттік Университетінің доценті қызметтерін атқарды.

1951-1954 жылдар арасында белгілі қазақ интеллигенциясы, көрнекті ғалым жазушыларының тобын қудалауға байланысты Ә.Жиреншин де қуғындалады.

1954 жылы ғана рұқсат болып Алматыға оралады. Осы жылы Алматыдағы Көпшілік кітапханаға директор болып тағайындалады.

1959-1961 жылы Қазақстан баспа істерінің бас басқармасының 1-орынбасары, 1961-1962 жылдары кітап сауда бірлестігінің бастығы, 1962 жылдан бастап өмірінің соңына дейін педагогикалық жұмыспен Қазақтың Мемлекеттік Қыздар педагогикалық институтында сабақ береді.

Жазушы 1961 жылы «Абай шығармаларының бір томдық толық жинағын» баспаға дайындап, шығарушы.

Ә.Жиреншин - «Абай және оның орыс достары» (1949), «Абай - қазақ халқының ұлы ойшылы» (1950), «Абай және орыстың ұлы демократтары» (1959), «Қазақ кітаптарының тарихынан» (1971) атты монографияның авторы. Кітаптану ғылымының маманы. Барлығы 150 ғылыми, әдеби еңбегі жарияланды, оның ішінде 8 монография бар.

Орта Азия мен Қазакстанның көне дәуірінен бергі жазба әдебиеттерінің 1917 жылға дейінгі екі томдық тарихын жазған. 1968 жылы Ташкенттегі Азия мен Африка елдері кинофестивалінде үшінші орын алған.

Ә.Жиреншин әдебиетші, ғалым ғана емес, мәдениетті қолдаушы, оның нағыз жанашыры бола білген азамат.

Қазақтың ұлттық өнерін дамытуда ұлттық бұйымдар мен заттарды жасаушы шеберлер мен өнер адамдарын топтастырушы, олардың есімдерін әйгілеуші де болды.

Әбіш Жиреншиннің артына қалдырған мұрасы мол. Ол энциклопедиялық білімді, әрі әдебиеттанушы, сыншы, этнограф, аудармашы, педагог, ақын.


Әдебиет:

Естен кетпес күндер еді [Мәтін] / Ә. Имаханов // Абай. - 2010. - №4. – Б. 125 - 127.

Тоққараұлы Д. Әбіш (Әбусағит) Мұсылманқұлұлы Жиреншин // Жанболатұлы, Молдабек.

Тобықты-Шыңғыстау шежіресі [Мәтін] : Т. 2 / Молдабек Жанболатұлы. - Алматы, 2004. – Б. 219-220.